Басты ақпаратҚала мен Сала

Газ қазандықтары іске қосылады



Биыл бас қалада екі газбен жылу беру станциясы іске қосылады. Қысы қатты әрі ұзаққа созылатын қаланың тұрғындары үшін бұл аса жағымды жаңалық! Алдағы жылу беру маусымының басында «Оңтүстік-Шығыс» газ қазандығы үйлерге, нысандарға жылу бере бастайды. Екінші «Тұран» газ қазандығы келесі жылдың соңында тапсырылады. Оның жылу қуаты – 700 МВт. Бұған дейін жылуға тек электр қуаты жұмсалып келсе, енді газ қазандықтары жұмысты жеңілдетеді әрі ресурсты үнемдейді.

Астана қалалық мәслихат депутаттары қаладағы жаңадан салынып жатқан жылыту нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

«Юго-Восток» газ қазандығы келесі жылыту маусымының басында қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ете бастайды, оның өнімділігі – сағатына 350 Гкал немесе 422 МВт. Германияның техникасымен жабдықталған. 2023 жылдың соңына қарай нысан толық пайдалануға беріледі. Қазандықтың қуаты елорданың ескі бөлігінде орналасқан 40 мыңға жуық пәтер мен әлеуметтік нысандарды жылу энергия­сымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмысы қауырт жүріп жатыр.

Құрылыс жұмысы өткен жылы басталған инженерлік инфрақұрылымы бар «Тұран» газ қазандығы келесі жылдың соңына қарай іске қосылатын болады. Нысанның белгіленген жылу қуаты – 700 МВт, Ресей техникасымен жабдықталған. Қазірге дейін 10 қазандық орнатылатын болады, оның алтауы осы жылдың қазан айында іске қосылады. Екі нысанның құрылысы жүргізілетін жұмыстардың сапасы мен мерзімдердін сақтай отырып жүргізіледі.

Өткен аптада қала әкімі Жеңіс Қасымбек тілшілерге берген сұхбатында қаладағы жылу мәселесіне де тоқталып, «Биыл 2 газ жылу стансасы іске қосылып, өз жұмысын бастайды. Бұл 2 станция 600 гкал/сағ. жылу береді. Ол жұмыстарды тамыз айында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі биыл бітеді. Мұнда 5 қазандық қосымша 400 гкал/сағ. жылу береді. Екі газ жылу стансасы мен  ЖЭО-3 беретін жылу 3-4 жылға жеткілікті болады» деген еді.

2024 жылға қарай елордада 300 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылмақ. Елорда әкімдігінің дерегінше, қазір Алматы және Сарыарқа аудандары толықтай газға көшірілді. 2019 жылы басталған газдандыру жұмысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Қызылордадан Арқаға дейін тартылған құбырдың 650 шақырымы бітіп, жұмыс істеп тұр. Астана әкімдігі газ түсіру барысында құжат рәсімдеу үшін біршама жеңілдіктер қарастырған. Атап айтқанда, газ түсіру үшін тек 4 құжат ғана керек.

Дегенмен, тұрғындардың айтуынша, үйге газ тарту қыруар қаржыны қажет етеді. Кейбір тұрғындар үйіне газ түсіру үшін 1 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Ал Астана әкімдігі жаңа үлгідегі жылыту құрылғысын орнату үшін әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға 430 мың теңге көлемінде өтемақы тағайындап отыр. Сондай-ақ тұрғындарға банк арқылы пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған.

Астананы газдандыру қала экологиясын жақсартуға аса тиімді. Қала тұрғындары жаппай көгілдір отынға көшетін болса, қала көк түтіннен арылады, сондай-ақ жалпы тұрғын үй алаптарын газдандыру және энергия көздерін газға көшіру шығарындыларды жылына 40 мың тоннаға дейін азайтады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button