Басты ақпарат

Ермек Қизатов: Келесі жылыту маусымында қоршаған орта жақсарады



«Astana» телеарнасының әр дүйсенбі сайын шығатын «Elorda Live» бағдарламасында елорданың өзекті мәселелері жөнінде әңгіме өрбиді. Кеше бағдарлама қонағы болған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов бас қаланы газдандыру жұмысы, энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту жайлы айтып берді. Бүгіннен бастап «Astana» телеарнасы мен «Elorda aqparat» ЖШС-нің бірлескен жобасы ретінде әр апта сайын аталмыш бағдарламаның жазбаша нұсқасын газет оқырмандарына ұсынып отырамыз.

ГАЗ ЕҢ АЛДЫМЕН «КӨКТАЛҒА» КЕЛЕДІ

«Astana» телеарнасы: – Өткен жылы Елбасы «Сарыарқа» магистралді газ желісін салу туралы тапсырма берді. Желі бағыты айқын. Қызылорда облысынан басталып, Жезқазған-Қарағанды-Теміртау арқылы өтіп, Нұр-Сұлтанға келіп тіреледі. Газ желісі астана тұрғындарына не береді?
Ермек Қизатов: – Бұл жоба қаламыз үшін аса маңызды. Газдандандыру барысы қалай жүріп жатқанын үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Жобаға тапсырыс беруші – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы. Жұмыс жақсы қар­қынмен, жақсы кестемен жүріп жатыр. Қала маңында аталмыш компания екі газ тарату стансасын салады. Бүкіл шаһар газды содан алады. Қазір бұл аумақта жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Өз тарапымыздан біз қала ішінде газды қабылдайтын ішкі желілердің құрылысын бастап жатырмыз.
Біріншіден, газдандыру қала экологиясын жақсартады. Жасыратын ештеңесі жоқ, қыс мезгілінде қала қалың тұманның астында қалады. Бұл бәріне белгілі жайт. Екіншіден, бұл жоба қауіпсіздік пен тазалыққа жағымды әсерін тигізеді. Қазір қалада күл мен шлактарды жою, көмірді сақтау проблемалары бар. Жалпы алғанда пештерді ұстау мен тазалау жағынан да түйткілдер туындады. Ал «көгілдір отын» бұл проблемаларды жояды. Сәйкесінше, қала тазарады. Қазіргі кезде тиісті жоба бар. Газдандыру жұмыстары басталды.
«Astana» телеарнасы: – Газ тұрғын үйлерге қашан қосылады?
Ермек Қизатов: – Қаланы газдандыру жобасы үш кезеңге бөлінді. Яғни, қаланың барлық тұрғын алаптарын қамтып отыр. Бірінші кезеңді бастадық. Бұл – 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ны газдандыру. Алғашқы кезең жұмыстарын келесі жылдың наурыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан тыс, тұрғын алаптарды газдандыру жұмыстары да басталды. Газ ең алдымен «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агрогородок» шағын аудандарына келеді. Мердігер ұйым анықталып, жұмысын бастады. Осы компанияның газдандыру жұмыстарын атқаруда үлкен тәжірибесі бар. Бұл ұйым Қарағанды облысында да жұмыс істеп жатыр. Бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде тиісті жұмыстарды атқарды. Біз конкурс жеңімпазымен кездесіп, маңызды мәселелерді талқыладық. Олардың инженерлік, техникалық, технологиялық жарақтануы өте жақсы. Газдандыру жұмыстары кестеден ауытқымай, келесі жылдың ортасында «Көкталды» газбен қамтамасыз етеміз деп ойлаймын.
Қаланың оңтүстік-шығыс аймағы 2021 жылы газдандырылады. Газдандырудан бұрын тиісті жобалау жұмыстарын істеуіміз керек. Себебі, газ қауіпсіз элемент емес. Жобалаудан кейін ғана монтаждау жұмыстары басталады. Қазіргі таңда оңтүстік-шығыс аймағында жобалау жүріп жатыр. Барлық жұмыстарды қыста аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Аймақты газдандыру жоспары 2021 жылға қойылса да, осы күндері тиісті жұмыс­тарды мерзімінен бұрын аяқтап, газды ертерек жеткізуге тырысып жатырмыз. Яғни, оңтүстік-шығыс­тың сол мен оң жақтарына да 2020 жылы газды жеткізсек пе деп отыр­мыз.

