Басты ақпаратРуханият

Ғафудың жарық жұлдызы



Ғафекең, Ғафу Қайырбеков адамның бір дүлділі еді. Арамызда жүрсе, осы күндері тоқсанға толар еді арқалы ақын. Түр-тұрпаты құлан сияқты болып көрінетін маған.Аңызға ден қойсақ, Құлагер көкке шапшыған көркем жылқы болмаған. Салбырап, бойын жасырып тұрады екен.Ғафекең де топқа түсерде шаршаңқылау қалыпта елеу­сіздеу тұратын.
Апырмай, қалай болар екен деп қасына барып қалсам:
– Айналып кетейін Баяшым, менің арқам бар ғой, топты көргенде дүр ете түсіп, көтеріліп кетемін ғой! – дейтін.
Содан ортаға шығады…
Ақ самалдай аңқылдап, ақ сұңқардай саңқылдап, ағыла сөйлеп кеткенде жұрт ұйып тыңдайтын.
Шап-шағын тұлғасына біткен неғылған зор дауыс, неғылған мол қуат!
Бір қызығы, таңды таңға ұрып,талмай сөйлесе, түбі көрінбейтін терең еді.
Өзін де, өзгені де көтере сөйлейтін биік еді.
Ойлы сөз Ғафекеңе әуеден келіп құйылып жатқандай көрінетін…
Қанша сөйлесе де жұрт жа­лық­пай тыңдап, тағы да айта түссе екен деп, бір рахат күй кешетін.
Қазақтың табиғи шешен­дігін қадір тұтқан небір зиялы заңғарлардың өзі риясыз көңілмен «Сөйлесе Ғафу сөй­лесін!» деп сүйсініп, таңдай қаға тыңдаушы еді.
«Мұндай да адам болады екен-ау, ә!» деп бір көргендер бір жасап қалатын.
Негізі, ақын сөзінің түбін ағын сөзімен байланыстырады ғалымдар. Шынында, ағын су, өмірдің ағыны, энергияның ағыны, ғарыштық ағындар деген қандай қызық әрі киелі ұғымдар!
«Ағын суда арамдық болмайды» деген атам қазақ!
Шалқар ойларды ора­йын келтіре, шырайын кіргізе шарықтатып, шуақты күлкісі ізгі сезімдерді оятып, кісілік болмысы адамның қашанда адам екендігін еске салып, жанталасқан жалғанда жан жылуын молынан төгіп, жан- жағын жадыратып жүретін еді жарықтық!
1992 жылы Кенесары ханның 190 жылдығында Көкшетауда үлкен жиын, конференция болды. Ғафекең дәл сол кезде Бурабайда, «Оқжетпес» шипажайында Бәдеш апаймен бірге демалып жатыр екен. Кенесарының хабары құлағына тиген соң конференцияға келді. Хан демекші, кеңес заманында «Басқаның патшалары бәрі жақсы, біздің хандар қалайша жаман болған?!» деп өлең жазып, сол үшін біраз дауға қалған Ғафекең, енді тәуелсіз ел болып отырғанда, қалай үндемей қалсын?!
Конференцияға дайындалып келген небір ығай-сығайлар тамаша сөйледі.
Бірақ, ең керемет сөзді демалыс үйінен келген Ғафекең айтты «Кенесары қазақтың ең соңғы ханы – одан кейін қазақтың жеке хандығы біржола құлап, отар елге айналған! Кенесары қазақтың ең бақытсыз ханы – хандығының рахатын көрмей, азабын тартып өткен! Кенесары қазақтың ең батыр ханы – басқаны қойып, алып империяның өзімен алысқан!» деп хан тағдыры мен халық тағдырын тарата талдап, те­реңнен толғай келіп: «Кенесары – халқының азаттығы үшін құрбан болған қазақтың ең сүйікті ханы! Әйтпесе, осы күні қай бастық халық үшін басын беріп жатыр?!» деп президиумға бір қарап қойып, ағыла берген…
Біржан салдың 160 жылдығына арналған әншілер фестивалінде , 1994 жылы Степняк қаласында, Ғафекең тағы да Оқжетпестен келіп, қазақтың әнші-ақындық, сал-серілік дәстүрі туралы ой ұшқындарын жарқырата шашып еді. Даңқты әнші, ком­по­зитор-ақындарды әспеттей ке­ліп «Біржан сал – солардың бәрінің ұстазы, әкесі!» деп бір-ақ түйген…
Жезқазғанға бір шығарма­шылық сапармен барғанымда ақын, тарих зерттеушісі Қуаныш Ахметов екеумізді ақын ағамыз Сайлаухан Нәкенов қонаққа шақырды. Дастархан басында сөзден сөз шығып, Сайлаухан аға бір әңгіме айтты.
– Бір жолы Алматыда бір топ ақын – Мұқағали, Шәміл, Сағи, тағы біраз ақындар бар, бәріміз Көктөбеге барып, думандатып отырдық. Дастархан басында Ғафекең ағылып, жалғыз өзі сөйледі. Біраздан соң бір шаруалары болып, ертерек кетіп қалды. Содан кейін ғана басқалар сөйлей бастады. «Ғафудың алапасы артық қой!» деді Мұқағали. «Аруағы күшті дегені ғой!» деп Сәкең бір сәт үнсіз қалды…
Шынында да, жарықтық Ға­фекең қызық адам еді. Ол кісінің өлеңі де, өмірі де тұнып тұрған поэзия болатын. Поэзиядағы ақындық әлемін біз әлі толық танып, түсіне қойған жоқпыз. Көбіне ұтымды,тапқыр сөзде­рін қағып алып жүрміз. Ал арғы иірімдеріне, ақындық қуат-қайнарына, поэтикалық байлығына, ой-сезім әлеміне тереңірек бойлап көрсек , табиғи қазақ жырының тұңғиық сырларына қаныға түсер едік. Ғафекеңе тән туа бітті төкпелік жазба поэзияның биік те нәзік әуенімен үйлесіп, жарасым тапқан кезде өзгеше бір сарын, ерекше бір дүние жаратылатын.
Мен ол кісінің өн бойынан есіп тұратын ежелгі эпос­тардың, дала жыраулары мен шешен билерінің, ақпа-төкпе ақындарының ағыл-тегіл энергетикасын, алаш арыстары мен алыптарының ақыл-ой қуатын,дәстүр-тағлымын сезінетінмін.
Бірде музейден Гетенің бюстін көргенім бар. Бір жақын адамымды көргендей күйге түстім. Иә, «мұнда да отыр Ғафекең!» деп Жарасқан Әбдірашев әзілдегендей, біздің Ғафекең бір қырынан қарағанда тіпті Гетенің өзіне де ұқсап кететін!
Өмірге ақын болып туған талант нағыз ақын болып өтті!

