Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елордада өзекті мәселе аз емес



Жеңіс Қасымбектің елорда әкімі болып қызметке араласқанына төрт айдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында бас қалада қандай мәселелер шешіліп жатқаны туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Atameken Business телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді.

– Жеңіс Махмұтұлы, Астана қаласының әкімі болғаныңыз­ға 4 айға жуықтады. Бұған дейін Қарағанды облысын басқарғаныңыз белгілі. Осы тұста заңды сұрақ туындап отыр. Тұтас облысты басқару оңай ма, әлде бас шаһарға жетекшілік ету ме?

– Жалпы, әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Мысалы, Қарағанды облысын алатын болсақ, ол – үлкен индустриалды аймақ. Оның ерекшелігі – облыс тұрғындарының 80 пайызының қалаларда тұруында. Сонымен қатар бұл өңірде моноқалалар көп. Олар зауыт, фабрика, кен орындарының маңында шоғырланған. Аймақтың инфрақұрылымы ескі, кезінде 50-60 жыл бұрын салынған. Осындай мәселелер бар. Астанаға келсек, бұл – жаңа қала. Биыл елорданың 25 жылдығы тойланады. Қала тұрғындарының саны жыл санап артып отыр. Қазір Астанада ресми түрде 1 млн 350 мың адам тұрады. Бұдан бөлек, жергілікті миграция да бар, құрылыс мерзімінде қалада тұратын азаматтар саны көбейеді. Жалпы бүгінде 1,5 млн-ға жуықтап қалдық.

– Астана болған соң, бас қалаға артылар жауапкершіліктің, қойылатын талаптың жоғары екенін өзіңіз де білесіз. Мемлекет басшысы елдің дамуында Астананың алатын орны ерекше деп үнемі айтып отырады. Қала тізгінін ұстаған 4 ай ішінде нақты қандай өзекті мәселелерді атап көрсетер едіңіз?

– Мәселелер аз емес. Ең өзекті мәселенің бірі – коммуналдық мекемелердің жұмысы. Жылу, су, кәріз мәселесі бар. Соңғы екі аптаның ішінде су мәселесі көп талқыланды. Қала тұрғындары бұл мәселені көтеріп жатыр. Оның үстіне әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі де бар.

Жыл сайын қалада 30 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Балабақша тапшылығы да жоқ емес. Бүгінгі таңда 50 мыңдай бала кезекте тұр. Бұдан басқа мектеп, аурухана, емхана мәселелері де бар.

– Осы проблемаларға жеке-жеке тоқталып өтсек. Жылу, су мәселесі қалай реттелуде?

– Астана бойынша былтыр 3 млн шаршы метрдей тұрғын үй қолданысқа берілді. Тиісінше бұл жылумен қамту мәселесінің шешілуін талап етеді. Осы мақсатта тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Биыл екі газ жылу станциясы іске қосылады. Ол екі станция 600 гигакалория жылу береді. Бұл жұмысты тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл аяқталады. Ол – бес қазандық. Бұл қосымша 400 гигакалория жылу береді. Осылайша 1000 гигакалория болады. Бұл алдағы үш-төрт жылға жеткілікті.

Жеңіс Қасымбек,

Астана қаласының әкімі:

«Биыл екі газ жылу станциясы іске қосылады.

Ол екі станция 600 гигакалория жылу береді. Бұл жұмысты тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл аяқталады. Ол – бес қазандық. Бұл қосымша 400 гигакалория жылу береді. Осылайша 1000 гигакалория болады. Бұл
алдағы үш-төрт жылға жеткілікті».

Су тапшылығы мәселесіне ойыссақ. Бүгінгі таңда бұл проблема жиі көтеріліп жүр. Биыл жаңа сорғы-сүзгі стансасының құрылысы аяқталады. Бұл күніне қосымша 100 мың текше метр су беретін болады. Қазіргі тапшылық 25 мың текше метрді құрайды. Ол жетіспеушіліктің орнын толтырып, қосымша 75 мың куб.метр су бермек. Тиісінше, алдағы уақытта ешқандай шектеулер болмайды. Бұл осы жылдың және келесі жылдың құрылысын толығымен қамтиды. Бірақ, осы үлкен нысандардың құрылысын биыл бастауымыз қажет.

