Басты ақпаратҚала тіршілігі

ЕРТЕҢГІ ЕЛОРДА



Астана қаласының Бас жоспары – елорданың тыныс-тіршілігіне қолайлы орта туғызып, орнықты дамытуды көздейтін басты құжат.

Елімізді жаңа деңгейге көтеру үшін астана Ақмолаға көшірілгенде1996 жылы қаланың Бас жоспарын қайта қарау қарастырылды. Осы тұста Қазақстан сәулетшілері арасында өткен байқауда КСРО халық сәулетшісі Қалдыбай Монтақаевтың бастамасымен әзірленген Бас жоспар үздік деп танылған еді. Дегенмен күн санап көркейген Астананың алға қойған мақсаттары да ұлғайып, бас жоспарға қайтадан халықаралық байқау жариялау туралы шешім қабылданды. Сөйтіп 1998 жылы ұйымдастырылған бәйгеде әлемдік сәулет өнерінің шебері Кисе Курокова үздік атанып, оның жобасы мемлекеттік деңгейде қолға алынды.

Астана қаласының Бас жоспарына үңілсеңіз, қаланың перспективалық дамуы таңдай қақтырады. Көліктік инфрақұрылым, абаттандырылған кешендер, қоғамдық, мәдени, іскерлік орталықтар, туризм және демалыс нысандары Астананың келісті келбетін одан әрі айшықтайды. Еуразия континентіндегі елдердің ынтымақтастық және өзара іс-қимыл орталықтарының бірі ретінде қалыптастыруды мақсат еткен жоспарда Астананың сәні мен салтанаты жарасып-ақ тұр.

Осы уақытқа дейін аспанмен таласа бой көтерген әсем ғимараттар мен пайдалануға берілген өзге де нысандардың саны 650-ден асады. Ал бас жоспарды байыптасақ, бұл қаланың 30 пайызын ғана құрайды. Ал қалғаны бүгінгі күннің және болашақтың еншісінде.

«ЖАБЫҚ ҚАЛАДА» – МӘҢГІ ЖАЗ

Астана болашақта Асан қайғы бабамыз армандап кеткен құтты мекенге, электр энергиясы мен ауыз суды тиімді пайдаланатын, ақылды технологияның өркендеген қаласына айналмақ.

-40 градус аязда мамыражай күн кешетін жайлы өмір «Жабық қала» жобасында қолға алынған. Жабық шар секілді дөңгелектің астында екі шақырымды алатын бұл қала он мың адамға лайықталған. Оның барлық нысандары метро сияқты бір-бірімен жалғаспақ. Кешен орталығында балабақша, мектеп, аурухана, кеңсе, сауда орталығы, аквапарк, ойын-сауық кешені, спорт сарайы, SPA-салондары және кинотеатр орналасады. Жыл бойы жаз болып тұратын қалашықта жасанды жағажайы бар хауыз жұмыс істесе, маңайындағы экзотикалық пальмалар көпшіліктің көзайымына айналмақ. Осылайша шұғыл континентальді суық ауа райына төтеп беретін жоба, мамандардың айтуынша, Лондонның «Мыңжылдық күмбезін» артта қалдырады деп күтілуде.

Жабық қаланың жоғарғы жағынан көз тастасақ, ұшып бара жатқан құстың бейнесі қазақтың ұлттық ою-өрнегін еске түсіреді. Сәулетшілер басты назарды қаланың экологиялық тазалығына әрі сейсмикалық қауіпсіздігіне аударған. Ертегідегідей қиял-ғажайыпқа толы ақылды қаланың күмбезі өте берік, төзімді, жылу өткізбейтін текслоннан жасалса, қала төбесінің бес пайызы ғана жабық болатын көрінеді. Экологиялық таза қала деуіміздің себебі, мұндағы көліктердің барлығы электр зарядымен жүретін болады. Жаяу жүргіншілер мен арнайы велосипед жолдарында халыққа қашанда такси қызметі дайын. Қалталылар мен атақты адамдардың емес, Қазақстандағы зияткер жастар мен талантты жеткіншектердің, ақын-жазушылардың қаласына айналатын жобаға ұлттық жоба деп баға беруге болады.

