Мәдениет

ЭРМИТАЖ ЖӘДІГЕРЛЕРІ – АСТАНАДА



Астанада үш миллионға жуық жәдігері бар әлемдегі ең үлкен мұражай Эрмитаждан әкелінген қару-жарақ көрмесі өз жұмысын бастады. Елорда тұрғындары мен қонақтары мұражайда сан жылдар бойы сақталған бірегей қару үлгілерін көзбен көру мүмкіндігіне ие болды.

Көрмеге Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы, Ресей Фе­дерация­сының Қазақстан Респуб­ликасындағы елшісі Михаил Бочарников, ЭКСПО-2017 көрмесіне келген шетелдік қонақтар мен ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аталмыш көрмеге Шығыс пен Батыстың 70-ке жуық қару-жарақ өнерінің үлгісі ұсынылған. Оның ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінде әскерде, аңшылықта, мерекеде пайдаланған қаруларды кездестіруге болады.

Іс-шараны ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, қару-жарақ жасау өнерінің Эрмитаж қорынан жинақталған көрмесі ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылып отыр. Бүкіл дүниежүзіне әйгілі, әлемде адамдар ең көп баратын 20 музейдің бірі болып саналатын
Эрмитаждың келуі – Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы достық қарым-қатынастың айғағы екенін атап өтті Мемлекеттік хатшы.

«Эрмитаж – әлемдегі ең үлкен және елеулі көркемөнер мен мәдени-тарихи мұражайлардың бірі. Эрмитажда сан жылдар бойы сақталған бірегей қару үлгілерін тамашалауға болады. Көрменің хронологиялық аясы ХV және ХІХ ғасыр аяғына дейінгі үлкен уақыт аралығын қамтиды. Көрме экспонаттары қарудың үздік үлгілерін көрсетіп қана қоймай, олардың техникалық мінсіздігінен де сыр шертеді» дейді ұйымдастырушылар.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button