ӘлеуметБасты ақпарат

Еңбек көші-қоны: күнгейі мен көлеңкесі



Оншақты жыл бұрын «гастарбайтер» терминін тәжіктер мен өзбектерге қарата қолданатын едік. Қазір қазақтардан да ажырамайтын ұғымға айналды-ау осы. Ел азаматтары Ұлыбритания, Корея және тағы басқа елдерде түрлі салада жалданып жұмыс істеп жүр.

Қай елдер тартымды?

ХХ ғасырдың 60-жылдары еңбек көші-қонының орталығы ретінде Батыс Еуропа елдері – Германия, Франция, Испания, Ұлыбритания саналса, 70-жылдары Таяу Шығыстың мұнай өндіруші елдері – Қатар, Кувейт, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірлігінде еңбек нарығы қарқынды ілгеріледі. Еңбек мигранттарын тартатын ірі орталықтың бірі – АҚШ. Статистика бойынша 80-жылдары Штаттардағы халық өсімінің жартысына жуығы иммигранттар есебінен қалыптасып, бүгінгі АҚШ халқының 15 пайызын құрап отыр.

Мигранттар таңдайтын мемлекетті қарайтын болсақ, тарихи сабақтастық немесе тілдік жақындық байланыстырады. Мәселен, Франциядағы еңбек мигрантының 36 па­йызы Алжир, Марокко және Тунистен арман қуып келеді. Бұрынғы отарлары болған африкалықтарды француз тілі жақындастыратыны анық. Ұлыбританияда екі қолға бір күрек тапқандардың 25 пайызы азиялық бұрынғы колониясы – Бангладеш, Үндістан, Пәкістан, сондай-ақ, 13 пайызы африкалық отары – Оңтүстік Африка, Нигерия және Гана үлесіне тиеді. Испания мигрантының 20 пайызы виза талап етілмейтін Латын Америкадағы бұрынғы отар елдер жатады. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан азаматтары үшін Ресей үлкен еңбек нарығы саналған-ды. Алайда Ресей Украинаға соғыс ашқалы еңбек миграциясы баяулады. Есесіне Корея, Ұлыбритания, Канадаға қызығатындар саны көбейді.

– Адамдардың материалдық игілікке деген қызығушылығы бірінші орынға шығып, ла­йықты өмір іздеп шетел асатын адамдар қатары артты. Бұл – дамушы және кедей елдерге тән құбылыс. Бір жағы, миграциялық үдеріс жаһанданудың бір элементі саналады.

2023 жылы 5 мыңға жуық қазақ Ұлыбританияда маусымдық жұмыс істеді. Аптасына 30 сағат, бір сағатқа 10,1 фунт стерлинг төленді. Осыдан-ақ дамыған елдерде еңбек құнын жоғары бағалайтынын көресіз. Бастысы, ұлттық валютаға қарағанда евро, доллар, стерлинг ондаған есе қымбат, – деді әлеуметтану магистрі Айнұр Анарбек.

2010 жылдары еңбек көші-­қоны жаһандық сипатқа ие болды. Бұрын мыңдаған адам қоныс аударса, геосаяси және геоэкономикалық жағдайға байланысты миллиондаған адам тұрғылықты жерін өзгертуде. Мұндай сипатқа қазақстандықтарды жатқыза алмаймыз, дегенмен жыл сайын шетел асып, әлеуметтік жағдайын түзегісі келетіндер аз емес. Статистика дерегінше, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 45 пайызы шетел асуға ниетті. Жастар сырттан пана іздеуіне не себеп, бұл – ұзақ әңгіме, басқа тақырып.

Түрлі дерек көздерінде 2020 жылы 29 мың Қазақ елінің азаматы Кореяда жалданып еңбек етсе, 2021 жылы 31 мың, 2022 жылы 36 мыңға жетті. Ал Ұлыбританияда 2023 жылы 5 мыңға жуық қазақ маусымдық жұмыс істеді

Маңыздысы, ел аумағынан тыс жерде жүрген отандастар өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Әсел Алматованың сөзінше, шетелдік жұмыс берушілердің екінші деңгейлі банкке кепілдік жарнаны енгізу тәртібі мен шарты жұмысқа орналасқан елдің заңымен реттеледі. Көп жағдайда Қазақстан азаматтары шетелде өз бетінше немесе жұмыспен қамту агенттігі арқылы жұмысқа орналасады. Осыған байланысты біздің елдегі жауапты ведомство жұмысқа орналасу процесін реттей алмайды.

Шетел асу арман ба, қажеттілік пе?

