Елорда тынысы

Есілдің балығы көбейді



Күйгенжар кентінің аумағында Есіл өзеніне күзгі балық жіберу жұмысы жүргізілді. Бұл іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы өткізді.

Елдің солтүстік өңірлеріндегі су айдындарында шортан, көксерке, алабұға, мөңке, қарабалық, дөңмаңдай, тұқы (сазан), ақ амур және тағы басқа балық түрі кездеседі. Астана қаласының аумағындағы Есіл өзені мен көлдерге ақ амур мен тұқыны көп жібереді. Себебі ақ амур шөптің балансын сақтап, шылау мен балдырдың шамадан тыс көбейіп кетпеуіне әсер етеді. Тұқы қорек талғамайды, тұщы және тұзды суда да өмір сүріп, тез өсіп, көбейеді.

Шығыс Қазақстан облысын елдің балығы ең көп өңірі деуге болады. Бұл облыстың су айдынында 59 ірі кәсіптік балық аулау учаскесі және 97 шағын балық шаруашылығы бар. Соның бірі – «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС. Серіктестік мемлекеттік тапсырыс аясында балықтандыру жұмысын өз мойнына алып, 10 қазанда 100 мың дана тұқы балығын, 31 қазанда тағы 100 мың ақ амурды жеткізіп, Есіл өзеніне жіберді.

– Тұқы да, ақ амур да қармақты тез қабады. Осы себепті әуесқой балықшылар үшін қажетті. Оның үстіне, балықтың бұл екі түріне нарықта үлкен сұраныс бар. Осы себепті «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС Есілге көбінесе тұқы мен ақ амурды жібереді. Әрі өзенге балық жіберу көктем және күз айларында тұрақты өткізіліп келеді, – деді Астана қаласы Есіл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы бөлімінің басшысы Жангелді Қарабаев.

Өзенге балық жіберу іс-шарасына Есіл облысаралық балық шаруа­шылығы бассейндік инспекциясы, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейн­дік инспекциясы, Ақмола облысы бойынша «BD» балық шаруашылығы қауымдастығы және «Балық шаруа­шылығының ғылыми-өндірістік ор­талығы» ЖШС солтүстік филиалының қызметкерлері қатысты.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button