Басты ақпарат

Президент елорда нысандарын аралады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы бірқатар нысанды аралады.

«Боталы» отбасы денсаулығы орталығына келген Мемлекет басшысына қаланың алғашқы медициналық-санитарлық жәр­дем желісінің дамуы және «Үйдегі дәрігер» жобасы туралы мә­лімет берілді. Медициналық кабинеттерді, жеңілдікпен дәрі-дәрмектер берілетін дәріхананы аралаған Президент заманауи цифрлық технологияны қолданатын тіркеу бөлімінің жұмысымен де танысты.
Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы елордадағы №68 мектеп-гимназиясында да болды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру мекемелерінде жүргізіліп жатқан цифрландыру жұмыстарының нәтижелері баяндалды.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мектеп-гимназиядағы Оқушылар сарайының филиалы саналатын «Шұғыла» комьюнити орталығы» қосымша білім беру орталығының жұмысымен де танысты.
Мұнда балалардың қабілетін дамытуға арналған 5 студия мен 13 үйірме тегін жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге онлайн жүйесі арқылы жазылуға болады.
Бұл жерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиадалық жаттығу орталығына барды. Президентке халықаралық қолжетімді стандарттар бойынша қайта жаңғыртылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға толықтай ыңғайластырылған жаттығу, ойын залдары, жүгіру жолағы, жекпе-жек және пауэрлифтинг аумағы бар паралимпиада орталығы таныстырылды.
Спортшыларымыздың жетіс­тіктерін мақтан тұтып, жоғары бағалайтынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода өтетін Паралимпиадалық ойындарда жоғары деңгейде өнер көрсету үшін ұйымдастыру және қаржылық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Президент «iKomek109» мониторинг және жедел әрекет ету орталығына да ат басын бұрды. Мұнда Мемлекет басшысына басқару панелінің мүмкіндігі көрсетілді. Бұл жердегі қосылған 6 мыңнан аса камера төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалар кезінде шұғыл әрекет етіп, оларды қалыпқа келтіруге, сондай-ақ қаланың тыныс-тіршілігіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың қызметінің негізгі тұтынушысы ретінде халықпен тиімді кері байланыс және коммуникация орнатуы үшін заманауи цифрлық технологияны қолданудың маңызды екенін атап өтіп, бұл тәжірибені өңірлерге тарату қажеттігін айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button