Басты ақпаратҮйренетін үрдістер

Жағажайлардың жазғы жағдайы

Қазіргі заманда жұрт жазда тынығу дегеннің не екенін жақсы біледі. Көп адам жыл бойы осы мезгілді тағатсыздана күтеді. Біреулер жаз күндеріндегі демалыс кезеңін саяжайларда өткізгенді ұнатса, тағы біреулер әлемнің түкпір-түкпірін аралап, жанға жайлы жағажайларда суға армансыз шомылып жүргенді аңсайды. Тіпті ешқайда ұзап шықпай-ақ, қалт еткен уақыттарын тиімді пайдаланып, өзі тұратын жердің өзендері мен көлдері бойларына барып тұрғанды қолай көретіндер де аз емес. Әлемнің ірі қалаларында адамдардың мұндай топтары үшін қандай жағдайлар жасалып жатыр? Жаһанның ірі елді мекендерінде жағажайлардағы демалыс қалай ұйымдастырылып жүр? Енді осы жайында әңгімелеп көрейік.

Осы ретте ойға ең алдымен Багам аралындағы «Pink Sands», Сейшел аралдарындағы «Anse Source D`Argent», Мальдив аралындағы «Cocoa Island», Маврикийдегі «Paradis», Фиджидегі «Wakaya», Бразилиядағы «Copacabana» секілді жағажайлар оралады. Олардың бәрі табиғаттың өте көркем мүйісінен ойып орын алуымен қатар, шомылатын айдыны кеңдігімен, құмы тазалығымен, ауа райы қолайлығымен ерекше есепке алынып тұрады. Мәселен, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласының маңындағы осындай келісті жерге қанат жайған атақты «Копакабана» жағажайы мұхиттың 4 шақырымдық жағалауын көлбей алып жатыр. Әсем қаланың түстік бөлігіндегі әдемі өңірге қоныс тепкен бұл демалыс аумағын жергілікті тұрғындар «Теңіздің ханшайымы» деп те атайды екен. Копакабана – Риодағы ең танымал аудан. Мұнда сондай-ақ ғажайып апартаменттер мен орасан зор пентхаустар орналасқан. Бұл мүйіс сондай-ақ барлық саяхат сапарларына шығу үшін ыңғайлы нүкте де. Мұнда жыл сайын тек 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні ғана 2 миллионнан астам турист жиналып тұрады екен. Осының арқасында жағажай қала бюджетіне де орасан зор көлемде қаржы түсіріп тұрады.

Негізі, Афина Грекияның үздік жағажайлы курортты қоныстарының қатарында жоқ. Алайда, көне кенттің ежелден көрікті орындарын көрмекке келетін жыл сайынғы миллиондаған туристердің есебінен мұнда да теңіз жағалауын дамытуға айрықша көңіл бөліне бастапты. Қала басшылығы осыған орай бүгінде экскурсиялық демалыс желісін теңізбен ұштастыра жүргізудің шараларын жан-жақты қарастырып жатыр.

Грек астанасының маңайында жылдың жылы мезгілінде суға шомылып, демалыс өткізуге ыңғайлы мекендер аз емес. Бұл үшін қаланың орталығынан шамалы ғана жүрсе жеткілікті, суы да тыныш, жағдайы да жақсы орындар көптеп кездесе береді. Шаһардың түстік беткейінде тынығуға жақсы мүмкіндік беретін елді мекендер аз емес. Мұнда барлық жағажайларға ортақ бір нәрсе: олардың бәрінде құтқарушының жоқ және суға шомылудың қауіпті екенін білдіретін қызыл жалау ілулі тұрады.

Бұлардың арасында мемлекет өзінің бақылауына алып жатқандары да бар. Мәселен, «Фалирон» атты тегін қоғамдық жағажай солардың қатарына жатады. Ол қаланың орталық бөлігіне ең жақын тұр. Порттың сол жағын алып жатқан бұл жағалауға жұрт трамваймен де, жаяу да келе алады. Жағада келген кісілердің киініп-шешінетін кабиналары, қоғамдық әжетханалар, сондай-ақ волейбол алаңы, кафе және бар орналасқан. Бұдан бөлек, 5 еуроға шезлонг пен шатырды жалға алуға да болады, ал кешке қарай дискотека ашылады.

Рас, жағалаудың сапасы мен судың тазалығы әлі сын көтермейді. Бұған қоса, бұл жерде адам қарасы қашанда көп. Ал бұдан арырақ жүрген сайын ыңғайлырақ мүйістер көбейеді. Соның бірі «Вула» деп аталады. Бұл Афина маңындағы ең жақсы шомылатын мекендердің бірі. Мұндағы сусыған таза құмды жағалау, суға түсер жердің жайуаттығы мен судың жылылығы жұртты өзіне көбірек тартады. Сондықтан бұл маңға балаларын ертіп келетіндер де жетіп-артылады. Жағалауда олардың алаңсыз ойнаулары үшін мини-футбол, жағажай волейболы алаңдары, су шаңғысы, каноэ қолтықтары жасап қойылған. Олардың қапталында сондай-ақ кафе, ресторандар, киініп-шешінетін кабиналар, душ, әжетханалар тұр. Wi-Fi желісі жұмыс істейді. Бұлардың бәрі жастарды көптеп тартуға қызмет етеді. Ал жағажайға кіру құны 5 еуро тұрады. Мұнан басқа, жатын төсектер, екі шезлонг пен шатырдан тұратын кешен 4 еуроға жалға беріледі.

