Елорда тынысы

Ежелден-ақ Ақмола ел кіндігі…



Польша ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушы, поляк революционері Адольф Янушкевич 1843-1848 жылдары Қазақ даласында айдауда болды. Адольф 1843 жылы маусымдағы алғашқы сапарынан бастап далаға қатты құмартады. Мұндай сапарларға ол жиі-жиі шығып тұрады.

1846 жылы генерал Вишневский басқарған экспедиция құрамына еніп, Омбыдан шығандап, қазақ даласына келеді. Теріскейден күнгейге дейін жүріп өткен ол қазақ даласының кіндік жұрты Қараөткел екенін қапысыз таныды.

1848 жылы 31 мамыр күні інісіне Аягөзден жолдаған хатында ол алдымен Аягөз шаһары туралы айта келіп, «Ақмола, мәселен, бүкіл қазақ даласының болашақ астанасы» деп тұжырым жасайды. «Осы далада ғана, шамасы, Солтүстік Америка Құрама Штаттарындағыдай құбылысты байқауға болар. Халқы тым көбейіп кеткен ескі Еуропаға бейтаныс бұл құбылыс – жаңа елді мекендердің тууы немесе жерді жарып шыға-шыға келетін саңырау­құлақтар тәрізді жыпырлап өсуі. Ақтау, Атбасар, Көкпекті, Құсмұрын – осының бәрі менің көз алдымда туып-өскен мекендер» деп жазады А.Янушкевич.

Әйгілі орыс саяхатшысы, этнограф, фольклорист және публицист Григорий Николаевич Потанин (1835-1920) – қазақ халқының үлкен досы. Ұлт тарихы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан Потаниннің атасы Илья Абылай ханмен хат алысып тұрған ірі мал саудагері болатын. Ал әкесі Николай географияны, әскери тарих пен ішкі саясатты ерекше білетін сауатты адам екен. Ол Шыңғыс Уәлихановпен тамыр болса, Григорий мен Шоқанның достығы аңызға айналды.

«Қазақты аутономиа қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы-Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ақымет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін еуропа сонда білер-ау» дейтін Г.Потанинді Алаш арыстары қатты құрметтеген.

Алаш арыстары ардақ тұтқан Г.Потаниннің Ақмоланың келешегі жайлы сұңғыла пікірін Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан айтты деп адасып жүргендер көп. Анығында бұл сөзді Потанин айтты деп Ә.Бөкейхан өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында жазып қалдырған болатын. Демек, Ақмола қаласының болашақ астана болатынын қуаттаған ой Ә.Бөкейханның көкірегінде де сайрап жатқан.

1920 жылдардағы республика астанасын Орынбордан қалың қазақ елі ішіне көшіруге қатысты қызу айтыс-тартыстарда Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының ой-пікірінен кейін Смағұл Сәдуақасов, Ә.Байділдин секілді қайраткерлер «бұрынғы Ақмола қаласы елордасы болса екен» деп ұсыныстар жасап, қолдаған.

Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт тарихындағы орны айрықша. Оның негізгі ғылыми еңбектері кентасты кендер геологиясы мен Қазақстанның минералды ресурс­тарына арналған. Жезқазған кенін зерттеу және Ұлытау, Сарыарқаның металлогендік және болжам картасын жасауда өлшеусіз еңбек сіңірді. Ең ғажабы, ғалым Ақмола қаласын болашақ астана ретінде көргісі келетінін айтқан екен.

1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясын құрғаннан кейін оның көшпелі сессиясын 1948 жылы Қарағандыда өткізеді. Онда ол Алаш арысы Ә.Бөкейханнан кейін қазақ елінің астанасын республикамыздың орталығына көшіру туралы алғаш рет үлкен мінберден ұсыныс жасаған. Ұлт зиялыларының болашақ астана жайлы ойлары осылай үндесіп отыр­ғанын байқаймыз.

Қазақтың классик жазушысы Оралхан Бөкей «Қазақ әдебиеті» газетіне 1992 жылы 17 шілдеде «Президенттің бір аптасы» эссесін жария­лайды. Алматы – Ақмола – Мәскеу – Хелсинки – Алматы бағытында жүріп қайтқан жолсапар жазбасында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел болашағы, қоғам тағдыры және Қазақстанның халықаралық беделі жайлы қызықты деректер береді. Ақмоланың киелі жерлеріне тәу ету, тағдырлы тұлғалары турасында ел басшысының білімділігіне қайран қалған жазушы «Үлкен сапар Ақмоладан басталды. Көңіліме түйгенім: алдағы халықаралық үлкен кездесулерге барар жолында Президент аруақты жер Сарыарқаға арнайы бұрылып, атажұртқа тәу еткені, батырлар бас қосқан жерге табанын тигізіп, рухани қуат, медет алғаны еді» деп толғанады. Астарға толы, ишарасы мол танымдық материалдың соңы «Осы жеті күнде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жер шарының жартысын аралап шықты деуге болады. Қай жерге барсақ та сол жерден Қазақстанның күн арқалап салынған қыран құсы бар көк туын көрдік. Құдай-ау, бізді де әлем тани бастаған, әлем мойындай бастаған, егеменді ел болдық-ау, ұзағынан сүйіндірсін деп тіледік» деп аяқталады.

1992 жылғы 18 қыркүйекте ­О.Бөкей басқаратын «Қазақ әдебиетінде» «Астананы Ақмолаға көшірсек» атты бас тақырыппен үлкен мақаланың жариялануы жазушының Ақмоланың астана болатынына сенген қапысыз көңілін білдіреді.

Заңғар КӘРІМХАН,

алаштанушы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button