Басты ақпаратТуризм

Елорданы қалай ерекшелейміз?



Үкімет туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасында ішкі туризм үлесін 8 пайызға дейін арттыруды міндет етіп қойды. Себебі біздегі туроператорлардың 95 пайызы сыртқа шығу туризміне бағытталған екен. Ендігі мәселе – ішкі туризмді ілгерілету. Ал Астана қаласында бұл салада қандай кедергілер бар?

БАСШЫЛАР АУЫССА, ЖҰМЫС ТОҚТАЙДЫ…

Астана қаласында туризм мамандығы бойынша бір ғана Еуразия ұлттық университетінде 600-ге жуық маман білім алуда. Өкініштісі, ертең олардың дәл осы салада нан тауып жей алатынына ешкім кепіл бермейді. Мұны туроператорлардың басшылары да, аталмыш жоғары оқу орнының оқытушылары да мойындап отыр.

Шынын айту керек, бүгінде туризмді дамытуда әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. «Туризмнің ішкі істер, сыртқы істер, ұлттық қауіпсіздік, мейрамхана кешендері, емдеу-сауықтыру орындары, ұлттық парктер секілді 32 салаға жанама ықпалы бола тұра, туризмнің көп нәрсеге құзіреттілігі жетпейді. Мәселен, шет елдерден қанша турист келеміз десе де, Сыртқы істер министрлігі өз келісімін бермейінше, олардың ешбірі елге кіре алмайды. Қазіргі уақытта Қазақстан туризмі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеу үшін ары қарай жұмыс жасаудың механизмін дұрыстау керек. Астана қаласында осы салаға жетекшілік ететін комитет құрылғаны жөн. Барлық саланың басын қосып, әр уақытта жинала алатын келешек қадамдарды ойластыра алатын туризмдегі механизмді қалыптастыруымыз керек. Мемлекет осы мәселеге жетекшілік еткені абзал. Тағы бір айта кетерлігі – кадр мәселесі. Қазақстанда инфрақұрылымдар бар, алайда қолда бар инфрақұрылымдарды пайдалана алмай отырмыз. Себебі кадр мәселесінде тұрақтылық жоқ» дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің туризм кафедрасының профессоры, PhD докторы Адай Секенұлы. Оның айтуынша, басшылар ауысса да, қолға алынған жұмыстар жалғаса беруі қажет. Даму және инвестициялар министрлігіне қарасты Туризм комитетінде айналдырған үш жылдың ішінде басшылары үш рет ауысқан екен. Басшы өзгергенде командасы да бірге кеткен. Университет оқытушысы бұл туризм мәселесіне көп кедергі әкелетінін айтып отыр. Меморандум жасап, енді жұмыс бастағалы отырған тұста көп жұмыстың аяқсыз қалатынына қынжылады.

ІШКІ ТУРИЗМДІ БАЙЛАП ОТЫРҒАН – БАҒА

«Елордалықтар қайда демалады?» деген сауалмен «Астана ақшамы» кішігірім сауалнама ұйымдастырған еді. Жауап бергендердің басым бөлігі шетелді таңдайтынын айтыпты. Тұрғындардың көбі іргеміздегі Бурабай мен Зерендіге емес, Түркияға немесе Таиландқа барғанды тәуір көреді. Өйткені біздегі бағаның қымбатшылығы мен қызмет сапасы сын көтермейтінін алға тартады.

«Бізге өзіміздің ұлттық, этнографиялық саладағы туризмді дамыту керек. Көнедегі қазақ тарихының алғашқы тайпалары – сақтардың, скифтердің, ғұндардың кластерін құратын болсақ, бұл – туристерді тартудың тиімді жолы. Өкінішке қарай, ішкі туризмнің қол-аяғын байлап отырған басты мәселе – баға. Халық бір аптаға Бурабайға барып келгенше, дәл сол ақшаға Түркияға барғанды қалайды. Бізде бағаны тұрақтандыратын жүйе мүлдем жоқ. Сол үшін бағаның қызыл сызығын өлшеп, нақты бағаны қоятын арнайы ұйым да болу қажет. Мұның барлығы тек қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асырылса, қанекей?! Халықтың жалақысы өспесе де, жыл сайын баға өседі. Сол үшін халықтың қалтасы көтеретіндей бағаны сәйкестендіру керек. Түркі елдерінің арасында ең бай мәдениет бізде жатыр, егер де сол мәдениетті дұрыс қолдана алсақ, туризмнің биік шыңына шығар едік» дейді Адай Секенұлы.

НҰСҚАУШЫЛАРДЫ ОҚЫТУ КЕРЕК

Қазіргі таңда кейбір университеттер мен туроператорлар арасында келісімшарт бар. Біздің байқағанымыз, аталмыш мекемелерде студенттер тәжірибеден өткенімен, онда жұмыс істеуге құлықсыз. Себеп – жалақының аздығы. Күні кеше қолына диплом алған, ешқандай еңбек өтілі жоқ маманға кім қомақты қаржы ұстата қойсын? Сондықтан төрт жыл оқыған мамандығын оп-оңай тастап, басқа салаға кетіп қалатын жастар көбейіп келеді. Оның үстіне, университеттерде мамандарға тек теориялық білім беріліп, тәжірибе жұмыстары айтарлықтай жүргізілмейді.