ТҮТІН МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

«Astana» телеарнасы: – Түтін мәселесі қала тұрғындарын қатты толғандырады. Бұл проблема бірнеше жыл бойы шешімін таппай келеді. Бұл қашан шешіледі? Астаналықтар қашан қала ішінде кеуделерін керіп, жеңіл тыныс­тай алады?
Ермек Қизатов: – Бұл проблеманы бірнеше мемлекеттік орган қарады. Елбасы да осы мәселеге назар аударды. «Сарыарқа» магистралді газ желісі соның тапсырмасымен салынып жатыр. Бұдан бұрын қаланы газдандыру мәселесі бірнеше мәрте қаралды. Ақыры «Сарыарқа» газ желісін салу шешілді. Газдандыру дегеніміз не? Біріншіден, әртүрлі экологиялық зиянды қалдықтардың мөлшерін ауада азайту. Газ бен көмір қалдықтарының арасындағы айырмашылық 10 есеге дейін жетеді. Яғни, газ тартылған соң қалаға зиянды қалдықтардың таралуы 10 есеге азаяды. Бұл ондаған, мыңдаған тонналар мөлшерімен өлшенеді.
Келесі жылы 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның барлық су жылытатын қазандықтарын газға ауыстыруға болады. Яғни, газдандырудың үлкен бастау көзі – ЖЭО-лар. Тұрғын алаптарды газдандыру басталғанда үйлерді пешпен жылыту азаяды. Сонда келесі жылыту маусымында экологияның жақсарғанын айқын анғарамыз. 2021 жылдың аяғы мен 2022 жылдың басында түтін мәселесін толығымен жоямыз. Бізде нақты, бәріне түсінікті жоспар бар. Сол жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен көмірден құтылып, газға көшеміз.

3-ЖЭО 2021 ЖЫЛЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

«Astana» телеарнасы: – 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО газға қалай көшіріледі? Оның неше кезеңі бар? Қондырғылар ескі болғандықтан, газға көшірудің техникалық мүмкіндіктері қандай?
Ермек Қизатов: – 1-ЖЭО-да үш қазандық бар. Бұл қазандықтарды келесі жылы газға көшірмекпіз. Қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті материалдар дайындалып, жобалық-сметалық құжат әзірленді. Сонымен қатар 2-ЖЭО-да да дайындықты бастадық. Онда алты су жылытқыш қазандықтың үшеуін келесі жылы газға көшірмекпіз. Негізгі жұмыстарды жылыту маусымы кезінде, наурыз айында жүргіземіз. Дайындық жұмыстарының ішіне ЖЭО аумағына газ тарту, қажет қондырғыларды, автоматтық басқару жүйесін орнату, өртті алдын алу секілді көптеген техникалық жұмыстар кіреді. Газға көшірудің жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Бұл құжатты алдағы қазан айында аламыз деп жоспарлап отырмыз. Оң шешім болса, мердігер ұйымды анықтау жұмыстары басталады. Газға көшірілетін барлық қазандықтардың техникалық аудитін өткіздік. Олардың техникалық жағдайын бағалау жұмыстарын толығымен жасадық. Қазандықтардың жағдайы өте жақсы екен. Яғни, белгілі бір проблемалар мен шатақ тудыратын жағдайлардың алдын алдық. Бұған қоса, қазандықтарды жасаған Барнаул техникалық зауыт өкілдерін шақырдық. Олардың сарапшылары, тәуелсіз сарапшылар бәрін тексерді. Қазір қазандықтар көмірден газға көшіруге дайын деп айтуға болады.
«Astana» телеарнасы: – Қалада 3-ЖЭО салынып жатқанын білеміз. Қазір жұмыс істеп жатқан ЖЭО-лар жүйеге түсіп жатқан салмаққа қаншалықты төзіп келе жатыр? Қала жылдам өсіп жатқандықтан, жаңа ЖЭО-ға сұраныс қаншалықты болып отыр?
Ермек Қизатов: – 3-ЖЭО бойынша құрылыс-монтаждау жұмыс­тарының 70 пайызы жасалды. Қазір жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр. Біз су жылыту және энергетикалық бөлімдерді екіге бөлдік. Су жылыту қазандықтарын бірден газға көшіріп жатырмыз. Көмір қосымша құрал ретінде енгізіліп отыр. 3-ЖЭО бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. 2021 жылы орталықты іске қосуды жоспарлап қойдық. Мұны іске қосу қала үшін өте маңызды. Себебі, бұл орталық жылу қуатын 15 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. Қала өсіп жатыр. Бұл жағын дұрыс айттыңыз. Тиісті институттар, сарапшыларды шақырып, қала әкімі деңгейінде мәселені қарадық. Қазір 2030 жылға дейін қалаға қанша жылу қуаты керек болатынын есептеп шығардық. Тиісті бағдарлама қабылданды. Газдандыру жылу қуатын арттыруға да септігін тигізеді. Осылайша бүкіл қаланы проблемаларсыз жылу мен электр­энергиясын қамтамасыз етеміз.

