Жаңалықтар

Елордалықтар көмек қолын созды



Ел аумағында «Арыспен бірге» атты жалпыреспубликалық шара әлі жалғасуда. Зардап шеккендерге көмек беру қорына 213 млн теңге қаражат жиналды. Бас қалада орналасқан Тұңғыш Президент, Мемлекет басшысы, Үкімет пен Парламенттен бастап мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, кәсіпкерлер мен қарапайым адамдар зардап шеккен тұрғындарға қолынан келгенінше көмегін әлі беріп жатыр.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің, қалалық мекемелердің, кәсіп­орындардың қызметкерлері «Арыспен бірге» акциясына үн қосып, бір күндік жалақыларын аударды. Елорда әкімдігі Арыс қаласындағы 500 баланы жазғы лагерьге бір айға барлық қажетті заттарымен (киім, аяқ киім, мектепке қажетті құралдар) жіберуге шешім қабылдады. Бұдан бөлек, тағы 1 мың баланы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жазғы лагерьмен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері мен меценаттары шара аясында зардап шеккендерге азық-түлік, тазалық заттары, киім-кешек, аяқ киім, төсек-орын және өзге де гуманитарлық көмек жіберді. Бас қаланың 5 жерінде арыстықтарға қажетті заттарды қабылдау нүктелері ашылды. Арыстағы үйлерді және өзге инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру үшін елордадан құрылыс бригадалары мен құрылыс материалдары тиелген жүк көліктері аттанады. «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық ұйымы зардап шеккендерге көмек көрсету үшін медколледж студенттері мен дәрігерлік мекемелер қызметкерлері арасынан еріктілерді жинауда. Шамамен 40-қа жуық еріктілер Арысқа жолға шығады. Ізгілікті істен әлеуметтік желілер де шет қалған жоқ. «Нұр-Сұлтан қаласы Арыспен бірге!» атты челленджді іске қосты. Заттарды қабылдау нүктелері мына мекенжайларда орналасқан: 1. Жастар сарайы, Республика д-лы, 34, 3-қабат, №306 бөлме, тел.: 8-775-513-64-41; 2. «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы, Тәуелсіздік д-лы, 3, №405 бөлме, тел.: 8-775-950-02-98; 3. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Жеңіс д-лы, 62, тел.: 48-19-10.
Арыстықтарға көмек қолын созуға әр адамның мүмкіндігі бар. Ол үшін Түркістан облыстық әкімдігі жанынан ашылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады. Түркістан қаласы, Қызылорда тасжолы, 34 А ғимараты, пошта индексі: 161200, БСН БИН: 100440016000, «ForteBank» АҚ-тың Түркістан қаласындағы филиалы.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button