Жаңалықтар

ЭКСПО-2017: КӨРМЕДЕ НЕНІ ҚЫЗЫҚТАЙМЫЗ?



«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі – баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін талқылау үшін таптырмас мүмкіндік. Дегенмен 93 күнге жалғасатын көрме мәдени-танымдық, спорттық шаралардан кенде емес. Біз Астанадан алыстамай-ақ, терракот әскерін тамашалауға, ежелгі Мысыр ескерткіштеріне саяхат жасауға және Эрмитаждағы экспонаттарды көруге шақырамыз. 

ТУРИСТЕР ҮШІН ТАРТЫМДЫ ТЕРРАКОТ

6546546565656565

Өтетін орны: ҚР Ұлттық музейі
Күні: 9 маусым – 10 қыркүйек
Уақыты: 15:00

ҚР Ұлттық музейінде 9 маусымнан 10 қыркүйекке дейін аты аңызға айналған император Цинь Шихуандидің терракот әскері музейінің көрмесі өтеді. Келушілер ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімі­не енгізілген әлемдік өнер жау­һары – Цинь династиясының терракот мүсіндерімен танысады. Жауынгерлердің мүсіндері нағыз өнер туындысы десек артық емес, әр мүсіннің кескіні мен бет-әлпеті қайталанбайды. Көрмеге елуге жуық археологиялық бұйымдар қойылады. Атап айтсақ, әскерлердің мүсіндері, қару-жарақтар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлер көрерменнің көзайымына айналады.

Тарихқа үңілсек, Цинь Шихуанди тақта бір жыл отырғаннан кейін б.з.д. 246 жылы өзінің мазарын сала бастады. Патша 8099 қытай жауынгері мен олардың аттары о дүниеге серік болады деп сеніп, олардың мүсінін саз балшықтан күйдіртіп жасайды. Туристер үшін Сиань қаласындағы сая­хаттың құны шамамен 250 юаньді (37 долларды) құрайды. Ал астаналықтар мен қала қонақтары сәулет өнерінің ғажайып туындысын небәрі 200-1000 теңгеге тамашалай алады.

ЕЖЕЛГІ МЫСЫР ЕСКЕРТКІШТЕРІ

555555555555555555555555555555555

Өтетін орны: ҚР Ұлттық музейі
Күні: 23 маусым – 3 тамыз
Уақыты: 15:00

Бір мезет перғауын заманына сапар шеккіңіз келе ме? Көрме қонақтары елордадағы Ұлттық музейде ежелгі Мысырдың мәдениеті мен тарихымен етене танысуға мүмкіндік алады.
Мысыр перғауыны Тутанхамонның моласында табылған жеке заттары өркениеттің ортақ мұрасына айналғанына қашан. Құнды жәдігер­лер қатарына патшаның алтын жа­латылған ағаш күймесі, отырған тағы, саркофагы, асыл тас­тармен өрнектелген перғауынның алтын жағасы және қыз мүсіні жатады. Ежелгі Мысырдағы иероглиф жазуының пайда болуын Нармер перғауынмен байланыстырады. Грек-рим кезеңі римдік әйел бейнесінің мүсіні арқылы көрсетіледі. Әсем жазулармен безендірілген шырағдан және гүлмен көмкерілген фарфор табақ жәдігерлері Ислам кезеңін қамтиды. Осының бәрі 23 маусымнан бастап елордалықтар мен қонақтардың назарына ұсынылады.

ОХ, ЭРМИТАЖ, ЭРМИТАЖ!

34523

Өтетін орны: ҚР Ұлттық музейі
Күні: 3 шілде – 10 қыркүйек
Уақыты: 15:00

Мәдени шаралар аясында 3 миллионға жуық жәдігері бар әлемдегі ең үлкен мұражай Эрмитаждан әкелінетін қару-жарақ көрмесін өткізу жоспарланған. 3 шілдеден 10 қыркүйекке дейінгі аралықта келушілер мұражайда сан жылдар бойы сақталған бірегей қару үлгілерін тамашалайды. ҚР Ұлттық музейінде болатын «Эрмитаж күндерінде» Шығыс пен Батыстың 70-ке жуық қару-жарақ өнерінің үлгісі ұсынылады. Оның ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінде әскерде, аңшылықта, мерекеде пайдаланған қаруларды кездестіруге болады. Көрме­нің хронологиялық шеңбері XV-XIX ғасыр аралығын қамтиды. Мұражайға қойы­латын заттар өткен ғасырдағы ұста­лардың шеберлігінен сыр шертеді. Келем деушілерге билеттің бағасы – 950 теңге.

Гүлдана  ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button