Басты ақпаратҚоғам

Отау тігу еріккеннің ермегі емес…

Біздің қазақ қызық қой. Көп нәрсеге көзін жұмып қарайды. Ұзын арқан, кең тұсауға салып, кезінде көрерсің деп қоя салады. Соның бірі «Ата-ана қадірін балалы болғанда білесің» деген сөздің мән-мағынасын сәбилі болғанша түсінген адам бар ма екен?! Бұл бір жағынан «ата-ана болу» деген ұғымның мәнін сипаттайды.

«Он үште отау иесі» деп жылы жауып қоя салатын қазекем оның артында балалы болу, әке-шеше атану, бала өсіру, ұрпақ тәрбиелеу ұғымын кеңірек ашпайды. Одан қалды «өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деп ұрпақ өсіруді қалыпты жағдайдай көреді. Мүмкін қазақтың ең жақсы қасиеті балажандығына сеніп, ұрпақ мәселесінде тік тұратын мінезіне қарай бөтен ой туындамаған да болар. Алайда қазір заман өзгерді. Дәстүрлі отбасы институты өзгеріске ұшырап, жартыкеш отбасыларда тәрбие алғандардың біреуі әке, екіншісі шеше тәрбиесінен алыстап өсіп жатыр. Демек, әке-шеше болудың бар мехнатынан бейхабар болып, оның жауапкершілігін шаңырақ көтеріп, сәбилі болғанда бір-ақ біледі. Соған да дайындық керек пе деген сұраққа жауабымыз екіұшты. Бір жағынан адамның табиғи жаратылысы өзгермейтіні хақ. Алайда өз ортасында отбасы болудың із-жолын білмей, жылулықты сезінбей, толыққанды қазақы тәрбие көрмей өскен жас өз отауының түтінін түзу ұшыра алады ма? Өздері әлі бала, санасы соншалықты жетілмеген, ендеше бала сүйіп, оны тәрбиелеп жеткізуге дайын ба? Бұл бәрімізді ойландыруы керек.

Жастар қаншалықты жауапкершілікті түсінеді дегенде күмілжіп қаламыз. Өйткені бірге өмір сүрудің қиыншылығына шыдамай, тойдан кейін айға жетпей ажырасып жатқандар жағдайдың күрделі екенін дәлелдейді.

«Баланы бастан» дейтін халық бүгінде көп нәрсені жіберіп алған сияқты. Баланы тым көп еркелетеміз, аяймыз, себебі қоғамға сенбейміз. Өзіміз қорғаштап жүріп, оның өз алдына өмір сүру қабілетін жоямыз. Жастардың өзіндік санасының қалыптасатын тұсында үлкен өмірге алаңсыз жібере алмаймыз. Сондықтан да санасында құндылықтың дамуы, көзқарастың қалыптасуы, жеке ұстанымы, көздеген межесі мен асыл мұратының негізі қалануы тиіс кезінде әлі де шалалықтан арыла алмай жүреді. Отбасының қоғамдағы ықпалын арттыру, жастарды отбасы құндылықтарын құрметтеу рухында оқыту мен тәрбиелеу ісі қоғамда да тұралап қалған. Алдында айтқан ажырасулар – соның бір жаңғырығы.

Жастардың санасында «үйлену үшін үйлену» «отбасы құру», «ана болу, ата атану» сияқты инстинкт сезімдерінен басым тұрады.

Отбасы құндылықтарының өзгеруі, некеге көзқарас, ата-ана тәрбиесі, өз қызметін тиісінше атқармауы, демографиялық жағынан құлдырауды былай қойғанда, қыз бен ұлдың табиғи болмысында өзгерістерге алып келе жатыр.

Қыздары еркекшораланып, ұлдары қыз мінезді болып ұсақталып жатқанына көзіміз үйренді. Мүмкін бұл әу баста баланың алдындағы міндетін қақпайлап, жауапкершілігін шектеп, тәрбиенің тізгінін басқа бағытқа бұрып, басқа құндылыққа басымдық бергеннен болар.

