Мәдениет

Астанаға арнады…

«Қазақстан» орталық концерт залында белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановтың елорданың 20 жылдығына арналған «Астана – менің тағдырым» атты  шығармашылық кеші өтті.

Айтулы шараны өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болған. Кеш шымылдығы композитордың өзгеше өріммен жазылған «Өмірге қайран қалам» атты жаңа шығармасымен ашылды. Жүректің нәзік пернесін қозғайтын дүниеден тіршіліктің тылсым сырларын түсінгендей боласыз. Жалпы, кеш екі бөлімнен құралған. Біріншісінде, автордың симфониялық оркестрдің хорымен классикалық туындылары ойналса, екіншісінде – әлдеқашан көрермен көңілін әдемі әсерге бөлеген әндері орындалды. Онда қазақ ән өнерінің жарық жұлдыздары Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаевадан бастап, кейінгі талантты буын өкілдері – Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Алтынай Жорабаева, Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов, Асылбек Еңсепов, Бауыржан Исаев секілді өнерпаздар Мұхамеджановтың сазды назға толы әсем әндерін тамылжыта шырқады. Сондай-ақ, «Кешью», «Заман», «Музарт Лайф» топтары да концерттің көрігін қыздырды. Мәскеуден әдейілеп шараға әнші Стас Пьеха мен «На-На» тобы да келіп, кеш иесінің абыройын аспандатты.

Бұл кештің бас қаланың мерейтойына арналғаны бекер емес. Төлеген ағамыз елорданың алғашқы іргетасы қаланған сәттен бастап, осы шаһарда еңбек етті. Оның мәдени-рухани өмірінің дамуына үлес қосты. Іргелі өнер ордаларының ашылуына мұрындық болды.

«Биыл елордаға көшіп келгеніме 20 жыл толды. Содан бері осы қаламен өмірім бірге өрілді. Енді ол ешқашан үзілмейді деп ойлаймын. Ғасырларда сирек болатын ұлы істің ортасында жүрдім. Жауапты қызмет істедім. Шындығында, мен өзімді бақытты адам ретінде сезінем. Сондықтан кешімді «Астана – менің тағдырым» деп атадым» деді композитор.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button