Басты ақпаратЕл тынысы

Елді қорғау – нағыз ерлер ісі



Отанды қорғау – Отан алдындағы ең қасиетті парыз. Қарулы күштер қатарында әскери міндетін орындау – әрбір жастың азаматтық борышы. Кеше елордадан Қазақстан Қарулы күштерінде қызмет атқаруға жас сарбаздар аттанды. «Елді қорғау – нағыз ерлер ісі» деп аталған әскери-патриоттық акцияға 1500-ге жуық жасөспірім мен жастар қатысты.

«Астана» концерт залында өткен әскери-патриоттық іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер, «Жас сарбаз» жасөспірімдер мен балалар әскери-­патриоттық клубтарының тәрбиелену­шілері қатысты. Сонымен қатар әскерге аттанып бара жатқан жас сарбаздардың ата-аналары болды.

Іс-шара алдында Қорғаныс ми­нистрінің орынбасары Сұлтан Камалитдинов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен, Қарулы күштердің ардагері, генерал-майор Марат ­Нағұманов сөз сөйлеп, жасөспірімдер мен әскерге аттанып бара жатқан жастарға сәт сапар тіледі.

«Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу – бұл өте үлкен мәртебе. Бүгінгі таңда елордада жасөспірімдер арасында әскери-­патриоттық тәрбие жүргізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Қорғаныс істері департаментімен бірлесіп әскерге шақыру науқаны және басқа да салалық бағыттағы іс-шаралар жүргізіледі. Биыл елордадан Қарулы күштер қатарына 100-ден аса жас жауынгер аттанды. Жақында әскери жиын өткізетін жан-жақты жабдықталған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Сонымен қатар ұрыс-қимылға қатысқан ардагерлер ұйымдары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары қоғамдық негізде іс-шаралар ұйымдастырады. Қала мектептерінде алғашқы әскери дайындық курсы оқытылады. Бүгінгідей іс-шараны дәстүрге айналдырамыз. Өйткені Отанды қорғау қасиетті борыш екенін әрбір жасөспірім біліп өсуі керек» деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен.

Кең сарайдың сахна төрінде серт беру рәсімі өтті. Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет атқарып жүрген бір топ жауынгер әскерге баратын жастарға еліміздің тыныштығын, Отанымыздың тәуелсіздігін кірпік қақпай қорғауды аманат етсе, әскер қатарына енді қосылатын жастар Отан қорғауға әзір екеніне әрі адал қызмет етуге серт берді.

«Әскер қатарында болғанда соғыс жағдайын басымыздан өткерген жауынгерлер ретінде жастардың әскерге аттану салтанатына қуана келдік. Өйт­кені еліміздің қорғаны болу – бүгінгі жастардың қолында. Біздің ұйым қалада өтіп тұратын әскери-патриоттық іс-шараларға жиі қатысады. Мектептерде, колледждерде оқушылармен кездесу өткізіп, басқа да патриоттық іс-шаралар ұйымдастырып, жасөспірімдерге ақыл-кеңесімізді айтып, Отанды қорғаудың ең қастерлі парыз екенін ұғындырамыз. Отанды қорғау нағыз ерлердің ісі екенін әрбір қазақстандық жас білуі керек. Бүгін Қазақстан Қарулы күштеріне аттанып бара жатқан жастарға оң сапар тілейміз» деді акцияға қатысқан Астана қаласы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Тулекпаев.

Әскери-патриоттық акцияның мән-мазмұны туралы ҚР Қарулы күштері Бас штабы ұйымдастыру және жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов айтып берді.

– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты Қазақстан Қарулы күштерінің маңызына мән беру болып отыр. Әрбір қазақстандық Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үлкен мәртебе екенін білсе екен дейміз. Биылғы әскерге шақыру науқаны 1 наурыздан басталды. Астанадан бірінші топта шекара қызметіне жастар жіберілген еді. Енді бүгін шығарып салып жатқан жігіттер әуе-дасантшылар әскеріне қосылады. Астана қаласының әкімдігімен, жергілікті Қорғаныс істері департаментімен бірлесіп осындай іс-шара өткізуді ұйғардық. Осындай мағыналы да маңызды акцияны ұйым­дастыруға қолдау білдірген елорда әкімдігіне алғыс білдіреміз. Біле білсек, Отанды қорғау – нағыз ерлердің ісі, сондықтан оларды әскерге салтанатпен шығарып салғанымыз өте орынды деп ойлаймын, – деді полковник Б.Артықов.

– Астана халықаралық университе­тінің 2-курсында оқимын. Мен әскерге өз тілеуіммен бара жатырмын. Болашақта офицер болуды мақсат етіп отырмын. Азаматтық борышымды өтегеннен кейін әскери жоғары оқу орнына түскім келеді. Қазір мемлекет әскери оқуға жеңілдік беріп отыр, – дейді әскер қатарына алынған Тамирлан Қамзин.

Әскери-патриоттық акция аясында Қарулы күштердің әскери техника көрсетілімі және патриоттық әндер концерті ұйымдастырылды.


Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button