Грекия байтағының тағы бір ерекшелігі, мұнда арнайы жағажай клубтары да жұмыс жасайды. Солардың бірі «Алимос» деп аталады. Оның орталыққа жақын жерге қанат жайған мекені қалалық жағажай болып саналады. Мұнда да ертелі-кеш ыстықтан бас сауғалаған көпшілік үздіксіз келіп жатады. Жағалауда суға шомылып, күнге қыздырыну үшін келетін жұрттың арасында қала тұрғындары да, туристер де аз болмайды. Жағада майда жылтыр тастар көп, ал суы жылы да жұғымды, құмы жұмсақ. Теңізге түсетін табаны жайпақ, бірден тереңдеп кетпейді. Сол себепті демалушылар көбіне балаларын да ала келеді. Территория көркейтілген, жоғарыда айтылған жағдайлар мұнда да бар. Шамамен жағалаудан 100 метрдей жерде супермаркет жұмыс жасайды. Жағажайға кіру тегін болғанымен, онда пайдаланылатын нәрселер сатылады.

Дәл осындай жағдайлар «Астир» жағажай клубының аумағында да жасалған. Бірақ ол қашықтау жерде. Афинадан шамамен 20 шақырымда орналасқан. Лаймос түбегінен жай тапқан бұл алаптың ұзындығы 300 метрден аспайды. Айналасын жартастар мен төбешіктер қоршап тұр. Сарғыш түсті құмы өте жұмсақ. Өте бір тыныш та әдемі жер. Мұнда қонақтарды сәл жоғарыда кафе мен ресторандар қарсы алады. Қымбат бутиктер мен керемет серфис те осында, теңіз жағасында массаж салоны мен йога үйретушілер клубы бар. Бұлардан бөлек, әжетханадан бастап, түрлі спорт алаңдары мен залдарына дейін инфрақұрылымы бұл маңды одан бетер тартымды ете түседі. Мұндай жақсы жасалған жағажайлар Мәскеудің маңында да баршылық. Кремльді қалада биылғы 25 маусымда суға түсу маусымы ашылды. Осыған байланысты мұндағы ашық су бассейндерінде шомылу кезеңі қызып сала берді. Бұлардың дені Мәскеу өзені бойында, шаһар іші мен сыртындағы тоғандарда орналасқан. Мәселен, Зеленоградтағы үлкен бөгет сондай қолайлы орынның бірі. Бұл су қоймасының аумағы 10 гектар жерді алып жатыр. Осы Зеленоградтағы Школьное көлі де демалыс аңсаушылар үшін таптырмас орын. Олардың барлығында келушілер үшін жақсы жағдайлар жасап қойылған.

Грузияның бас қаласы – Тбилисиде жұрттың жазда суға түсетін орындарын ұйымдастыруды жақсы жолға қойып алған. Көпшілік онда Тбилиси су қоймасы, Тасбақа көлі және Түлкі көлі тәрізді ашық бассейндерге барады. Олардың жағалаулары келушілерге қызмет етуге жан-жақты дайын. Ал су қоймаларының бактериологиялық жағдайлары жиі тексеріліп тұрады.

Венгрияның орталығы – Будапештте бұл проблема тіпті өзгеше шешілген. Бұл қалада жағажайлардың бәрі Дунай өзенінің атыптарын алып жатыр. Солардың алғашқысы – «Палатинус» 1919 жылы өзен арнасындағы Маргит аралында ашылған. Кейін қала өсе келе, оның қатарына «Сечени», «Геллерт», «Рудаш», «Лукаш» секілді көптеген жағажайлар қосылған. Бұлардың барлығының бір ерекшелігі, олар тікелей өзен жағасындағы ауданнан салынған ашық су қоймасы түрінде жасалған.

Бүгінде күллі әлемдегі ірі қалалардың бәрінде дерлік осындай тынығу орындары бар. Жаһан шаһарлары жұрттың жазғы жағажайларда тынығып, суға шомылуларына айрықша қатты мән береді. Сондай демалысқа қолайлы орындар біздің Астана маңайында да жеткілікті. Тіпті қала ортасын қақ жарып ағатын Есілдің бойынан да сондай орындар ашса артықтық етпес еді. Елордаға жақын жерден Нұра, Сілеті секілді өзендер ағып өтеді. Бұл, біріншіден, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақыттарында жақсы демалуларын ұйымдастыру үшін өте қолайлы болса, екіншіден, бизнесті дамытуға да өзінше серпін берер еді.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button