Еңбек мигранттары шетелде жұмыс істеуде үш шартқа жүгінеді. Біріншісі – заңмен реттелген еңбек көші-­қоны. Екіншісі – заңсыз еңбек ­мигранты. Яғни туристік виза немесе ем іздеп барып, гастарбайтер ретінде жұмыс істейді. Кореяда еңбек ететін қазақтар екіншісіне жатады. Үшіншісі – шетел инвестициясымен бірге жоғары білікті жұмыс күшінің көші-қоны.

Оңтүстік Кореяда 4 жылдан аса еңбек еткен Медіғат Серік есімді азаматты сөзге тарттық.

– Кентауда ағамның үйінде жатып, колледжде оқыдым. Мамандығым – энергетик. Ондағы мақсат – Кентау трансформатор зауытында жұмыс істеу. Зауытта жұмыс істейтін ағамның айлығы шайлығынан аспайтын, бір басында бірнеше кредиті бар-тұғын. Осындай тағдыр күтіп тұрғанын біліп, басқа жол іздедім. Кентаудан Кореяға барып жұмыс істейтін жастармен жолығып, жолын сұрадым. Келіскендей, Шымкенттен Ташкентке жетіп, әрі қарай ұшақпен Сеулге ұштық. Әуежайдан түскен кездегі эмоцияны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жат жер, бөтен ел, ешкімді танымаймын, жергілікті жердің тілін де білмеймін. Бойда қорқыныш басым. Бірақ артқа шегінетін жол жоқ. Жолбасшымен бірге Сеулдің сырт аймағына орналасып, жұмыс­ты бастап кеттік. Құрылыста арматура тоқыдық. Мұрын қанайтын жұмыс емес. Есесіне жалақысы жоғары әрі теңгемен салыстырғанда құнды. Капиталды жинап, анама аударып тұрдым. 4 жыл 3 ай жұмыс істедім. Корей тілін меңгеріп, сонда достар таптым. Ауылда мал басы жиналып, отбасымның әлеуметтік жағдайы оңалды. Елге келгеннен кейін жинаған қаржыны бизнеске салғым келді. Бірақ ретін таппадым. Қазір Кореядан көлік алдырып, құжаттандырып, сатуға шығарып жүрмін. Шүкір, жағдайым жақсы, – дейді Медіғат.

Бұдан түйетін ой: шетел асу – арман емес, қажеттілік. Болмаса жүздеген, мыңдаған азамат өзге елге барып жұмыс істей ме? Осындайда «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсіл еске түседі.

Өзбекстанның тәжірибесі қандай?

«Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел!». Бұл – өзбек ағайынның ұраны іспетті сөз. Қазір Өзбекстан азаматтарын Шығыс және Батыс Еуропа, Латын Америкасы және Азияның дамыған елдерінен табуға болады. Белгілі бір деңгейде Өзбекстан Үкіметі азаматтарын өзге мемлекетте маусымдық жұмыс істеуіне жағдай қалып­тас­тырып отыр. Егер өзін жұмыс тауып бере алмадың ба, онда жұмыс күші керек елдерге жолда. Бұл – дұрыс ұстаным. 2023 жылы Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания, Болгария, Латвия, Польша, Германия, Сербия, Финляндия­ға 15 мыңнан аса вакансияға өз азаматтарын жолдады. Ал Оңтүстік Кореяда 69 мыңнан аса өзбекстандық маусымдық жұмыс істеді.

Шынында, Өзбекстан әлемнің бірқатар елімен еңбек көші-­қоны туралы келісімге келген-ді. Сондай мемлекетаралық келісім Өзбекстан-Оңтүстік Корея еңбек форумы аясында бекітілді. Чосонға визаның 7 санаты бо­йынша баруға болады. Біріншісі – A санаты – дипломатиялық, үкіметтік деңгейдегі және халықаралық келісім орнату мақсатында. Екіншісі – В санаты. Бұл бойынша Кореяда визасыз жүре алады. 90 күн уақытша келген адамдар С категориясына жүгінеді. Білім беру, мәдени немесе инвестициялық қызметке байланысты D категориясы 2 жылға дейін беріледі. Е кәсіби және кәсіптік емес қызметпен айналысатын адамдарға арналады. Е категория­сының өзі 11 санатқа бөлінеді. Соның ішінде өзбекстандықтар E-8 (маусымдық жұмыс), E-9 (кәсіби емес жұмыс) санаты бойынша Кореяда екі қолға бір күрек тауып, өз еліне миллиондаған қаржыны тартып жүр. Ста­тистика дерегінде 2021 жылы 50 мыңнан астам өзбекстандық Корей түбегінде түрлі салада жұмыс істесе, 2022 жылы 69 мыңға жетті.