– Су мәселесі бойынша нақты бір жоспар бар ма?

– Су мәселесі бойынша жоғарыда аталған үлкен нысанның құрылыс жұмыстары жазда аяқталады. Тамыз айына дейін суды толығымен береміз. Түнгі уақытта ешқандай шектеу болмайды. Су толық қысыммен берілетін болады.

– Кейбір мамандар елордада тұрғын үйлердің құрылысын азайту керектігін алға тартады. Осыған не дейсіз? Мораторий енгізу жоспарда бар ма?

– Ондай жоспар жоқ. Қазіргі таңда құрылысы басталған нысандар аумағы 11 млн шаршы метрді құрайды. Биылғы жоспар бойынша 3,5 млн шаршы метрдей беріледі. Келесі жылы да солай. Әрі қарай миграцияға байланысты болмақ. Қалада халық саны өссе, онда құрылыс жалғасады. Біз оған ешқандай шектеу қоймаймыз.

– Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қандай шаралар, қандай жобалар қолға алынды?

– Астанаға өзге өңірлерден қоныс аударатын азаматтар осында тұрақты жұмыс орнын табамын, балаларым жақсы мектепке барады, одан әрі қарай жоғары оқу орындарына түседі деген үмітпен келеді. Әкімшілік осы бағытқа ерекше ден қойып отыр. Бұл ретте ең басты мақсатымыз – жыл сайын 40 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашу.

Сонымен қоса жаңа мектептерді пайдалануға беру де жоспарымызда бар. Мысалы, қазір әкімдік 14 мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. Оның ішінде 11-ін биыл бітіріп, пайдалануға береміз. Қосымша жекеменшік мектептер де салынуда.

Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» бағдарламасын жариялағаны белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен биыл Астана қаласында 24 мектептің құрылысы басталады. Осылайша, біз алдағы 2-3 жыл ішінде қалада 40 мектеп саламыз. Бұл 100 мың оқушыны орынмен қамтамасыз етеді.

Алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа 25-26 мың бала келеді. Биыл 7-8 мың оқушы мектеп бітіргелі отыр. Өздеріңізге мәлім, жыл сайын мектепке баратын балалар саны өсуде. Осыған байланысты әр жыл сайын Астанада жоқ дегенде 10 мектеп салуға тиіспіз.

– Оған қауқарымыз жете ме?

– Жетеді. Ең бастысы, мектептер салынып жатыр. 3-4 жыл ішінде осы білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін мамандарды дайындауымыз қажет. Бұл жұмыс алдын ала басталып та кетті. Жоспарымыз бойынша 2024-2025 жылға дейін Астанада 7 мың мұғалім дайындап шығатын боламыз.

– Мектеп тапшылығы мәселесі өзекті екенін айтып өттіңіз. Оның үстіне бірінші сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Дегенмен, Есілдің сол жағалауында, мысалы, Хан шатырдың айналасын алатын болсақ, осы аумақта 3 мектеп қана бар.

– Жоғарыда айтып өткенімдей, биыл Астанада 11 мектептің құрылыс жұмыстарын аяқтағалы отырмыз. Олардың жартысы Есіл ауданында орналасқан. Тұрғындармен кездес­кен кезде де мектеп мәселесі жиі қозғалады.

«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қосымша өздеріміз де салудамыз. Мәселен, биыл 11 мектеп, келесі жылы қосымша 24 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл мәселе келесі жылы толығымен шешімін табады.

– Енді елорда экономикасын дамытуға ойыссақ. Бас қалаға инвестиция тарту барысы қалай?

– Елорданың инвестициялық ахуалы жаман емес. 2022 жылы қалаға келген инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгені құрады.

Биылғы бірінші тоқсан нәтижесі бойынша қаланың экономикасына тартылған инвестиция көлемі былтырғыға қарағанда 20 пайызға артып отыр. Көріп тұрғанымыздай, инвесторлар қаламен белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар қаладағы инвестициялық климатқа сенеді.