КӨМІРДІҢ БАҒАСЫ 12,5-13,5 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН АСПАЙДЫ

Анар Молдабекова, көрермен: – Қалада жылыту маусымы қашан басталады?
Ермек Қизатов: – Бұл жұмыс екі кезеңнен тұрады. Алдымен жылуды жіберетін жолдарды іске қосамыз. Олардың қысымдары тексеріліп, қазір жылу режимінде тұр. Яғни, 100 пайыз дайын. Қазір өтініштер бойынша балабақшалар мен мектептерге, емханалар мен ауруханаларға жылуды жіберіп жатырмыз. Жылыту маусымын толығымен 15 қазанға дейін бастаймыз. Егер бұл мерзімге дейін температуралық режим өзгере бастаса, 5 күн бойы ауа температурасы 10 градустан төмен болса, онда жылуды қосамыз. Өткен жылы жылуды қыркүйек айының аяғында қосқан едік. Биыл күз мезгілі жылы боп тұр.
«Astana» телеарнасы: – Қалада көмір алуға құқылы азаматтардың жекелеген санаттары бар. Бұл жүйе туралы әңгімелеп берсеңіз.
Ермек Қизатов: – Қала әкімдігінің сайтында көмір алуға құқылы азаматтардың жекелеген санаттары берілген. Оларға әлеуметтік статусқа, тұратын ауданына байланысты белгілі бір мөлшерде қаржы бөлінеді. Қалада жалпы көмір тарататын сегіз орын бар. Көмірді жеткізумен негізінен үш компания айналысады. Өткен жылдардың олқылақтарын ескеріп, олармен кездесулерді өткізіп, меморандумдарға қол қойдық. Ең алдымен көмірдің сапасына байланысты әңгіме жүргіздік. Қорытындысында энергетикалық көмірді пайдаланудан бас тартуға, оны тұрмыстық көмірмен араластырмауға келістік. Негізгі жеткізушілер де анықталды. Көмір Шұбаркөл, Қаражыра разрездерінен жеткізіледі.
Сосын көмірге қатысты дүрлігісті тудырмаудың әрекетін жасадық. Мұның механизмі әзірленді. Қалада жеке секторға жылына шамамен алғанда 500 мың тонна көмір керек. Осы күнге дейін оның 125 мың тоннасы әкелінді. 20 мың тоннадай қоймаларда жатыр, өзге 105 мың тонна жеке секторға жеткізілді.
Көмірдің бағасы бойынша жауапты мемлекеттік органдарымен жұмыс істеп, бағаны меморандуммен бекіттік. Тоннасы сапасына байланысты шамамен 12,5 мың теңгеден, 13,5 мың теңге ара­лығында сатылады деп келістік. Қазір күн сайын, демалыс күндері де көмір бағасы мен сатылуының мониторингін жүргізіп отырмыз. Бізде iKomek 109 арнайы қызметі де барын білесіздер. Оған белгілі бір заңбұзушылықтар орын алғанда хабарласуға болады.
«Astana» телеарнасы: – Әлеуметтік көмірді алу үшін тұрғындарға қайда хабарласу керек?
Ермек Қизатов: – Ең дұрысы, әкімдіктің сайтына жүгіну. Онда ережелердің бәрі жазылған.

Дайындаған
Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button