Басты ақпаратҚоғам

Жаңа кезеңде – жаңа белеске

Жазушылар одағы жаңарып, дамуы керек

Сәрсенбі күні Жазушылар одағының пленумы болып,  қаламгерлердің кезекті құрылтайы одақтың Жарғысына сәйкес 12-мамырда өтеді деп белгіленді. Құрылтайда Басқарма мүшелері жаңа төраға сайлайды. Бұрынғы  төраға Одақтың қаржылық жағдайы жөнінде есеп береді.

Хош. Соңғы апталарда әлеуметтік желіде Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы туралы түрлі әңгіме айтылып жатыр.  Әлеуметтік желі болған соң  дилетант пен аутсайдердің жалыны бет шарпыған комменттері  лап етіп, өршеленген өртке айналып барады. Өкінішке қарай, кейбіреуі «Жазушылар одағы керек емес» деген пәтуа шығарып қойыпты…

Неге керек емес? Керек. Жазушылар одағы басқа да шығармашылық одақтардай әуелі сол өнер иесіне керек. Өйткені Жазушылар одағы – жазушылардың, ақындардың, драматургтердің, сыншылардың, әдебиеттанушы ғалымдардың рухани бірлестігі. Сондықтан оны жабылсын деп үкім шығаруға дилетант пен аутсайдердің құқы жоқ.

Ал біздегі Жазушылар одағы секілді қоғамдық ұйым мен бірлестік жер жүзіндегі көп елде жұмыс істейді. Мәселен, Фарер аралдары деген жер бар: Данияның құрамындағы автономиялық аймақ. Халқы 53-ақ мың. Фарер тілінде осы 53 мың адам ғана сөйлейді. Сол аралдың өзінің Жазушылар одағы бар. Жазушылары Фарер мәдениеті қорынан стипендия сұрап өтініш бере алады, кейбір авторлар грант ұтып алып, оларға бірнеше жыл жалақы төленіп тұрады.

Теңдік, заңдылық және жариялылық қағидатына сүйене отырып, Жазушылар Одағы ұйымы өз қаламгерлеріне шығармашылық байланыс жасауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға,  елдің әдеби өміріне белсенді  араласуына мол мүмкіндік туғызады.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов қалыптаған шығармашылық жетістіктер деңгейінде қалып қоймай, көркем әдебиеттегі жаңа мектептерге жол ашуды қолдап отыруы қажет.

Бұл – бір.

Екінші, Жазушылар одағы  –  мемлекеттік идеологияны қалың бұқараға жеткізуде дәнекерші болып жүрген үлкен орталық. Бұл ұйымның осы қызметін жаңа басшылық жаңа деңгейге көтеруі керек. Жалпы, Жазушылар одағының қызметі заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Бұрынғы, ескі, советтік форматта жұмыс істеу мәнерінен бас тартқаны абзал.

Әуелі Жазушылар одағының Жарғысы өзгеруі тиіс.  Одақтың «Басқарма мүшелігі» және «Секретариат» деп аталатын басқару формалары заман ағысына ілесе алмай барады.

Уақыт талабына сәйкес жаңа жобаларға жол ашылуы қажет.  «Есті адам ескіні жаңғыртады» дегендей, бұрынғы үлгіні де жаңа мазмұнда  жаңғыртқан жөн. Мысалы, Совет Одағы кезінде дүрілдеп жұмыс істеген «Кітап саудасы» жүйесін мәдениет министрлігімен, облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып республикалық деңгейде жаңаша үйлестіруге әбден болады.

Одақтың Шығармашылық кеңесі ашылып, ол жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Жазушылар одағының жанынан Әдеби қор ашылып, ол коммерциялық негізге көшуі қажет.

Бір қуанарлығы, заман үрдісінен қалмай қазақ жазушылары өз күшімен шетелдік кітап нарығына шығып жатыр, бірнеше қазақ авторының  кітабы Түркияда Güveler shehrı жүйесінде сатылымға да түсті.

Дегенмен қазақ тіліндегі әдеби көркем шығармалар жарнамаға мұқтаж. Қазақ қаламгерлеріне өз туындыларын насихаттайтын жарнама беру алаңы жетіспейді. Мемлекетімізде қазақ тілді платформа өте аз. Жазушылар одағы бұл мәселені қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.  Кейбір қазақ тілді кітаптар Kitap DYKENI-інде тұрғанымен, оларға көрсетілетін жарнама мен техникалық қолдау жоқтың қасы. Қазақ тіліндегі аудиокітаптарды тез табуға болатын сайттар көптеп ашылуы керек. «Амазон» платформасына шығу үшін біздің шығармалар ағылшын тіліне сапалы аударылуы керек, ал ол бір күннің жұмысы емес.