Инвестицияның негізгі бөлігі – құрылыс индустриясына, қалғаны өндіріс және басқа салаларға тиесілі. Бір қуантатыны, бүгінде денсаулық, білім беру салаларына құйылған инвестиция көлемі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 10 есе көбейіп келеді.

– Сұхбатқа дейін сөйлес­кенде «әлеуметтік желілерде отырамын, тұрғындардың пікірлерін ескеремін» дедіңіз. Соның ішінде өзіңізге жиі келіп түсетін арыз-шағымдардың үштігіне тоқталсақ.

– Қалада 47-48 мың отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі де осы – тұрғын үй мәселесі. Әсіресе, көпбалалы отбасылардың арасында бұл проблема өзекті. Қазіргі таңда осындай 17 мың отбасы кезекте тұр. Жалпы, елордаға келген азаматтардың басым бөлігі осында проблемаларын шешуге келетіні белгілі. Солардың ішінде көпбалалы отбасылар, басқа да мұқтаж азаматтар бар.

Екінші мәселе – құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үйлердің, яғни үлескерлердің мәселесі. Кезінде олардың саны 16 мың адам болатын. Қазір 4 мыңды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл мәселені жыл аяғына дейін шешуге тиіспіз. Қазіргі кезде қалада осындай 32 нысан бар. Осы үлескерлердің баспана кілтін желтоқсан айына дейін тапсырамыз.

Жеңіс Қасымбек,

Астана қаласының әкімі:

«Қазір әкімдік 14 мектептің құрылысын жүргізіп жатыр. Оның ішінде 11-ін биыл бітіріп, пайдалануға береміз. 24 мектеп құрылысы басталады. Қосымша жекеменшік мектептер де салынуда. Осылайша, біз алдағы 2-3 жыл ішінде қалада 40 мектеп саламыз. Бұл 100 мың оқушыны орынмен қамтамасыз етеді».

Үшінші мәселе – коммуналдық қызмет, яғни жылу, су, кәріз мәселелері.

Төртінші өте өзекті мәселе – бұл қаланың шет жағында орналасқан Үркер, Кирпичная, Пригородный, Көктал-1, Көктал-2, Өндіріс және басқа да шағын аудандардың проблемасы. Бұл жерлерде инфрақұрылым, жол, кәрізбен жабдықтау, су мәселесі үнемі көтеріліп келеді.

Бесінші – әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі. Бұл мәселелер қаланың өсуіне байланысты туындап отыр. Қазір Бас жоспарды жобалап жатырмыз. Оны Үкімет қабылдайды. Президенттің тапсырмасына сәйкес Бас жоспарды осы жылдың соңына дейін әзірлеп, қабылдауымыз қажет.

– Сіздің ойыңызша, Бас жоспарға қандай өзгеріс енгізу керек?

– Ең басты мәселе халықтың санында ғой. Мысалы, 2035 жылға дейін қала халқының саны 2,5-3 миллионға жетеді деп жоспарлануда. Біз елорданы осы цифрларға сәйкес дайындайтын боламыз. Соған байланысты қашан, қандай нысандарды салу керек деген мәселелер қарастырылады.

– Егер қала халқының саны 2,5 млн болса, онда бірінші кезекте не істеу керек?

– Онда бізге қосымша 1 мың гкал/сағ. жылу беру қажет. Ол үшін кем дегенде үш газ стансасын салу керек.

Биыл екінші кәріз стансасының құрылысын бастаймыз. Оны аяқтап болған соң тағы біреуін бастаймыз. Осындай жобалар бар. Жалпы, үлкен қалалардың өмірі осылай жалғаса береді.

– Бұл өзгерістерді енгізер алдында халықтың пікірі ескеріле ме?

– Міндетті түрде ескеріледі. Мен апта сайын елордадағы төрт ауданға барып, олардың тұрғындарымен жиі кездесіп тұрамын. Осындай жүздесулерде олар көп мәселені көтереді. Соның көбі – өзекті мәселелер. Сондықтан, біз қала дамуын жоспарлағанда тұрғындардың ұсыныс-тілектерін міндетті түрде ескеріп отырамыз.