Елде 6 миллионнан астам адамның кредиті бар. Кейбірі 10-12 кредит төлейді. Жылда жалақыға қосылған 20-30 пайыз үстемені инфляция құмға сіңген судай жұтуда. Сондықтан жалақысы жоғары дамыған елдерге баруға асығады

Оңтүстік Кореяда заңды және заңсыз жұмыс істейтін мигранттар саны жағынан қытайлықтар көш бастайды. Вьетнам, Таиланд, Непал, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Филиппин, Индонезия, Моңғолия, Шри-Ланка, Мьянма елінің азаматтары көптеп кездеседі. Оған Орта Азиядағы Қырғызстан мен Қазақстанды қосыңыз. Түрлі дерек көздерінде 2020 жылы 29 мың Қазақ елінің азаматы Кореяда жалданып еңбек етсе, 2021 жылы 31 мың, 2022 жылы 36 мыңға жетті. Бірақ елдегі Сыртқы істер министрлігі де, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де бұл цифрды қысқартып көрсетеді.

Әзірге Қазақстан мен Корея Үкіметі арасында еңбек визасы жөнінде ортақ келісім жоқ. Сондықтан біздің елдің азаматтары онда туристік визамен барып, ретін тауып сонда қалып, жұмыс істейді. Әрі олардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Бұған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілі Әсел Алматованың сөзі дәлел.

Қазақстан қандай қадам жасады?

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбай Парламентте осы сұраққа байланысты мәселе көтерді.

– Ресми дерек, 2022 жылы Оңтүстік Кореяда 9,6 мың ел азаматы заңсыз еңбек мигранты ретінде өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Ал Кореяда отандастар басын біріктіретін орталық 20 мыңға жуық қазақстандық жүргенін растайды. Ең қиыны, онда еңбек ететіндер заңға сүйеніп өз құқығын талап ете алмайды. Егер талап етсе, жұмыс беруші құқық қорғау органдарына арызданып, ұстатып жіберуі мүмкін.

2020 жылы Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев шетелде жұмыс істейтін отандастың қауіпсіз­дігіне алаңдайтынын айтып, Е-9 визасын заңдастыруды тапсырды. Қазақстандықтарды шетелде жұмыспен қамтамасыз етуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты.

Корея Үкіметі «Еңбекке рұқсат беру жүйесін» (EPS) енгізу мәселесін қайта қарастыруды ұсынып, тіпті керек болған жағдайда өздерінің маманын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Алайда әлі күнге дейін мәселе өз деңгейінде шешілген жоқ. Біздің азаматтар қашан заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алады? – деп депутат мәселені төтесінен қойып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.

Екі елдің Үкіметі арасында 7 раундтық келіссөз жүргізілгені, бірақ нақты нәтиже болмағаны белгілі. Бәлкім, 2024 жылдың алғашқы айларында үкіметаралық келісім күшіне еніп, қазақстандықтар Е-9 визасымен уақытша жұмыс істеуге мүмкіндік алатын болар. Бәрін уақыт көрсетеді.

– Қазақстан Үкіметінің Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Әзербайжан Үкіметі арасында еңбек қызметі және еңбекші мигрантының құқығын қорғау туралы келісім бар. Бүгінде халықаралық еңбек нарығында сұраныс географиясы кеңейіп келеді. Осыны ескеріп Түркия, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Қатар, Кореяға барған қазақстандық еңбек мигрантының Еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету туралы жаңа келісімнің жобасы әзірленді, – деді жауапты маман Әсел Алматова.

Корея үкіметінің өз талабы бар: біріншісі – табыс тапқысы келген адамдар Кореяның ішкі заңдарын білуі керек. Екіншісі – корей тілінде тілдесетін деңгейде болуы шарт. Үшіншісі – тек сертификатталған мамандық иелеріне ғана рұқсат етіледі. Бұған еш дау айта алмаймыз. Өйткені әр елдің өз заңы, әдет-дағдысы бар. Барғаннан кейін соған бағынуға тура келеді.

Елде 6 миллионнан астам адамның кредиті бар. Кейбірі 10-12 кредит төлейді. Жылда жалақыға қосылған 20-30 пайыз үстемені инфляция құмға сіңген судай жұтуда. Сондықтан жалақысы жоғары дамыған елдерге баруға асығады.

Еңбек көші-қонының күнгейі ел азаматтарының әлеуметтік жағдайына сәуле түсірсе, көлеңкесі жат жерде қайтыс болған адам көбейіп келеді.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button