Бас жоспарда жабық қалаға көршілес шағын аудан «Венеция» деп аталады екен. Қалашықтағы ғимараттар арасына жасанды су арналары тартылып, ескекті қайықтар қатынайды. Тап Венециядан кем емес. Көргенді ынтықтыра түсетін бұл көрініс Астананың алдағы жылдардан күтетін қуанышы.

АСПАНМЕН ТАЛАСҚАН – АБУ-ДАБИ ПЛАЗА

Астананың тағы бір таңғажайыбы – Абу Даби Плаза кешені. Жоба авторы – Норман Фостер. Кешен 88 қабат мұнарадан, қонақ үй, дәстүрлі қазақ базары мен футбол алаңындай жерді алып жатқан қысқы бақтан тұрады.

Сондай-ақ, жеңіл метро стансасы мен аумағына қоғамдық алаң енеді. Тұтас кешен 24 сағат бойы тәулігіне автономды түрде жұмыс істейтіндей етіп жобаланған. Жанға керектің бәрі бар кешеннің конструкциясы суықты жібермей, күннің жылуын барынша мол алуға тырысады. Ең биік ғимараттар солтүстік тұстан орналастырылған және даладан соғатын суық желге «сыртын» беріп тұр, ал күн панельдері оңтүстікке бағытталғандықтан су жылытуға арналған энергия жинайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл нысан – эко дизайн концепциясының мінсіз жүзеге асуы. Индустриалдық-инновациялық дамудың үздік жетістігі десек те артық емес.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕМЕЙДІ

Демографиялық дамудың нәтижесіне сәйкес Бас жоспарда қала халқының саны 1 млн 500 мың адам деп болжанған. Сондықтан қаланың магистральдық аумақтары, орталық аудандар, қоғамдық тораптар және жоғарғы қарқынмен пайдаланылатын құрылымдық бөліктердің тығыздылығы алдын ала есептелген екен. Бұрын қаланың мамандандырылған саласы өнеркәсіп пен көлік болса, бүгінде мемлекеттік басқару, ғылыми және білім беру кешендері, республикалық маңызы бар мәдениет, денсаулық сақтау қызметтері басты рөл атқарады. Бас жоспардың стратегиясында көлік- логистикалық орталығы, шағын және орта бизнесті, туризм және спортты дамыту бағыттары кеңінен қарастырылған.

Болашақта Астана қаласының қайталанбас сәулеттік құрылысы, тарихи-мәдени мұралар мен табиғи аймақтар 8 құрылымдық кіндік нүкте бойында қалыптаспақ. Оның бойында орталықтан шетке қарай биіктік ауыса отырып құрылыс сатылана бой көтереді.

Бүгінде ескі қаладағы көнерген үйлері көп Тілендиев, Сарыарқа, Бейсекова, Асан қайғы көшелеріне, «Шұбар», оңтүстік шығыс аудандағы үйлердің орнына алдағы жиырма жылдың ішінде биік нысандар салу Бас жоспарда көзделген. Есіл өзенінің алқабы мен Ақбұлақ пен Сарыбұлақ салаларында «Бурабай», «Қарқаралы», «Қорғалжын», «Баянауыл», «Ерейментау» секілді ұлттық табиғи парктердің жалғасы болып, скверлер мен желек жолдар салынады. Сондай-ақ, 2030 жылға дейін жылына 7 миллион жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай пайдалануға берілмек. Біреуі жүк, екіншісі жолаушыларға арналған екі сапаржай салу жоспарда бар. Олардың бірі өнеркәсіп аймағына салынса, екіншісі 9-шағын аудандағы Мүсірепов көшесінде орын теппек. Ал бізді қуантқаны – жер үсті метросын салу жобасы 2014 жылы басталады.

Қысқасы, біз көз жүгірткен Бас жоспардағы Астана әлемнің алдыңғы қатарлы отыз қаласының қатарынан орын алатынына сендірді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button