ЖаңалықтарҚала мен Сала

ЭЛЕКТРОНДЫ ТӨЛЕМ: ТӨРТІНШІ КЕЗЕҢ



Бүгіннен бастап елордадан қала маңына жүретін автобустарға жолақы төлеудің электрондық жүйесі енгізілді. Ол туралы Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Жолау­шылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов баяндады.

– Астаналық көлік жүйе­сін жаңарту мақсатында қала маңындағы автобус­тарға жолақы төлеудің электрондық жүйесін енгізудің төртінші кезеңін іске асырып отырмыз. Оның біраз артықшылықтары бар. Адамдар «Astra» көлік картасын қолданады. Картаның құны – 400 теңге. 10 сапарды жүктесеңіз, 11-ші сапары – тегін. Жолаушылар қалаға келгеннен кейін картаны валидациядан өткізсе, электрондық төлем жүйесі жұмыс істейді. Бір сағат ішінде қоғамдық немесе экспресс автобусқа тегін мінеді. Сондай-ақ, көлік картасынан басқа, жолақыны қолма-қол төлеуге болады. Бұрынғы 9 500 теңге тұратын ай сайынғы жол билеті сақталады, – деді жолаушылар көлігі басқармасының басшысы.

Айталық, жаңа жүйенің өз ерекшелігі бар. Қала ма­ңына қатынайтын автобус­тарға жолаушыларға билетті сатып алу алдыңғы есік арқылы жүзеге асады. Көлікке мінгенде көлік картаңыз­ды валидаторға жақындатасыз. Сапар құны «ASTRA» көлік картасынан тарифтік аймағына сәйкес болады.

Жалпы, жолақы төлеудің электрондық жүйесінің алғашқы кезеңі өткен жылы осындай кезде басталды. Соның аясында қала маңындағы тасымалдың құны орташа алғанда 50 теңгеге, кейбір жағдайда 100 теңгеге (Аршалы-Астана) және 120 теңгеге дейін (Бабатай-Астана) қысқартуға мүмкіндік берген көлік аймақтары енгізілді. Бүгінде нәтижесі жақсы.

Сонымен бірге жиында кейбір қоғамдық көліктердің жүру сызбасы өзгергені айтылды. 22 шілдеден бастап «Алай – Astra» көлік бекеті мен «Нұрлы жол» теміржол вокзалы арасында түнде №201 экспресс автобусы қатынайды. Сондай-ақ, «Көктал-2»-ге жүретін №501, «Сарыарқа» даңғылында орналасқан «Хабар» агенттігі жанындағы аялдамаға тоқтайтын №502, «Комфорт Таун» ТҮ»-ге қызмет көрсетуге арналған №503 және «Shuttle-Bus» бағдарларының жүру схемасы өзгерді. 24 шілдеден бастап №№8, 10, 15, 24, 37, 303, 304 бағдарларындағы автобустардың саны өсті. 31 шілдеден №№5, 12, 17, 21, 40, 46, 50, 51, 500, 504, 506 автобустарының кестесі күшейтіледі. Мұның барлығы жолаушыларға тиімді болу үшін жасалған. Бүгіннен бастап А.Байтұрсынов көшесі мен «Промышленный» кентіне қатынайтын №50 автобустың бағдары «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан «Промышленный» кентіне дейін ұзарды.

Азамат Есенжол




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button