Ата-аналар қазіргі ұрпағына «адам бол», «оқы», «ақша тап», «өзіңді асыра» дегендей тұлғалық қажеттілігін алға қойып, адамзаттың үлкен еңбек пен құрбандықпен келетін ұрпақ сүю, отбасын құру сияқты қажеттіліктеріне көп мән бермейді. Қызымызға болашақ анасың деп айтуға аузымыз бармайды. Қасымызда жүргенін қалаймыз.

Қазіргі өмірде бұрын-соңды болмаған, көзге көрінбейтін нәрселер болып жатыр. Қазіргі экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және басқа факторлар болашақ ата-ананың сауатын арттыруды талап етеді. Үйлену үшін үйленіп, ұнамаса ажыраса салу сияқты жеңіл ойдың кеулегені соншама, той үшін, қалыңдық көйлегі үшін, не болмаса тағы да басқа статус үшін ғана некеге тұру үрдіс алып келеді. Түк дайындығы жоқ жастар ақырында ажырасып, ортасында бала қалып, ол келіншек екінші рет тұрмыс құрмай, тікелей демографияға әсерін тигізуде. Жалғыздың бетіне қарап қалған келіншектер тағдыры әлі де қоғам назарына ілінген жоқ. Мемлекет те көрмегендей болып отыр. Бір рет білместіктен болды, дайындықсыз шаңырақ көтерді, аузы күйді деп ұл мен қыздан безуге бола ма?

Алдағы уақытта қоғам үшін ананың беделін арттыру және «әке болу, ата-ана болу» маңызы басты ұмтылыстың біріне айналуы тиіс. Перзент сүю бақытын өмірдің мәніне айналдыру қажеттігі болар, оның адамның басты міндеті және ең маңызды қадамы екенін түсіндіріп, жасынан психологиялық қолдауды жан-жақтан көрсетіп, керек болса, мектеп жасынан бастаудың зияны жоқ. Бұрын үй шаруашылығына үйрететін үйірме де болушы еді. Қыздар кеңесі арқылы тәрбиелеп отыратын. Қазір «Қалаулым» басты тәрбиешіге айналды.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, жас адамның өмірлік ұстанымының қалыптасуына көп нәрсе әсер етеді. Мына мидай қайнап жатқан ақпараттың ортасында жас адам тек өзіне қажетті құндылықтарды таңдап алуға шамасы мен өресі жете ме?! Жетпесе оны насихаттау арқылы түсіндіру абзал. Адам адам болып қалыптасуы үшін өзін-өзі тану деңгейі, әлеуметтік жағдайы, қоғамдағы құндылық жүйесі және сонымен қатар экономикалық, саяси, әлеуметтік мемлекеттің және отбасының мәдени жағдайының орны зор. Ол қандай дәрежеде екенінен көбіміздің жанымыз түршігеді. Жастар да тәуекел етпей, отыздан асқанша некеге тұрмауының бір себебі сондықтан. Міне, бір жоқ екіншісін табады. Ізденсең, осылайша тізіліп кете береді. Мәселе қалай түзеу керегінде болар.

Жасыратыны жоқ, қазіргі некеге дайын жастардың денін «Қалаулымның» тәрбиелегені өтірік емес. Өмірге жеңіл қарайтын, менің ойлағаным ғана болады дейтін өзімшіл көзқарастағы «Қалаулымның» құрбыларынан» не үміт, не қайыр?! Сол себепті де отбасының қоғамдағы ықпалын арттыру мақсатында жастардың санасында отбасы құндылықтарын түсіндіру қаншалықты маңызды екенін білуге болады. Оның да насихат жолы «Қалаулымнан» кем түспеуі керек. Әлеуметтік ғылымдар осы мәселені қатар қозғап, жастардың отбасын құрып, жақсы ұрпақ өсірудегі құлшынысын арттырмайынша, ең бастысы, мемлекет тарапынан нақты қолдау болмайынша, «ата-­ана болу бақыты» мансұқталып, қоғамның емес, жеке адамдардың шаруасы болып қала бермек…

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button