Жаңалықтар

ЕЛОРДА – СПОРТ КЛАСТЕРІ



Елорда тұрғындары мен қонақтарына спорттық нысандарды қолжетімді ету – қала әкімдігінің басты назарындағы мәселе. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен бұқаралық спортты дамыту мәселесі бойынша өткен кеңесте айтылды. Аталған жиынға қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің, федерациялардың, қалалық спорт мекемелерінің өкілдері қатысты.

Бүгінде елордадағы спорттық кластердің даму қарқынына көңіл толады. Қалада жыл сайын халықаралық стандарттарға сай жаңа спорт ғимараттары салынып, халыққа қызмет көрсетуді бастайды.

Елорданың әрбір үшінші тұрғыны жастардың санатына жатады. Оларды әлеуметтендіру мақсатында «Елорда жастары» бағдарламасын қабылдадық. Бағдарлама жастар үшін өзекті саналатын тұрғын үй, білім алу, жұмысқа орналасу және бос уақытты тиімді өткізу секілді мәселелерді шешіп, жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға күш салады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің спортын қолдау да бас­ты мақсатымызға айналды. Қазір қалада 8 мыңнан астам баланы қамтитын 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, қосымша қаржы қарастыру арқылы бұл нысандарда салауатты өмір салтына ден қоюшылардың санын 50 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Балалар мен жасөспірімдер мектептерінің құрамында ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен айналысу мүмкіндігі қарастырылған. Оларға арналған 17 спорттық пән бар, – деді А.Көлгінов.

Қала тұрғындары арасында спортпен айналысушылардың санын көбейтуде спорт нысандарын қолжетімді ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Өткен жылы ашылған жеңіл атлетикалық спорт кешенінде қазір жеңіл атлетиканың 7 түрі бойынша кәсіби спортшылар жаттығады. Қыркүйек айынан бастап бұл кешеннің қызметін кез келген елордалық тұтына алады. Қазір қала маңындағы 4 елді мекенде көпшілікке қолжетімді дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында Азия елдерінде теңдесі жоқ үстел теннисі орталығы салынуда.

Қала әкімдігі бұқаралық спортқа жалпыхалықтық сипат беруде аула клубтарының санын көбейтуді де қолға алды. Бүгінде қала аумағындағы 30-дан астам аула клубы бар. Олардың санын 50-ге дейін көбейту жоспарда тұр.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» шебер-жоспары аясында соңғы екі жылда абаттандырылған 400-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, олар спорттың футбол, волейбол, баскетбол, стрит-воркаут сынды түрлерімен айналысуға қажетті спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

Осылайша қала әкімдігі Президенттің тапсырмасына сай кәсіби клубтардан бұрын қарапайым бұқаралық спорт түрлерін қолдауға айрықша мән беріп жатыр.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button