Жаңалықтар

ЭЛЕКТРҚОНДЫРҒЫ ӨНДІРІЛЕДІ



Адамзат баласының электр қуатын тұтына бастағанына бірнеше ғасырдың жүзі өтті. Қазірде өндірісте, тұрмыста қолданылатын техниканың бәрі де электр тогынан қуат алады. Демек электр энергиясының біздің өміріміздегі маңызы артпаса, кеми қойған жоқ. Әйтсе де күн сайын тұтанатын шамдағы жарықты жоғары вольтты кернеуден алып, әр көшеге, әр пәтерге қалауынша жеткізетін трансформатор стансаларының Нұр-Сұлтан қаласында құрастырылатынынан хабарыңыз бар ма? Елорданың еркін экономикалық аймағында орналасқан «Спецэлектра» компаниясында 2007 жылдан бері бетон корпусты трансформатор стансасы құрастырылып келеді.

Бүгінде бұл компания Нұр-Сұлтан қаласын былай қойғанда Қазақстанның кейбір өңірлерін электрмен жабдықтау жүйелерін құру және жаңғырту саласындағы жетекші кәсіпорынға айналып үлгерді. Дәл осы компанияда құрастырылатын бетон корпус­ты трансформатор стансасы елімізде басқа ешқандай кәсіпорында өндірілмейді. Сондықтан «Спецэлектраның» өнімдеріне электр жабдықтар нарығында сұраныс жоғары.

– Бетон корпусты қосалқы трансформатор стансалары тұтынушылардың сұранысына сай жинақталады. Мәселен ірі тұрғын үй кешенінен осындай қондырғыға тапсырыс түссе, онда біз әуелі электр энергиясын тұтынудың көлемін зерделейміз. Қалалық электр желісі бекіткен техникалық негіздемені де басшылыққа аламыз. Мұндай стансаларға компания 2 жыл кепілдік береді. Бетон қабырғалы трансформатор стансалары еліміздегі ірі өндіріс ошақтарында да көптеп қолданылады. Мәселен Қарағанды, Теміртау қалаларындағы «Қазақмыс», «АрселорМиттал» сияқты ірі өндіріс ошақтарында «Спецэлектрада» құрастырылған қондырғыларды кезіктіре аласыз. Орташа есеппен техникалық ерекшелігіне байланысты бір бетон корпусты трансформатор стансасының құны 40-45 миллион теңгеге бағаланады. Ал оны толық құрастыруға шамамен 1,5 ай уақыт кетеді.
Кәсіпорында орта және төмен қуаты электр энергиясын бөліп тарату қондырғылары, электржәшіктер де өндіріледі. Электр жабдықтарды жинақтау­да пайдаланылатын қосалқы бөлшектің 90 пайызы – отандық өнім. Ал өндірістік процестер негізінен Германиядан әкелінген арнайы аппараттарда жүргізіледі. Бұл қондырғыны алуда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының көмегімен «Даму өндіріс» бағдарламасының көмегіне жүгіндік. Аталған бағдарлама арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен 772 миллион несие алдық, – дейді компанияның жоба жетекшісі Жақсыгелді Шарипов.

Бүгінде кәсіпорында 60 адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы 160-180 мың теңге тең. Карантиннен кейін компания маман тапшылығын сезінуде. Бұл орайда кәсіпорын басшылығы қаладағы арнаулы орта және жоғары білім беру орындарымен әріптестік байланысты жолға қойғанын айтады. Дуальды оқыту жүйесі негізінде кәсіпорын өндіріске қажетті мамандардың теориялық білімін практикада шыңдауға мүмкіндік беріп отыр.

– Бізде бетонды корпус­ты қосалқы трансформатор стансаларымен бірге қуаты 25 киловаттан басталып, 6300 киловатқа дейін жететін күштік трансформаторлар құрастырылады. Ал қуаты 20 киловаттық қондырғы көбіне тұрғын үйлерге орнатылады. «Спецэлектрада» құрастырылған төмен қуатты трансформаторлар EXPO-2017 кешеніндегі ғимараттарды электр тогымен қамтамасыз етуге қолданылуда. Сондай-ақ бұл қондырғыларды көпфункциялы мұз сарайы мен бірқатар колледждердің ғимараттары да пайдаланып жатыр, – дейді Жақсыгелді Шарипов.

«Спецэлектро» компания­сының мамандары отандық үлгідегі электр қондырғыларды құрастырумен бірге тұтынушылардың сұранысына сай оларды орнатып, монтаждау қызметінде атқара береді.

Компания басшылығы электр қондырыларды өндіру ісінде баянды бастамаларын кезеңі-кезеңімен жүзеге асырып, нарықты Қазақстанда жасалған қосалқы трансформатор стансалары, электр тогын реттеуші шкафпен қамтамасыз етуге мүдделі. Алдағы уақытта «Спецэлектро»-ның өнімдері алыс-жақын шетелдерге экспортталып қалуы да ғажап емес.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button