Басты ақпаратҚұқық

Балағат сөз – басыңа пәле

Астана қаласының тұрғыны Ділдәбек Қажиев ауласындағы жер теліміне келісе алмай көршісімен айқайласып қалған. Екі адамның арасындағы әңгіме ушығып, бір-біріне қатты сөздер айтып, қатты ашуға мінген Ділдәбек көршісін боқтап жіберіпті. Бұрын мұндай артық-ауыс сөздердің ешқайсына онша мән бермейтін көршісі бұл жолы «менің ар-намысыма тиді, жұрттың көзінше мені балағаттады» деп полицияға шағым түсіріпті.

Расы керек, көпе-көрнеу біреу­дің ар-намысына тию, немесе оның қадір-қасиетін қорлағаны үшін жауапкершілік еліміздің заңнамасында бұрыннан бар еді. Мұндайда 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл немесе 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс­тармен түзеу қарастырылатын. Дегенмен, кейінгі кезде, дәлірек айтсақ, 2023 жылдың қаңтарынан бастап заңнамаға қоғамдық орындарда айналаңызды сыйламай, әдепсіз сөздер айтқаныңыз үшін айыппұл көлемін ұлғайту жөнінде өзгерістер енгізілді.

Енді ашуланғанда екі сөзінің бірін «тұздықтап» аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығатындар» абайлап сөйлеуіне тура келеді. Қоғамдық орындарда (кеңседе, қоғамдық көлікте, тағы сондай жерлерде) біреуге дауыстап айтқан балағатың дәлелденетін болса, 20 АЕК, яғни 69 мың теңге айыппұл төлеп немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін қамауға алынуыңыз мүмкін.

– Бұл, әрине, амалсыздан жасалып отырған шара. Өйткені кей адамдар әдептен көпе-көрнеу аттап өтіп, бала-шағаның көзінше еш қысылмастан қоғамдық орындарда, көшеде, саябақтарда аузына келген бейпіл сөздерді қарша борататын жағдайға жетті. Шет елде мұндай келеңсіздікті бұрыннан айыптап, қатаң жазалайды. Мәселен, Швецияда біреуге екінші біреудің көзінше шешесінен немесе әкесінен боқтап, тіл тигізген адам, қомақты айыппұл төлеп қана қоймайды, екі жылға дейін шартты мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал Германияда әйел адамға жұрттың көзінше «сиыр» десеңіз, бірден 600 еуроға жазаланасыз. Ал енді «жексұрын» деп әйел адамды қорлаған адамға бірден 1800-2000 еуро айыппұл салынады, – дейді қоғам белсендісі Жұмағазы Кенжебек.

Астана қаласының тұрғыны Айнұр Есенбек көшедегі жолаушылар жүретін арнайы белгіленген жерден өтіп бара жатқан, алдынан бер жеңіл көлік жылдамдығын азайтпастан, зыр етіп өте шықты. Ереже бойынша жүргізуші жаяу жүргіншіге тоқтап, жол беруге тиіс болатын. Олай істемеді. Оның үстіне алдына баса-көктеп өте шығып, өміріне қауіп төндірді. Айнұр ереже бұзған жүргізушінің көлігін ұялы телефонына түсіріп алды. Кейін әкімшілік полициясына шағым түсіріп, жүргізушіні тауып алды. Жас жігіт қателігін мойындап кешірім сұраудың орнына, «сен мені әдейі түсірдің» деп балағат сөздер айтқан. Сөйтіп, жүргізуші жол ережесін өрескел бұзып, бір жазаланса, жазықсыз қыз баланы боқтап, екінші рет жазаланды.

«Былапыт сөйлеу ұсақ бұзақылыққа жатады. Жеке басқа қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларға сыйламаушылық білдіретін, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер енді міндетті түрде жазаланатын болады» дейді жақында ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз брифингте. Әр келіп түскен шағым арыз бойынша полиция қызметкері куәлардан мәліметтер жинап, құқық бұзушылық туралы бейнежазба, аудиофиксация болса оны іске тіркеп, қажетті жағдайда сарапшылардың да ұйғарымын шығартады. Кінәлі адамның іс-әрекетіне құқықтық бағаны сот береді.

Қандай сөздерді әдепсіз, былапыт сөздерге жатқызуға болады? Мамандардың айтуынша, Қазақстанда мұндай сөздердің нақты бір белгіленген анықтамасы жоқ. Қай тілде айтылса да, боқтық, намысқа тиетін дөрекі сөздер адамның жанын жаралары сөзсіз. Дегенмен, көршілес Ресейде «Роскомнадзор» адамның ар-намысына тиетін былапыт сөздердің қатарына «х», «п», «е», «б»-дан басталатын сөздерді және соларды «тұздықтап» айтатындарды өткен жылдан бері жазалап келеді.

– Бұл жерде бір түсініксіз жай бар, – дейді Астана қаласының тұрғыны Елемес Жайлаубай.

– Мен аула сыпырамын. Көшеде де, көпқабатты үйлердің кіреберістерінде де неше түрлі сұмдықтарды көремін. Ұят та болса айтайын, таңертең келгенде ауланың ішінде, терезелердің алдында толған темекінің тұқылымен қоса шприцтер мен мүшеқаптар толып жатады. Бірде мен сыпыратын үйдің кіреберісін біреулер туалет жасап кетіпті. Өзімнен-өзім жүйкем қозды, ашуым келді. Қызбақандылыққа беріліп, «доңыздар, хайуандар» деп бәзбіреулерді сыртынан айқайлап боқтап жіберіппін. Енді осыны біреу диктофонға жазып алса, маған айыппұл сала ма? Міне, осындай жайлардың аражігін ашып алса дұрыс болар еді, – дейді ол.

Айта кетейік, 2019 жылы қызық үшін «Қазақстанда қай қала тұрғындары боқауызға үйір?» деген тақырыпта зерттеу жүргізіліпті. Сөйтсе, боқтық сөзді ең көп айтатын нені болса да «шешш..» деп бастайтын шымкенттіктер емес, ақтаулықтар болды. Екінші – Павлодар, үшінші Атырау тұрғындары екен. Ал Түркістан – 4, Теміртау – 5, Қос­танай – 6, Шымкент 7-орынға табан тірепті. Астана – 14-орында болса, ең мәдениетті Орал қаласының тұрғындары болып шықты.

Бұл, әрине, әзіл-шыны аралас жекелеген адамдардың әлеуметтік желідегі сараптамалары болғанмен, кім-кімге де алдағы уақытта, әсіресе, қоғамдық орындарда ашуын сабырға басып, өзін-өзі ұстай білуге үндейтін тұспалдар болса керек. Ал шындығында, қамшының сабындай мына қысқа ғұмырда адамдар бірі-бірін ренжітпей, тек жақсылық жасап, қуаныш сыйлап жүргенге не жетеді. Сонда ауыздан тек алғыстан басқа сөз шықпас еді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button