Мәдениет

«Есігімді қаққан кім?» драмасы көрсетіледі



Астана қаласында «Есігімді қаққан кім?» атты драмалық қойылым көрсетіледі. 17 қазан күні Оқушылар сарайында сахналанатын шығарма қала әкімдігінің қолдауымен өткізілгелі отыр.

095b7adc-d3c5-44c4-8cba-3c484fd5363f_cx8_cy2_cw92_w987_r1_s_r1

Аталмыш туынды белгілі жазушы-драматург, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» атты пьесасынан сахналанған. Шығармада соңғы уақыттарда елдің тыныштығын бұзып отырған теріс сипаттағы ағымдар мен білместікпен қауіпті жолға түсіп жатқан жастар жайы айтылады. Мұндай жастардың өмірін автор діни экстремистердің шеңгеліне тап болған жас отбасы Асқар мен Гүлнұрдың басынан өткен оқиғалар арқылы жеткізген. Білместікпен теріс жолға түсіп адасқан екі жас шет ел асып, лаңкестердің ордасына қалай түскенін білмей қалады. Көп ұзамай өздері тап болған топтың түпкі мақсаты дін емес адам өлтіру, тонау, зорлық-зомбылық екенін сезіп қатты өкінеді. Алайда бәрі кеш еді. Лаңкестердің қолынан босап шығу еш мүмкін болмайды. «Қойылымның негізгі мақсаты – болашақ жастарды кейіпкерлердің тағдырын қайталамауға, ата-баба дәстүрімен жүруге үгіттеу. Өкінішке қарай, еліміздегі наным-сенім еркіндігін пайдаланып небір қауіпті ағымдар келіп кіріп орнығып алды. Соның салдарын енді сезіп отырмыз. Жастар адасып, соғыс аңсап шет ел асып, адасып жатыр. Бұл – тек біз ғана емес, жалпы жаһандық мәселеге айналып отырған дүние. Онымен жалпы адамзат болып күресу керек. «Есігімді қаққан кім?» дегенді үйдің есігі деп түсінбеу керек. Олар үйдің есігі емес, сана мен түйсік есігі. Оны кім қағып жатыр, қандай мақсатпен қағып жатыр. Айтқым келгені осы» дейді драма авторы Жабал Ерғалиев.

«Есігімді қаққан кім?» драмасында басты рөлдерді Күлия Қожахметова, Жанқалдыбек Төленбаев, Алтынай Нөгербек сынды актерлер сомдайды. Қоюшы режиссері – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button