Мәдениет

Елордада тұңғыш рет тойланды



14 наурыз – Амал мерекесі һәм Көрісу күні. Яғни дәл осы күні Әз-Наурыз мейрамы басталады. Бірақ күнтізбеге енгізілмеген, ел аузында жүрген бұл мейрамның Қазақстанның көп аймағында тек сахналық көрініс ретінде ғана қойылумен шектеліп жататыны жасырын емес. Алайда еліміздің батыс өңіріндегі жұртшылық осынау күнді асыға күтеді. Биыл елордада Маңғыстау облысынан түлеп ұшқан жастардың бастамасымен, Астанада білім алып жатқан өзге де өңірлердің ұл-қыздарының ұйымдастыруымен Амал мерекесі тұңғыш рет республикалық деңгейде атап өтілді.

БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ

Төл жаңа жылдың бастауы Амал мейрамын тойлау үшін Алты алаштың азаматтары, зия­лы қауым өкілдері, жазушылар мен ғалымдар бас қаладағы мейрамханалардың бірінде, молынан жайылған ақ дастархан басында бас қосты. Есіктен кіре сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқан соң жиналғандар «Бір жасыңызбен!» деп бір-бірімен құттықтай қауышты. Мерекелік жиында жазушы, ұстаз Тоқмырза Нұртазин ақсақал асқа бата берген соң көпшіліктің алдында алғашқы болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Зейнолла Алшымбаев ақжарма тілегін айтты. Кезектері келгенде тілекті тілекке жалғаған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қаламгер, тарихшы, профессор Қойшығара Салғараұлы, қоғам қайраткерлері Мырзагелді Кемел, Ирак Елекеев, Сұлтан Хан Аққұлы, жазушы, драматург Өтен Ахмет сынды бір топ ел ағалары жастарға Амал мерекесінен бастау алатын Наурыз мейрамының мән-маңызына тоқталып, ұлттық рух, ұлттық құндылықтар туралы кеңінен әңгімелеп, сүбелі сөз айтты. Ескіні жаңғыртып, халық жадынан ұмыт қала бастаған осындай мерекені тек батыс өңірінде ғана емес, елорда төрінде де кең көлемде тойлануына бастама жасаған ұйымдастырушыларға ағалық алғыстарын білдірген аға буын өкілдері жас толқынға жарқын болашақ тіледі.
Қазақы ою-өрнекпен көм­керілген ұлттық киім киіп, ме­рекенің сәнін келтірген жастар Қазақстан Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері Нағима Қалшабекқызы сынды ақ жаулықты аналар мен ұлағатты ұрпаққа айтары бар қазыналы қарттардың салиқалы әңгімелеріне құлақ түрді.


КӨРІСУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Көпті көрген көнекөз қария­лардың сөзіне сүйенсек, көрісу, яғни қауышу күнінде жасы кіші адамдар өзінен үлкендердің үйіне арнайы барып көрісіп шығуы тиіс. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар көрінеді. Әсіресе, құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн екен.
«Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айтуы керек. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Қыстан аман-есен жетуіңмен» дегенді білдіреді. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауға тиіс. Әсіресе, қарты бар үйлер оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне тәуліктің екінші жартысына дейін көрісіп үлгеруі қажет. Сол себепті түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін де келе беруіне болады. Көрісуге барғандар кірген үйінің дастарханынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, амал күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, дастарханға шақырады. Біреуден қарыз алған болса, берешегін осы күнге дейін иесіне қайтарып тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша, ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, ал әйелдер құшақтасып, беттерінен сүйеді. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды. Бұл күні адамдар ешкімге ренжімей, жайдары жүруі керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады. «Көрісу» салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді» дейді қазыналы қарттар.
Сонымен қатар Нұрлан мен Мұрат, Қыдырәлі Болманов сияқты елге белгілі өнер жұлдыздары да осынау той төрінен табылып, мерекенің көркін қыздырды. Жалпы, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күніне арналған жиында күмбірлеген күй мен әннен шашу шашылды. Сахналық көрініс қойылып, гір тасын көтеру, қол күрес, сәлем беру, күй тартыс, ән айтыс, дәм айыру сияқты сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар сыйлыққа ие болды. Ұйымдастыру алқасының төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­си­те­ті­нің студенті Кенжебек Сер­жанұлы осынау мерекелік шараның ұйымдастыру шарасына белсенділік танытқан бір топ ұжымды Алғыс хатпен марапаттады.
Шара соңында батагөй ақса­қал, еңбек ардагері Дінәлі Тәңір­бергенұлы ас қайырып, бата берді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button