– Қаланы газдандыру мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? Ауаның ластануы бойынша қандай шаралар қолға алынуда?

– Ең бастысы –  барлық жекеменшік және көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды газбен жылытуға көшіру. Бүгінде «Сарыарқа» газ құбыры арқылы көгілдір отын Астанаға келді. Біздің жоспарымыз – 12 мың жекеменшік үйге газ тарту. Оның ішінде 8 мың үй көгілдір отынмен жылытуға көшірілді. Жалпы алдағы 3-4 жыл ішінде 15-20 мың үй газдандырылатын болады.

– Қала тұрғындары тарапынан емханаларға тіркелу бойынша шағымдар жиі айтылады. Оны шешу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Расында да, қалада мұндай мәселе бар. Биыл Астанада 2 емхананы іске қосу жоспарда тұр. Сондай-ақ тағы үш емхананың құрылысы келесі жылы аяқталады. Есіл ауданында жеке инвестиция арқылы 3 емхананың құрылысы басталды. Қаланың шетіндегі емханаларды әкімдік өзі салады.

Осыған дейін айтып өткенімдей, соңғы 3-4 жыл ішінде қалада 30 мыңдай бала дүниеге келді. Қазіргі кезде елордада перзентхана жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, алдағы уақытта Астанада осындай екі үлкен нысан бой көтермекші. Оның біреуін әкімдік, екіншісін министрлік салатын болады. Бұдан бөлек, минис­трлік үлкен онкологиялық орталықтың құрылысын салып жатыр. Ондағы жұмыстар биыл аяқталады. Алдағы екі-үш жыл ішінде қаланың өсуіне байланысты жоспар бойынша көптеген медициналық нысан іске қосылады.

– Бұдан басқа қалада көлік кептелісі ушығып барады. Тіпті, Алматының көлік кептелісі сияқты деген пікірлер де айтылып жүр. Бас жоспарға сай жолдарда қандай да бір өзгерістер бола ма?

– Иә, әрине, өзгерістер болады. Көлік кептелісінің көбі үлкен магистральдық көшелерде болатыны белгілі. Мәселен, бүгінгі таңда Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Тәуелсіздік даңғылдарында осындай кептелістер жиі болады. Ең басты проблема – қаланы өзен арқылы екі жақты қосу.

Жыл сайын біз бір көпір салуымыз керек. Былтыр бір көпір салынды. Биыл күзде Тәуелсіздік көшесін жалғас­тыратын тағы бір көпір салынады. Бұл көпір уақытында іске қосылса, көптеген мәселе шешімін табады.

– Қаланың инфрақұрылымын дамытуда биылғы маңыз­ды жобалар туралы айтып өтсеңіз.

– Биыл сорғы-сүзгі стансасының құрылысы тамыз айына дейін аяқталады. Бұдан басқа 2 газ жылу стансасы, 1 жылу электр орталығының бірінші кезеңі бітеді. Сонымен қатар Тәуелсіздік көпірін атап өтуге болады.

– Жеңіс Махмұтұлы, сұхбатымызды түйіндейтін болсақ, қарағандылық әріптестерден сіздің «журналистерге ашық» екеніңізді естіген едім. Бүгін оған көзім жетіп отыр. Елордалықтар сізге өз шағымдарын жолдау үшін қайда жүгінуі керек?

– Жалпы, әр апта сайын аудан тұрғындарымен кездесемін. Бұл туралы алдын ала ақпарат беріледі. Сондай-ақ бұл кездесу интернетте онлайн-трансляция арқылы көрсетіледі.

Бұдан бөлек, әр жұма күндері сағат 08.30-дан бастап түске дейін жеке қабылдауымды онлайн режимде өткіземін. Бұл аталғандардан бөлек қала тұрғындары Фейсбук, Инстаграмға, жеке парақшама жазып жатады. Яғни, менімен байланысуда ешқандай шектеу жоқ. Келіп түсіп жатқан сұрақтардың көбіне өзім жауап беруге тырысамын.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button