«Егер жас маман жұмыс істеу барысында өзін көрсете білсе ғана жоғары жалақыға қолы жетеді. Алайда көбі бастапқы жалақыға көңілі толмайды. Сонымен қатар, біздің елімізде нұсқаушылардың жоқтығы мәселеге айналып отыр. Туристік фирмаларда нұсқаушылар жоқ. Олар сен жүретін жолды, баратын жерлерді картадан көрсетіп, қолыңа ұстата салады. Ал өздері ол жерлерге барып көрмеген. Осындай парадокс. Туристерді жаяу жолмен жүргізіп, жолшыбай табиғат дүниелерін таныстырып, тіпті шатырды былай құрады деп ешкім көрсете алмайды. Егер білікті нұсқаушы болсаңыз, ол сізге мол табыс табуға жол ашады. Жоғары оқу орындарында «Техника и тактика активных видов туризма» деген пән өтеді. Алайда оның өзін бір семестр ғана оқытады. Әрине, бұл жоғары білікті маман даярлауға жеткіліксіз. Осы пән барысында табиғат аясында 1 аптаға ғана созылатын тәжірибелік жұмыстар ғана жүргізіледі. Сол себепті оқу орындарында нұсқаушыларды дайындайтын пәндерді жыл сайын оқыту керек. Сонда ғана мықты маман болып, өз нанын өз кәсібінен ғана табады» дейді Астана қаласы әкімдігіне қарасты Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының директоры Мэлс Қабдоллаұлы.

КИЕЛІ ОРЫНДАР ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Шетелдік туристерді не қызықтыруы мүмкін? Бұл сауалды «Кочевник» ұлттық туристік компаниясың бас директоры Бақдәулет Нұрдәулетұлына қойған едік. Оның айтуынша, бүгінде туристерді жалт-жұлт еткен әсем ғимараттармен, заманауи орындармен таңғалдыра алмайсыз.

«Туристерге не көрсету керегін білу қажет. Мысалы, маусым айында «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы Қытайдан келген туристерге арнап «Димаштур» жобасын ұйымдастырды. Біз осы саяхаттың сәтті өтуіне атсалыстық. Келген туристердің басым бөлігі – Димаштың жанкүйерлері, сондықтан оларға Димаш жүрген жерлерді көрсету басты мақсат болды. Шетелден келген туристерді киелі жерлер мен дәстүр өте қызықтырады. Сондықтан қазақтың бай дәстүрі мен мәдениетін, қасиетті орындарын көрсетсек ұтады екенбіз. Мысалы, Астана қаласындағы этноауылды нағыз этноауылға айналдырып, ат шаптырып, нағыз қазақы ауылды шынайы көрсете білген жөн. Салт-дәстүрімізбен таныстыратын бірнеше күнге арналған бағдарлама құрып, сол ауылға ешбір байланыс желілерсіз демалыс ұйымдастырса, бұл міндетті түрде туристерді өзіне тартады» дейді Бақдәулет Нұрдәулетұлы.

ТУРИЗМ КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ

Жуырда ғана Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғанын мәлімдеді. «ЭКСПО нәтижесінде оң тәжірибеміз бар. Қазақстанға 7 миллионнан астам адам келді, бұл алдыңғы жылдарға қарағанда 18 пайызға артық. Ішкі туризм ағымы 20 пайызға жетті. Әрбір турист ел экономикасына 50-350 доллар аралығында қалдырды» дейді ол.

Тиімділікті қолдау мақсатында жыл басынан бері электрондық визаларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 67 елдің азаматтары туристік мақсаттар үшін Қазақстанға визасыз кіруге құқылы болды.

Жалпы, Қазақстандағы туризмді дамытудың қазіргі және ықтимал драйверлерін анықтау үшін өңірлермен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірге 60 туристік бекет анықталған. Олардың қатарында Медеу, Шымбұлақ, Ахмет Ясауи кесенесі, Алакөл, Балқаш, Түрген және тағы басқа әсем орындар бар. Осының негізінде Қазақстан Республикасының туризм картасы құрылды. Министр бұл жоба туристер санын ұлғайтатынын, 5,8 млрд доллар тікелей инвестиция тартуға және 64 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін болжап отыр. Алайда елорданың өзінде қарапайым гидтердің мәселесі шешілмеген. Туроператорлар қаламызды сырттан келген беймәлім гидтер таныстырып жүргенін, оларға мемлекет тарапынан ешқандай бақылау жоқ екенін айтып күйініп отыр. Жалақының аздығынан оқуды жаңа бітірген мамандар өз саласын ауыстыруға мәжбүр. Тіпті туристік фирмаларды бақылайтын жүйе жоқ. Ал министрліктегілер болса бұл салаға алдағы уақытта миллиардтаған инвестиция тартылып, мыңдаған жұмыс орны құрылатынын болжап отыр. Кішкентай мәселелерді реттей алмай отырып, үлкен істерге ұмтылып отырған министрліктің бұл жобасы сәтті жүзеге асар болса, қанеки!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button