Қала мен Сала

ЕСКЕРТКІШТЕР ЕКШЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ



Бейсенбі күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия­ның үшінші отырысы өтті. ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы – Ұлттық комиссия төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен өткен бұл басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларға орай соңғы төрт айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.

Оның алдында ҚР Ұлттық музейінде ұйымдастырыл­ған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми-сараптамалық кеңесінің алғашқы отырысында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасы талқыланды. Аталмыш жоба әлі бекітілген жоқ. Әзірге оған 100 нысан енгізіліп отыр. Тізімді толықтыру немесе қысқарту – алдағы күндердің еншісінде. Осы мәселелер ортаға салынып, кеңес мүшелері өз пікірлерін білдірді.

Жобаға енгізілген нысандар аймақтардан алынған ақпараттар негізінде түзілді. Сондай-ақ, «Қасиетті Қазақстан» орталығының қызметкерлері киелі жерлерді анықтау мақсатында бірқатар өңірлерге барып келді.

Жалпы, «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер», «Ортағасырлық ірі қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары», «Діни және ғибадат орындары», «Тарихи тұлғаларға қатыс­ты қасиетті орындар» және «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» атты алты бағыт бойын­ша жұмыстар белгіленді. Осы бағыттар бойынша алда зерт­теу экспедицияларын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Нысандардан атауларын да нақтылау қажет. Соның бірі – «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» тізіміне еніп отырған Алтай өлкесіндегі Мұзтау шыңы.«Алтайдағы Мұзтау шыңы – шартты атау. Оның негізгі аты – Ақсөре» деген тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев бұл шың­ға қатысты шекаралық мәселені де анықтау қажеттігіне назар аударды. Оған «Қасиетті Қазақстан» орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлы жауап берді.

«Мен таяуда бұл өлкеге арнайы барып келдім. Шекара шыңнан өтеді. Сондықтан оның жартысы Қазақстанда да, жартысы басқа елде. Басында өзім бұл шыңды табиғат тұрғызған ғой, сондықтан мұралар қатарына қоспайық деп ойлағанмын. Бірақ жергілікті мамандар алатын ор­ны туралы айтып, Мұзтау ата­уымен құжатын бізге берді. Сол жақтағы ағайындар да бұл біз үшін қасиетті орын деді. Бұл мәселе әлі нақтыланады» деді орталық жетекшісі.

«Шекаралық аймақтарда орналасқан, әртүрлі саяси жағдайларға байланысты ұмытылған ескерткіштер бар. Бұл – өте өзекті мәселе. Сосын мынандай мәселені айт­қым келіп отыр, ұлы Ертістің бо­йындағы ескерткіштерді жеке бөліп ала алмайсыз. Павлодар облысында Сырлы қала, Ақ сарай, Жаңа сарай аталатын ес­керткіштер кездеседі. Семейдің өзінде осындай нысандар жолығады. Оларды бөліп-жармай, «Ұлы Ертістің белдеуіндегі ескерткіштер» немесе «Ұлы Ертістің белдеуі» деп атау керек шығар. Әлихан Бөкейханда «Ұлы Ертістің белдеуі» деген әдемі мақала бар. Маңғыстаудағы ескерткіштерді топтадық қой, сол сияқты ұлы Ертіс бойындағы нысандарды да топтасақ деген ұсынысым бар» деді Жамбыл Артықбаев.

Сондай-ақ, тарихшы «Археологиялық және архитектуралық ескерткіштер» тізіміне енген Ақмола облысының Ерейментау ауданы аумағындағы Қосбатыр-
Қумай ескерткіші туралы сөз сабақтап, «Қумай» қосымшасы артық деген пікірін жеткізді. Әлкей Марғұланның «Ерейментау тас балбалдары» еңбегін мысалға келтірді.

Ғалым даулы мәселеге ұрын­бас үшін хронологияны келтірудің қажетсіздігін атап өтті. Мәселен, «Ортағасырлық ірі қалалық орталықтар және Қазақ хандығының астаналары» тізімінде «Сығанақ қалашығы VI-ХІХ ғасырлар» деген анық­тама тұр. Тарихшы оған «Сығанақ қалашығы ХVІІ ғасырда құлады» деген уәж келтіріп отыр.

Осы сияқты «Діни және ғибадат орындары» тізіміндегі Абат-Байтақ кесенесіне қатысты: «Өзіміз Абат-Байтақ кесенесін ХІV-XV ғасырларға жатқызамыз. Алайда Ақтөбедегі бірқатар зерттеушілер оны оғыз-қимақ дәуіріне апарады. Сол жақтағы тарихшылар бір мәмілеге келмей жатыр. Тектұрмас кесенесін мен кешен деп атаймын. Ал көп жерде ол кесене болып аталып жүр. Негізі, кесене бертін салынған. Оның жерасты үңгірін, тағы басқа нысандарды есепке алғанда оны кешенге жатқызу керек» дейді Жамбыл Артықбаев.

«Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» қатарына «Таңбалы тас» ескерткішінің енгізілгенін ғалым өте дұрыс санайды. «Осы ескерткіш қараусыз қалған еді. Бұл – қазақ бірлігінің символы. Әу баста оған 500 таңба салынған» дейді тарихшы.

«Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» тізіміне Астанадағы «Отан қорғаушылар», «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш», «Астана-Бәйтерек», «Қазақ елі» монументтері мен «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы енгізілді. Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, алдында аталған ескерткіштер ел басына күн туған кезеңдерді ұмытпау үшін, ал кейінгілері ұлттық жаңғырудың символдары ретінде қарастырылып отыр.

Тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашев хронологияға қатысты мәселеде әріптесін қолдады. «Маңғыстаудағы Шақпақ ата жерасты мешіттері ІХ-Х ғасырларға сәйкес келмейді. Олар ХІV ғасырда ғана пайда болыпты. Біз қазба жұмыстарын жүргізгенде ХІV ғасырдан төмені жоқ екенін анықтадық. Негізінен, бұл ескерткіштер Алтын Орда дәуірінде салынды. Сондықтан кейбір тарихи ескерткіштердің атын ғана тізімге енгізу керек. «Таңбалы тасты» алсақ, ол толық қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді. Бұл – өте маңызды нысан» дейді ғалым.

Бұл мәселені түсіндіре кеткен Берік Әбдіғалиұлы бұл бес жылға арналған бағдарлама екенін, бастапқыда алдарында «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасындағы нысандарды анықтау мақсаты тұрғанын жеткізді. «Меніңше, 100 нысанмен шектелмейміз. Бұл жобаға бүгінгі кеңестің қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия сараптама жасап, бір-екі ай көлемінде бекітеді. Келесі жылдары қосымша зерттеулер жүргізіледі. Жалпы, Қазақстанда 1000-ға жуық қасиетті орындар бар» деген орталық басшысы назарға жалпыұлттық маңызы бар 100 нысан мен жергілікті деңгейдегі 500 нысан алынғанын, бес томдық энциклопедия шығару жоспарланғанын айтып өтті.

Аманғали
Қалжанов

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button