Басты ақпаратҚоғам

Электронды сөздікке сұраныс көп



Қазақ тіліндегі тәржіманы сапалы, тартымды, мазмұнды ететін аударма сайттар бүгінде санаулы. Ал алматылық бағдарламашы Евгений Чуриков осыдан 23 жыл бұрын әзірлеген Sozdik.kz жобасы – көпшілік арасында жиі қолданылатын бірден-бір сайт. Себебі қазақ тілінің электронды сөздігіне күніне 50 мыңнан аса адам жүгінеді екен.

Онлайн тегін аударма десе, басқа тілден сөзбе-сөз аудармаға (калька), грамматикалық, стилистикалық қателерге жол беретін сайттарды елестетеміз. Десе де, олардың қатарында да жөні түзу сайттар барын ескерген жөн. Жаңсақ аударма сайттардан көш ілгері Sozdik.kz сайты қазіргі таңда өзінің аудиториясы қалыптасқан, отандастарымыздың жиі пайдаланатын сөздігіне айналып үлгерді.

Электронды сөздік авторы Евгений Чуриковтің айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты – қазақстандықтардың қазақ тіліне қолжетімділігін арттыру.

«Өткен ғасырдың аяғында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі тағдыры алаңдаулы күйде болғаны бәрімізге аян. Сол бір шақта мемлекеттік тілдің кең етек жайып, қолданылуы үшін әр салада түрлі жобалар қолға алына бастады. Ал мен қазақ тілді сайттарды дамыту мәселесіне бет бұрдым. Себебі 2000 жылдардың басында ғаламторда қайбір сайтты қазақ тілінде оқып, ақпарат алуда қиындықтар болды. Әрине, бұл мәселеге мен бағдарламашы ретінде қызықтым. Сөйтіп бір сайттың қазақ тілді бетін сәтті жасап, құрадым. Осы технология өзгелерге пайдалы болсын, әрі тәжірибе жүзінде қолдануға ыңғайлы болсын деп, бұл ойымды жүзеге асыруға ұмтылдым. Нәтижесінде ғаламторда қазақ-орыс және орыс-қазақ сөздігін құру туралы идея келді. 1999 жылы қазақ тілінің электронды сөздігін жасауға кірістім. Онлайн сөздіктің сайты 2001 жылдың күзінде өз жұмысын бастады. Ал 2002 жылдың жазында сайтқа sozdik.kz атауы берілді» деді ол.

Сайттың SEO-оптимизациялық контенті жаңарып, жақсарып отыр­ғандықтан болар, сөздік ғаламтор желісіндегі ең оңтайлы аударма құралдарының біріне айналды. Бүгінде сөздік қоржынында 400 мың сөз бен сөз тіркесі бар. Мұндай ауқымды жобаның ілгерілеуіне автордан бөлек, қазақ тілінің этимологиясын жақсы білетін анонимді мамандар үлес қосты. Ал қазіргі уақытта сайт жұмысымен тек автордың өзі ғана айналысады.

Евгений Чуриков тек сайтты құрумен ғана шектелген жоқ. Электронды сөздікті телефонға жүктеп алып, Android-қа қолдануға ыңғайлы болатын мобильді қосымша ретінде де жарық көрді. Осылайша ол миллиондаған қазақстандық қолданатын сөздіктің қорын күнделікті толықтырып, сол арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесінің өсуіне үлкен үлес қосуда.

Онлайн сөздіктің мақсатты аудиториясы, негізінен, үш топқа бөлініп отыр. Біріншісі – оқушылар мен студенттер тобы. Олар онлайн сөздікті тіл үйрену мақсатында, үй тапсырмасын орындау барысында немесе қазақ тіліндегі әдебиеттерді оқу кезінде пайдаланады. Екінші топқа ересек адамдар жатады. Олар өз жұмысындағы тапсырмаларды аудару үшін, болмаса қазақ тілін үйрену үшін сайт не қосымшаны пайдаланады. Бұл топтың қатарында кеңсе қызметкерлері де бар. Ал үшінші топ – кәсіби аудармашылар. Олар онлайн сөздік арқылы белгілі бір сөздің мағынасын нақтылап, қолдану мысалдарын да көре алады.

Аталмыш сайт әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалды. Бағдарламашының айтуынша, Sozdik.kz әйгілі ресейлік ABBYY компаниясының электронды сөздігі – ABBYY Lingvo сайтына ұқсас келеді. Десе де, оны өзгелерден ерекшелейтін жақтары бар.

– Қазіргі уақытта 20-22 мың пайдаланушы жұмыс күндері тәулігіне 100000-нан астам аударма жасайды. Ай сайынғы аударма саны 3 миллионнан асып түседі. Сайт пайдаланушының сұраған сөзін тікелей аударып бере салмайды. Синонимдер, диалект сөздер, сөздің ауыспалы мағынада қолданылуы, сол сөзбен байланысты мақал-мәтелдер мысалдармен көрсетіледі. Тұрақты тіркестер мағынасына қарай авторлардың кітаптарына сүйеніп, аударылады. Сондай-ақ 16000-нан аса сөз қазақ тілінде дыбысталуымен қоса беріледі. Тіл үйренушілер белгілі бір сөзді аударып қана қоймай, оны тыңдай да алады, – деп пікір білдірді бағдарламашы.

Айта кетерлігі, сайттың аудиториясы кең болуы қандай да бір жарнамалық инвестициясыз жүзеге асты. Соңғы 10 жылда жоба өзін-өзі сайттағы жарнамалар арқылы қаржыландырып келеді. Сайт пайдаланушылары да жобаны одан әрі дамытуға қаржылай үлес қосады. Алайда автордың айтуынша, жобаның өміршең болуына жалғыз жарнамадан түскен қаржы аздық етеді. Сонымен қатар ол пайдаланушылар арасында сайттың жұмыс механизмін түсінбей, артынан теріс пікір айтатындар барын айтты.

– Жобаға қатысты айтылған сын орынды болса, әрине, құпталады. Бірақ көп жағдайда сайт жұмысын толық түсінбеген адамдардан теріс пікірлер келеді. Мәселен, олар сөзді емес, тұтас сөйлемді жазып, аудармасын іздеуі мүмкін. Тіпті орфографиясындағы қателіктермен қоса бір сөзді жазып жібереді. Айтпағым, Sozdik.kz – тек қысқа мәтінді аударуға арналған жоба, – деп сөзін қорытындылады маман.

Аударма саласына қатысты олқылықтар бары белгілі. Аталмыш жобаның өзінде де калька аударма кездесетінін айта кету керек. Евгенийдің өзі де, онлайн сөздікті көмекші құрал ретінде пайдаланып, әр аударманы жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, ой елегінен өткізіп қана қолдануды ұсынды. Сөздікте табылған қате аударманы пайдаланушы арнайы батырманы басу арқылы көрсетіп, дұрыс нұсқасын жазса, ол міндетті түрде жөнделеді.

Мемлекеттік тілді цифрландыруға және алға жылжытуға үлес қосу туған жерге деген ыстық ықылас, патриотизмнен бөлек, білім мен біліктілікті қажет етеді. Бұл сөзімізге өз еркімен һәм өз қаржысына жасаған Евгений Чуриковтің елеулі еңбегі дәлел. Оның қазақ тілін үйренушілерге қолайлы бағдарлама жасауы – ең біріншіден, мемлекеттік тілге я ұлтқа көрсеткен құрмет.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button