Елорда тынысы

Елорданы газдандыру барысы қалай?



2024 жылы 300 мың астаналық газбен қамтамасыз етіледі. Бұл жөнінде қалалық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен елорданы газдандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баспасөз конференциясы барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбеков мәлімдеді.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, Астананы газдандыру үш кезекке бөлінген. Бірінші кезектегі газ тарату желілерінің құрылысы 2019 жылдың күзінде басталып, 2021 жылы аяқталды. Сонымен қатар өткен жылы басталған 2-кезек бойынша жұмыстың бір бөлігі бүгінде аяқталды.

– Елордада жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 650 шақырым газ тарату желілері салынды. Нәтижесінде «Көктал-1», «Көктал-2», Агрогородок», «Железнодорожный», «Промышленный», «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданының оң жағы және сол жағы, «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» және «Нұр-Бесік», «Ақбидай», «Казгородок» шағын аудандары мен Потанин-Мәскеу көшелерінің бойындағы тұрғын үйлер газға қосылуға мүмкіндік алды. 200 мыңға жуық тұрғыны бар 12 мың абонент газға қолжетімділікпен қамтамасыз етілді, оның ішінде 8 мыңға жуық абонент немесе 66% газға қосылды, – деді Н.Солтамбеков.

Құрылыс аяқталғаннан кейін желілер қызмет көрсету үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ұлттық операторына беріледі, оның құрамында 9 авариялық бригада бар, олар қажетті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ газға 1-ЖЭО, 2-ЖЭО жылу энергоорталығының объектілері, әлеуметтік объектілерді жылумен қамтамасыз ететін 13 дербес қазандық, 1 газоблокты бұйымдар шығаратын зауыт және 10 КТК қосылған.

– Жалпы Сарыарқа ауданы бойынша 5141 абонент газға қолжетімділікпен қамтамасыз етілді, оның ішінде 3579 абонент немесе 72,41%-ы газға қосылды. Алматы ауданы бойынша 6580 абоненттің үйіне дейін газ құбыры жеткізілді, оның ішінде 4112 абонент немесе 74,47%-ы газдандырылды, – деді елорда әкімінің орынбасары.

Н.Солтамбековтің айтуынша, 2022 жылы елордада газдандырудың екінші кезегі бойынша жұмыстар жалғастырылып, ұзындығы 103 шақырым «газ сақинасының» құрылысы жүргізілуде, оның ішінде қазіргі уақытта 45 шақырым желі төселді. Бұл жоғары қысым бойынша үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған жоба аясында «Ильинка», «Тельман», «Пригородный», Family Village, Garden Village, «Өндіріс» тұрғын алаптарына аудандық қазандықтарға газ жеткізу желілерінің құрылысы жүргізілуде.

Қазіргі таңда осы жобалар бойынша кварталішілік желілер бойынша жобалау-іздестіру жұмысы басталды. Мемлекеттік сараптаманы алу мерзімі – 2023 жылғы ақпан.

– Осылайша, 2024 жылы 300 мыңға жуық адам газға қолжетімділікпен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы алғанда, тұрғын алаптарды газдандыру және жылу көздерін газға ауыстыру ауаның ластануын жылына 40 мың тоннаға қысқартуға және газ баллондарын пайдаланудан болатын төтенше жағдайларды барынша азайтуға мүмкіндік береді, – деді Н.Солтамбеков.

Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдар жүйесінде қызмет көрсетуді дебюрократияландыру туралы тапсырмасына сәйкес және халыққа газға көшуге жәрдемдесу мақсатында атқарылған шаралар аз емес. Атап айтсақ, газға қосылу үшін құжаттар тізімі екі есеге, 8-ден 4-ке дейін қысқартылды. Газды есепке алудың есептегіш құралдары тегін берілуде. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ақшалай өтемақы көлемі 130 АЕК-тен шамамен 430 мың теңгені құрады. Банктер арқылы үйді газдандыруға 1,5 жылға 750 мың теңгеге дейін бөліп төлеу және пайызсыз кредит беру қарастырылған.

Астана қаласы әкімінің орынбасары брифинг барысында елорданың газбен жабдықтау желілері тартылған барлық тұрғындары мен бизнес өкілдерін отынның экологиялық таза түріне, яғни газбен жылытуға көшуге шақыр­ды. Айтуынша, алдағы жылы бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады, тиісті жоспарлар мен міндеттер айқындалады.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button