Елорда тынысы

Елордалық еріктілер ерлігі



Астанада 6 мыңнан аса белсенді волонтер бар. Ерікті түрде Астананың рухани дамуына, өркениетті орта қалыптастыруда жақсылық жасап жарысып жүрген елордалық еріктілердің ерлігі ерекше. Көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беруге, қоғамдық-әлеуметтік іс-шараларға қолдау көрсететін еріктілердің қызметі туралы Астананың орталық коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтті.

Брифинг барысында Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» балалардың әл-­ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КЕ АҚ президенті Есенғазы Иманғалиев «Менің бауырым» жобасына елордадағы 11 университеттің ерікті студенттері қатысқанын айтты. Волонтерлер педагогика, психология, әлеуметтік жұмыс, құқық және IT мамандықтары бойынша білім алады.

«Жобаны іске асыруда әдістемелік қолдауды Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты жүзеге асырады. Институт мамандары 850 ерікті студент пен 2380 қала мектептерінің педагогтарына оқыту тренингін өткізген.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев бүгінгі таңда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қызмет жасайтын еріктілерді іріктеу жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Қаңтар айында еріктілікке өтінімдерді қабылдау басталып, Астана қаласының 13 ЖОО қамтылған. Наурыз айын­да студенттерді еріктілер қатарына шақыру мақсатында қаланың 29 колледжінде кездесу ұйымдастырылған. Сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат ұсыну және еріктілер қатарына шақыру мақсатында Есіл, Алматы, Нұра, Сарыарқа, Байқоңыр аудандарындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушыларымен кездесу өткен. Бүгінде келіп түскен өтінімдердің жалпы саны – 4683. Сонымен бірге волонтер болуға Қырғыз­стан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Вьетнам, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан, Беларусь, Гана Республикасы және т. б. мемлекеттерден де өтінімдер келіп түскен, – деді А.Қондыбаев.

«Астана жастары» жастар ресурс­тық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин астаналық еріктілердің су тас­қынынан зардап шеккен аудандарға көрсеткен гуманитарлық көмегі туралы айтып өтті. Қазіргі таңда «Астана жастары» базасында 6000-нан астам белсенді волонтер бар. 29 наурыз-10 мамыр аралығында Астана қаласы аумағында мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік қоймалардың, кәсіпкерлердің, мемлекеттік емес ұйымдардың, жеке тұлғалардың және еріктілердің күшімен жалпы 1160,5 тонна гуманитарлық көмек жиналған. Қалалық волонтерлік штабының үйлестіруімен 10 пункт (әлеуметтік қойма) гуманитарлық көмек қабылдайды. Әлеуметтік қоймаларда 30 волонтерлік ұйым және 500-ден астам волонтер буып-түю жұмысын жүргізген.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button