Пенде ғой кісі
Кей-кейде шенді көздедім,
Болсам деп бірі
Биікте жүрген өзгенің,
Есімде менің
Сол арманға да жақындап
Бола да жаздап
Болмай да қалған кездерім!

Қосақтап саған
Дүниенің өзге кәсібін,
Таппаспын опа
Осы ғой менің жан сырым,
Өтермін сені
Өтермін сені ардақтап
Өлеңім менің
Өмірдей ынтық ғашығым! деп өзі айтқандай, оның поэмалары, өлеңдері барша қазақ баласына танымал болды. Ол бүкіл қазақ даласын жырлады, барған сапарынан жырлар топтамасын, тіпті кейде тұтас кітапты төге салатын. Көкшетаудың көркі мен серілерін, Маңғыстаудың мұңы мен мұнараларын, Алатау мен Алтайдың ақиықтарын жырлады, туған жері Торғайдың қасиетті топырағына тәу етті. Мәшһүр Жүсіптің кесенесінде Ғафекеңнің «Қазақтың пайғам­бары Мәшһүр Жүсіп!» деген бір ауыз өлеңі тасқа қашалып жазулы тұр. Ал қазақ поэзия­сы тарихындағы ең көркем шедеврлердің бірі «Ана туралы жырына» баға жете ме! Шәмші Қалдаяқов екеуінің тағдыр үндестігінен, талант үйлесімінен туған таңғажайып ана жыры – анадан туған адамзат барда шырқала беретін асыл дүние!
Соғыстан кейінгі кездің кең таралған махаббат әні — «Алматыда көшесі бар Гогольдің…» деген өлеңі ЖенПИ-дің қыздарына, оның ішінде тұп-тура Бәдеш апамызға арналған. Ал, Бәдеш апай екеуінің махаббат сезімі, бір-біріне деген ілтипаты, құрметі жастары ұлғайған шағында да әдемі әзілден , көзге көрінбес нәзік иірімдерден үнемі үзілмей, үздіксіз есіп тұратын…Бір жолы бір беделі зор баспа Ғафекеңнен жастарға өнеге ретінде үлгілі отбасы туралы публицистикалық толғау, очерк сияқты кітап жазып беруін өтініпті. Ал ,ол кісінің ақындық шабытпен жазған кітабы шын мәнінде өміршең ма­­хаббат тарихын көркем бейнелеген дидактикалық повесть, педагогикалық поэма болып туа қалған.
Мен ол кезде «Жұлдыз» журна­лының проза бөліміндемін, ағамыз журналға ұсынған қол­жазбасын алдымен маған оқытты. Оқып біткен соң жақсы пікірімді айта келіп:
– Мына Бәден деген кейіп­керіңіз Бәдеш апамыздан аумай қалыпты, ал анау Әбу деп отырғаныңыз өзіңіз емес пе?! Бұл шығарма сіздердің махаб­баттарыңыз туралы баршаға әсерлі, әсіресе, қыз балаларға тәлімі мол көркем дүние болып шығыпты! дегенімде – Сен оны қалай байқап қойдың,ә?! деп кәдімгідей толқып кетті. – Менің Бәдешті қалай жақсы көретінімді білсеңдер ғой, шіркін!
Айтса айтқандай, Бәдеш апамыз қазақ қыздарына үлгі болатындай көргенді, көрікті, көрнекті кісі, Сәбеңнің, Сәбит Мұқанов атамыздың ардақты зайыбы, ғасыр жасаған Мәриям апамыздың өнегесін алған, жолын жалғастырушы аяулы қазақ аналарының бірі! Жалпы Ғафекеңнің отбасынан да, өз басынан да ақындық пен адамгершіліктің қазақы дәстүрі анық байқалып, жаныңды жылытып тұратын.
