Басты ақпарат

Есірткі бизнесі: ұлтқа тосын қауіп



Нұр-Сұлтан қаласында есірткіге қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Қазір нашақорлықтың алдын алу, жастарды осы бір алапат кеселден сақтау, оған қарсы бітіспес майдан ашу құқық қорғау саласы мамандарының алдында тұрған ең маңызды міндет болып отыр. Статистика мәліметтері бойынша тек елорданың өзінде 1170 нашақор ресми есепте тұрады екен. Олардың 160-ы әйел болса, 900-ден астамы отыздың айналасындағы жастар. Бұл тек тіркелгені ғана. Ал сайда саны, құмда ізі жоқ, көше кезіп, әр жерде бір тығылып жүргендері қаншама?!

[smartslider3 slider=3880]

Жақында ғана осы тақырыптағы брифингте келелі әңгіме өрбіткен  Нұр-Сұлтан қаласы Полиция депатраменті Тергеу басқармасының бастығы Қайрат Артықов есірткі бизнесінің ұлттың саулығына, елдің экономикасына төніп отырған орасан зор қауіп екенін айта келіп, осы қылмыспен кешенді де жүйелі күрес жүргізіліп келе жатқанына жан-жақты тоқталды.

Бұрын Қазақстанға бұл зарар шетелден әкелінетін болса, кейін­гі жылдары өзімізде-ақ есірткі зертханалары пайда бола бастады. Онда жастардың есіп алып, өміріне аса қауіп төндіретін «Альфа пвп» деген синтетикалық бәлекет өндірілетіні анықталып отыр.

Осыған байланысты бұл саладағы жағдай да күрт өзгеріп отыр. Нашақорлық жасарып барады. Медициналық соңғы мәліметтер бойынша он екі жасар нашақор тіркелгені бар. Оның үстіне жаңа психопәрменді заттар өте арзан сатылады. Әрі оған жасөспірімдер тез бейімделіп, бір қолданғаннан тәуелділік пайда болатыны анықталды.

2021 жылы елімізде үш тоннаға жақын  есірткі тәркіленсе, 2022 жылдың алғашқы жарты жылдығында тек елордада ғана 25 келі синтетикалық есірткінің жолы кесіліп, оны сатып, таратудың 169 оқиғасы тіркелген. Мұндай қылмыс түрі әсіресе, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларымен қатар Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Ақмола облыстарында көбірек байқалды.

Арнаулы жүргізілген шұғыл жұмыстардың нәтижесінде осындай қылмыспен тұрақты айналысып келген қылмыс әлемінің екі серкесі мен он бір есірткі саудалаушы қолға түсті. Олардан қылмыстық жолмен табылған жиырма екі миллион теңге тәркіленді.

Кейінгі кезде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі заңды тұрғыда ауқымды істер атқарды. Атап айтқанда, дәріханаларда дәрілік заттар ретінде астыртын сатылатын психикалық тез әсер етуші заттарды сатуға бақылау жасауға қол жеткізді. Тіпті емдік шөптердің өзін, қосымша препараттық сипаттағы заттардың да кейбір түрлерін қазір дәріханаларда арнайы рұқсатсыз сатпау туралы бұйрықтар шығарылды. Сонымен қатар қазір күйгелектік пен күйзеліске қарсы ішетін БАД тәрізді дәрілер мен метил спиртін, эфир қышқылы мен құрамында химиялық заттары бар сұйықтықтардың да өзі бақылауға алынды.

Көпшілікке белгілі, есірткі заттары көбіне арнайы сайттар арқылы, аккаунттар мен басқа да ақпараттық ресурстар арқылы таралып жатады. Осы бағытта 2022 жылдың алғашқы жарты жылдығында құқық қорғау органдары интернетте 400-ге тарта осындай ақпараттық бетті анықтап, тізгіндеген. Есірткі саудасымен жүйелі айналысушыларды құрықтау оңай емес. Олардың қулығына түйе бойламайды. Кейбіреулері шет елде отырып, заңсыз жарнамалар жариялап, кеселді насихаттарын жүргізетіндігі белгілі болды. Жыл басынан бері осындай 48 қылмыс тіркелген.

Елімізге келген кешегі «Covld-19» індеті кезінде «жұмыртқыдан жүн қырыққан» қылмыскерлер асқан пысықтық танытып, «өз өндіріс­терін» ашып үлгірген. Мәселен, өткен жылы Алматы қаласында Қазақстан тарихындағы ірі есірткі зертханасы анықталып,  құқық қорғау органы қызметкерлері 55 келі аса күшті мефедрон есірткісін тәркіледі. Оның астыртын бағасы 2 миллиард теңгеден астам болып отыр.

Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері еліміздің үш қаласынан толық есірткі өндірісімен айналысып келген әрі өте күшті де қауіпті синтетикалық заттар шығарған зертхана жабдықтарының көзін жойды.

Бүгінгі күні елімізде халықтың денсаулығына және жалпы ұлттық қауіпсіздікке төнетін жаһандық қауіп ретінде есірткі бизнесі мен нашақорлықтың өсуі алаңдатып отыр.  Халықаралық сарапшылар мәселені шешудің әркелкі тәсілдерін ұсынады. Әсіресе, қылмыстық заңнаманы түбегейлі қатаңдату мен жазалау шараларын  күшейту көбірек айтылып жүр.

Қоғамда есірткіге қарсы күрес жүйелі және батыл жүруіне қарамастан, жасөспірімдер арасында нашақорлық азаймай отыр. Осы зұлматты нақты жою жолдары ең бірінші есірткіні тұтынушы ретінде сатып алатын адамдарға ғана емес, есірткі бизнесін ұйымдас­тырушыларды, таратушылар мен сатушыларды анықтап, жолын кесуге дендеп бағытталуы тиіс.  Әрі бұл  бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, әрбір қала тұрғыны атсалысып, дендеп күрес жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімі табылмақшы.

 


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button