Совет заманында қолжазбаны оқыған, әдеби процеске шолу жасаған, әдеби шығарманы  кітап етіп бастырып шығару керек пе, жоқ па, соны шешкен әдебиет сыншылары болды, солар қазір жоқ. Себеп? Себебі, әдеби сыншылар еңбегіне қаламақы күтеді, қаламақы болмаса, әдеби сын да жазылмайды.

Сондықтан ең әуелі әдеби сыншылар мен көркем аудармашылардың жұмысы жүйеге қойылуы керек. Сонда ғана фантастика, фэнтези, мистика секілді жаңа жанрларда жазылатын шығармаларды жазуға және сараптауға мүмкіндік болады.

Жас қаламгерлерге әдебиеттің жаңа жанрының теориясы мен тәжірибесін  үйрету үшін үш айлық немесе алты айлық әдеби курстар ашу, ол жерде жаңа жанрларды игерген шетелдік, тәжірибелі қаламгерді шақыру үрдісін  жолға қою – бүгінгі заман талабы. Мұндай әңгіме айтылғанда Жазушылар одағының  халықаралық байланыстар бөлімін ашу мәселесі өздігінен күн тәртібіне шығады.

Қазақтың заманауи  прозасы мен поэзиясын шет тілдеріне аудару жұмысын бір жүйеге келтіру керек. Антология шығарып қана қою аздық етеді.  Шет тілін білетін, жазуы қалыптасқан талапты жастарды  көркем аудармашылар курсынан тәжірибеден өткізіп, содан соң шет елдерге оқуға жіберу керек.

Жазушылар одағында әдеби семинарлар, өзіміздің және шетелдік танымал қаламгерлердің шеберлік сағаттары өткізіліп тұрса, бек жақсы болады. Өйткені осындай жиындарда кәсіби жазуға икемдеудің қыры мен сыры тілге тиек етіліп,  көркем әдебиеттің заманауи теориялары талқыланады. Жазу теориясы мен тәжірибесін жаңаша қалыптауға, тың идеяларға жол ашылады. Әсіресе бұл проза, поэзия, театр және кино драматургия  саласындағы қаламгерлерге пайдалы.

Семинарлар мен конференциялар – әдебиет практикумындағы перфекционизмге жол бермейтін құралдың бірі. Осындай жиындар  шығармашылық үдеріске ынта-ықылас пен жазуға деген құштарлықты оятады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін көтеру қажет екенін атап көрсетіп, «бұл құрылым ғылыми сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек» деген болатын. Жазушылар одағы да әдеби сараптама жасайтын беделді ұйым болуға талпынуы тиіс.

Бұл қоғамдық ұйым қазір реформалардың қарсаңында тұр деп айтса да, болады. Президент заман талабына сай саяси реформаларды қарқынды жүргізіп жатқанымен Жазушылар одағы соған сай өз жұмысын үйлестіруге дәрменсіз болып тұр. Жазушылар одағы заман ағысынан  қалып қоймауы қажет.

Жазушылар одағының бірінші және ең басты міндеті – әдебиетті дамыту. Қаламгерлерге жағдай жасалмай, кітап тарату мен қаламақы мәселесі шешілмей, жақсы шығармалар тумайды.

Жазушылар одағының екінші міндеті – біздің қоғамның бірлігі мен ынтымағына жұмыс істеу.  Жаһандануға төтеп беретін иммунитетті күшейту, зиялы жұрттың зияткерлік қабілетін арттыру, қоғамдық сананы ұлттық деңгейге көтеру.

Жазушылар одағы Мемлекет басшысының реформаларын қолдай отырып, әлемдік тенденциялардан бейтарап қалмауы керек. «Қазақ қаламгері неге Нобель сыйлығын алмай жатыр?» деген мәселенің көтерілгеніне жиырма жылдан асты, сол мүддені көздесек, шығармашылық ұйым талантымен халықаралық деңгейде көрінетін жазушылардың шығуына жұмыс істеуі керек.

Жазушылар одағы жас қаламгерге бағыт-бағдар бере алатын орталыққа айналуы қажет. Ол үшін жастардың шығармашылық лабораториясын қалыптауға атсалысып, жан-жақты көмек беруі тиіс. Жаңа таланттардың шығуына ықпал етуі керек.

Мемлекеттің мұның бәрін жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың идеологияға баса назар аударып отырғаны көңілге үміт ұялатады. Жазушылар одағы жаңа Қазақстанмен жаңа кезеңге шығуы керек. Өкінішке қарай, Жазушылар одағының ескі Қазақстанда қалып қойғанын көріп отырмыз. Президентіміз жаңалықтарға, реформаларға жол ашып тұрғанда Жазушылар одағы жаңа белеске көтерілуі қажет.

Нұржан Қуантайүлы, жазушы,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button