Бір жолы бір жастардың тойына баратын болып, Бәдеш апай тойға апаратын сыйлық іздеп, бөгеле берсе керек. Сонда Ғафекең «Бол, кеттік енді, білген адамға мен өзім падаркі емеспін бе?» деген екен.
Өмірдегі осындай қызықта­рына қарап отырып, байырғы араб, шығыс елдерінің шалқып өткен шайырлары мен көне дүние Еуропаның бекзада ақын­да­рының аңыз боп кеткен ғажайыптары Ғафекең болып біздің заманға көшіп келіп, қасы­мызда жүргендей көрінетін. Ол кісі тіршіліктің әрбір сәтін, тіпті шарап ішудің өзін керемет өнерге, поэзияға айналдырап жіберетін.
Ғафекеңді көргенде жабырқап жүрген жандардың өзі бірден жадырап , өз-өзінен күле бас­тайтын. Өйткені Ғафекең ақын ретінде ғана емес, адам ретінде де талант еді!
Сағат Әшімбаев ағамыз айтып еді «Ғафекең уникум, қайталанбас адам ғой». Бір жолы, Жазушылар одағының партия ұйымының хатшысы болып тұрғанда Совет аудандық партия комитетінен бір нұсқаушы телефон соғып, бір қағаздарды тез арада дайындап әкеліңіз деп талап етеді. Небір дөкей деген партия-совет басшылары үлкен құрмет көрсетіп жүрген ақын райкомның қатардағы нұсқаушысы қатаң талап қойға­нына көнбей, қатты-қатты сөзге келіп, аяғында « Иди к черту!» деген ғой. «Аяғы айқай болып, райкомға барып, кешірім сұрап келе жатырмын» деген екен Ғафекең бір күні жолығып қалғанда.
Иә, Ғафекең өз заманының, кеңес заманының перзенті. Әуелі шыр етіп дүниеге келгеннен қорасан ауруына шалдығып, ажал аузынан қалған. Соғыс уағында елде қызмет істейтін адам жоқ, он бес жасар бала азық-түлік кәртішкесін беретін бюроны басқарады. Сол кезде бір мәселелер болып, аудан басшысы кәріне мініп: «Картбюроның бастығын алдыма алып келің­дер, қазір сотқа беремін!» дейді. Бала Ғафу есіктен имене кіріп, бұрышта елеусіз тұ­рады. Қаһарлы райком оны көр­генде қаршадай балаға қара нардың жүгін артқызған соғыс қасіретіне қабырғасы қайысып, соттатпақ түгілі өзі жылап жіберіп, кейіннен оқуға жіберген ғой…
Жастайынан өмірдің ауырт­­палығын көріп өскен ол, қиын­дықтардың бәрін же­ңіп, еліміздің аса көрнекті ақыны болды. Жақсылығы да, жамандығы да араласып жатқан, қайшылығы көп ке­ңестік дәуірге бір жақты қарап, бір сөзбен сыза салу, ойып алып тастау мүмкін емес, өйткені ол – тарих, ел тарихы. Сол заман аясында өмір сүріп, адам боп өткен, ақын боп өткен ағаларымызға «сая­си қайраткер, күрескер бол­мадың» деп кінә тағудың өзі жөн-жобаға сыймайды. Ғафекеңді құдай тағала ақын қылып жаратқан, ол — талант, оның қазақ халқына жасаған қызметі де сол ақындығы, ана тілінде жауһар жырлар жазып, ата дәстүрін сақтап, молайтып, жалғастырып кеткендігі!

