Жаңалықтар

ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ



Астанада таңдаған саласында қажырлы еңбек етіп, сол сала үшін маңдай терін аямаған, еліміздің тірегіне айналған ардақты еңбек ардагерлері марапатталды.

Еңбек күніне арналған респуб­ликалық форумда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегеноваға «Еңбек ардагері» медалін табыстады.
Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан Гүлшара Әбдіқалықова әр адамның еңбегі әр уақытта бағалы екендігін жеткізді.
– Біз 2014 жылдан бастап Еңбек күнін атап өтеміз. Бұл мереке – отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз ететін халықтың еңбегіне деген құрметтің белгісі. Сондай-ақ, бұл күн әлеуметтік және экономикалық жетістіктерімізді дәріптеуге арналған. Еліміздің әрбір азаматы адал, риясыз, өнімді еңбектің маңыздылығын санасына сіңіруі керек. Сонда ғана Қазақстан әлемдегі озық елдердің қатарына қосылады. Келешекте ұлттың табыс­тылығы адами капиталдың сапасымен өлшенеді, – дей келе бірқатар еңбек ардагерлеріне
құрмет көрсетіп, марапаттады. Осылайша, үздік еңбек әулеті болып Жұбанышовтар әулеті танылды. Олар 420 жыл бойы
«Қазақстан темір жолында» жүк тасымалы саласында жұмыс істеп келе жатыр.
Сонымен қатар Тілек Харин, Нұрсұлтан Аббасов және Нұржамал Төлеуова номинациялар бойынша марапатталды.
Келесі болып сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбекқор азаматтардың жемісті жұмысына тоқталды.
– Бүгін – еліміздің экономикасының түрлі салаларында қыз­мет етіп келе жатқан 8,5 млн астам азаматтың айтулы мерекесі. Елбасы өзінің «Жалпыға ортақ: Еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында әлемдік өркениет­тің барлық құндылығы, барлық экономикалық және мәдени байлығы виртуалды қаржы инс­титуттарының емес, адамның еңбегімен жасалады деген болатын. Расында да, егемендігімізді алғаннан кейінгі ширек ғасырға көз жүгіртетін болсақ, елімізде 7,5 мың шақырым жол салынып, 113 млн шаршы метр­ден астам тұрғын үй қолданысқа берілсе, 3000-ға жуық мектеп пен ден­сау­лық сақтау нысандары салыныпты. Ал өндірілген жалпы ішкі өнімнің көлемі 1993 жылғы 29,4 млрд теңгеден былтыр 47 трлн теңгеге дейін жетті. Осы нәтижелердің арқасында бүгінде Қазақ елін әлемдік қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретінде танып отыр. Бұл мереке – еңбекші азаматтардың ғана емес, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған 2,5 миллионнан астам еңбек ардагерінің де төл мерекесі, – деді министр.

Гүлдана Талғатқызы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button