Басты ақпаратЖаңалықтар

Елордалық ардагерлерге Жеңіс күніне орай 1 миллион теңгеден төленеді



Бүгін Астанада бесінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың сессиясы өтті. Отырыс барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин жақын арада қандай жобаларға қаржы бөлінетіні туралы баяндады.

2015 жылғы 11 желтоқсандағы «Астана қаласының 2016-2018 жылдарға арналған бюджеті туралы» Астана қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыра келе, А. Лукин Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монументті жасауға және орнатуға жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, сондай-ақ, бюджетте Триумфалды арканың жанындағы дөңгелек алаңды абаттандыру қарастырылған.

Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, отырыс барысында Астанада мүгедектерді, қарттар мен ауру жандарды күту бойынша жаңа кәсіпорын ашылатыны мәлім болды.

– Қазіргі кезде әлеуметтік жұмыскерлер үш аудандық әкімдіктің құрамында. Олардың жалпы саны – 112 адам. Енді бұл жұмыскерлер бір мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорынға біріктіріледі, ол мүгедектерді, қарттар мен сырқат жандарды күту бойынша қызметтер спектрін кеңейтеді. Мұқтаж жандарға үйлерінде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында аудан әкімдіктеріне 185 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініп, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының функциялары Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына беріледі. Бұл кәсіпорынға ауру адамдарды, қарттарды күтуді қажет ететіндердің барлығы жүгіне алады. Алдағы уақытта қызметтер спектрі кеңейе түспек, – деді Андрей Лукин.

Астана қаласы әкімінің орынбасары түскен қаржы азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеуге жұмсалатынын жеткізді. Бұл мақсаттарға қосымша қаржылар бөлінбейді, ол қайта үлестіріледі.

Кәсіпорын өз жұмысын биыл сәуір айында бастайды.

Сонымен қатар, психоневрологиялық диспансер салу туралы шешім қабылданды. А. Лукин ең жақын психоневрологиялық диспансердің Ақмола облысының Ақкөл қаласында орналасқанын атап өтті.

Кезектен тыс сессия барысында биыл елордалық ардагерлерге 9 мамыр мерекесіне орай тағы да 1 миллион теңгеден төленетіні айтылды. Жалпы, Астанада Ұлы Отан соғысына қатысқан 172 адам тұрып жатыр. Қалалық мәслихат депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қолдады.

Отырыс соңында жергілікті бюджетке енгізілетін түзетулер бекітілді. Андрей Лукиннің мәліметінше, 2016 жылдың басында қалалық қазынада 9 миллиард 200 миллион теңге көлемінде бос қаражат қалған. Кіріс бөлігі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің артуымен байланысты. Оның айтуынша, бұл қаржыдан қаланың қажеттіліктеріне 8 миллиард теңге жұмсау көзделген.

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button