МЕН ЖАЛҒЫЗ ҚАЛА БЕРДІМ ТАЯҚ ҰСТАП
ЕЖЕЛГІ ЕСКІ БАҚТЫҢ КҮЗЕТШІСІ!
\ Ғафу Қайырбеков. Сырбай Мәуленов дүниеден озғанда.\

Ескінің бағы…
Есіңе түссе
Жүрек сыз…
Ғафекең кетіп
Қалғандай енді күзетсіз,
Арынды жырдың
Ағынды сөздің шешені
Бүгінде қалай
Үндемей қалмақ…
Ретсіз…

Құдайсыз қоғам
Қинаған жанды бояусыз,
Құрығын салып
Құландай жырға аяусыз,
Дәуірмен бірге
Дәурені көшкен дүлділдер
Дүркіреп өткен
Дүние қандай баянсыз!

Мұңайды қырлар
Құланы кеткен азайып,
Ақынға болмас
Айта алмай кеткен сөз айып,
Бәрін де көрген
Елменен бірге Ғафекең
Ғайыптан келіп
Ғайып боп кеткен ғажайып!

Ананың жырын
Даланың жырын ардақтар
Ағаның сырын
Ұға алдық па екен аңдап бар,
Ағады дейтін
Өкпесі күйіп өлгенше
Тұлпар боп туған
Санаулы ғана саңлақтар.

Байырғы дала
Өлеңмен баурап сүйгені,
Қанына біткен
Көненің кие – күйлері,
Ғафудың рухы
Ғарышты көздей ұшқанда
Кетіпті күйіп
Электр желі үйдегі!

Шуағын жанның
Аямай төгіп жалғанда,
Аттанып кеткен
Бақилық биік арманға,
Жердегі шам да
Көрсеткен шығар құрметін
Жарықтық Ғафу
Жұлдыз боп көкте жанғанда!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button