Гаджеттер көзді тесіп барады
Көбіне көз дәрігерін ұзын таяқшасымен «Ш», «Б» әрпін көрсетіп, оны дәл танығанымызбен байланыстырамыз. Егде тартып көз нашар көре бастағанда ғана офтальмологқа қажеттілікті сезінетініміз болмаса, қос жанарымызды қалай күтудің жолын білмейміз. Көзінде кінәраты барларды Нұрсұлтан қаласындағы №8 емханада тексеріп, емдеп жазады. Осы емхананың жоғары санатты офтальмолог-дәрігері Динара Смағұлова жастардың көру қабілеттері төмендеп бара жатқанын айтты.
– Қазіргі гаджеттер жастардың көзін тесіп барады. Алыстан көрмейтін миопия (близорукость) жастардың арасында көптеп кездеседі. 30-дан аса олардың көзі құрғап, жақыннан көруі нашарлайды. Одан әрі қарай катаракта, глаукома сияқты жиі кездесетін көз ауруларына да алыс емес, оны скрининг арқылы анықтаймыз.
Компьютердің зиянын білесіздер, алайда жұмыс барысында 1 секундта 7-8 рет көз жұмып, жаттығуды естен шығармайтын болсақ, одан қауіп азаяды. Анықтағанымыздай, компьютерге қарап отырған адам 7 минутта бір рет көзді жұмып, жыпылықтатады екен. Ұзақ уақыт қабағымыз қимылдамаған соң көзіміз ашып, бірдеңе тұрғандай қадалады, таңертең көзіміз қабынып, терісі көзге жабысып қалғандай ашыла қоймайды. Бұл – дәрігерге көріну қажеттігінің алғашқы нышаны.
– Мұның ақыры жақсы емес болар.
– Әдетте, түрлі себептермен көбісі дәрігерге көріне қоймайды. Сол себепті 40 жасқа келгенде скринингтен өтуге міндеттейміз. Осы мезгілден бастап катаракта, глаукома деп аталатын қалалықтар арасында жиі кездесетін көз ауруларының алдын алуға күш саламыз. Өкініштісі, тұрғындарымыз скринингті де жіберіп алып, бір көзі көрмей қалғанда не суқараңғылық басқанда алдымызға келіп жатады.
Глаукоманың 70 пайызы диабеттен пайда болады. Сұрастыра келе олардың көптен бері жанары жасаурап, жарыққа қарағанда көзі шағылысып, бұлдырап кететін болған. Бас ауруы тағы бар. Алайда осы белгілеріне қарамастан дәрігерге тексерілуге мән бермеген. Бұл кезде көздің көруін қалпына келтіру мүмкін емес. Қазір жастар арасында қан қысымы көтеріліп ауыратындар өте көп кездеседі. Бұл кеселдің көз жанарына әсері жаман болатынын білген жөн.
– Глаукома мен катарактаның айырмашылығы бар ма?
– Катаракта егер көздің ұясында айтарлықтай өзгерістер болмаса, мезгілінде ем алса, жазылып кетеді. Ал глаукома асқынғанда суқараңғы соқыр болып қалады және көру қабілеті қалпына келмейді.
Көз – мидың бір бұтағы. Бұрындары қазіргі замандағыдай диагностика болмаған. Адамдардың жасы келе көруі нашарлайтынын неден болғанын ешкім білмейтін. Қазір көз ауруларын анықтайтын түрлі аппараттар бар. Нақты диагностикалаудың арқасында аурулардың бәрі тез анықталып отыр.
Егер көрудің ауытқулары болмаса, дені сау адамның 40 жасында «+1» киюі қалыпты болып саналады. 50 жаста ол «2», 60 жаста «4» болып кете береді. Бұл уақыт озған сайын көзілдірік ауыстырып тұрады. Бұлар алыстан жақсы көретін қалпын сақтағанмен, жақыннан көрмейді. Кейбіреулер көзілдірік көз көруі қабілетін нашарлатады деп ойлайды. Егер көзілдірікпен болса да жүз пайыз жақсы көру мүмкіндігі бола тұра, көзілдіріктен қашып, жарық дүниені толық түсімен көрмеуді қалай түсіндіресіз?!
– Көздің жақсы көру қалпын сақтау үшін не істеу керек?
– Ғалымдар егде тартқан адамдарды екі топқа бөліп, бірдей тамақтандырып, бір топты күнделікті спортпен шұғылдандырып, келесі топты өз еркіне қойыпты. Мерзімі өткенде денсаулық көрсеткіштерін саралай келгенде спортпен айналысқан топтың денсаулығы мен көру қабілеті 30 пайызға жақсарыпты. Демек, спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануымыз да адамның әрбір мүшесінің қызметін жақсартады. Жарнамамен жарысып, беталды ем жасауға болмайды. Дәрумендерді де алты ай сайын ғана ішкен дұрыс. Жалпы 35 жастан кейін көзімізде өзгерістер басталады. Ұйықтар алдында кем дегенде бір жарым сағат көзге демалыс беру керек. Өкінішке қарай, теледидар көріп жатып ұйықтау әдетімізге енген. Көктемде ультракүлгін сәулелер таңертеңнен түске дейін күшті бөлінеді. Бұл көз қарашығына зияны бар. Сол себепті күнге қарсы көзілдірік киген жөн. Он жылдан бергі тәжірибемде барлық денсаулық көрсеткіштеріне қарап, көзі көруі мүмкін емес деген адамның көзі жақсы көргенін куә болдым. Сондай-ақ денсаулығы жақсы спортшының көзден қалып алдыма келді. Соған қарағанда жаратылыстың жауһары екі көздің медицина ашпаған құпиялары бар деп
ойлаймын.