Басты ақпаратМәселе

Ғаламтордағы алдау мен арбау



Өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы алаяқтық пен қаржы пирамидаларына, әсіресе, интернет-алаяқтыққа қарсы бітіспес күрес ашу жөнінде құқық қорғау органдарының алдына нақты міндеттер қойды. Қазір технологияның жетістіктерін еркін меңгеріп алған алақол арамзалар қарапайым адамдарды қан қақсатуда. Тіпті олардың алдау-арбау тәсілдері де мың құбылып, күннен күнге жетіле түсуде. Міне, қоғамда етек алып бара жатқан осындай келеңсіздікті құрықтау тәртіп сақшыларынан үлкен күш-жігерді талап етіп отыр.

Шығасыға иесі басшы

Астана қаласының тұрғыны Айша Аймұратованың түскі үзіліс кезінде ұялы телефонына қоңырау шалынады. «Бұл Центркредит банктен» хабарласып тұр. Біреулер сіздің атыңыздан кредит алуға әрекеттенген. Банктің қауіпсіздік қызметі мен полиция хабардар. Сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Жеке куәлігіңіз өзіңізде ме? Соны алып тез банкке жетіңіз. Менеджер Плетневаны сұраңыз да кезексіз өте беріңіз. Біз сізді күтіп отырмыз» дейді.

Айша мұндай тосын қоңыраудан қатты қобалжып кетеді. «Енді не істеймін?» деп ойын жинақтап үлгергенше тағы қоңырау соғылады. Жаңағы дауыс. «Сіз әлі шыққан жоқсыз ба, асығыңыз, уақыт өте тығыз. Айтпақшы, карточкаңызда ақша болса, оны тез басқа жерге көшіру керек» деп үсті-үстіне бас­тырмалатып, өзі абырап, сасқалақтап тұрған адамды одан сайын дүрліктіреді.

Бір минуттан кейін тағы қоңырау шалып өзін полиция майорымын деп таныстырып, «ЖСН-іңізді және карточкаңыздың артқы үш нөмірін айтыңыз, әйтпесе, үлгермейсіз. Алаяқтар сіздің кеше депозитке салған ақшаңызға қауіп төндіріп жатыр» деп қара аспанды одан сайын төндіре түседі. Айшаның күні кеше ғана банктегі депозитке қомақты ақша салғаны рас еді. «Енді оны аляқтар алып қойса, масқара…» деген оймен жекебас куәлігін де, банкілік карточкасының артқы үш нөмірін де қалай айтып қойғанын өзі білмей қалады.

Жанұшырып жүгіріп «Центркредит банктің» жақын маңдағы филиалына келеді. Мұндағылар тым-тырыс. Менеджер Плетневаны сұрайды. Ондай адам жұмыс істемейтін болып шығады.

«Мүмкін, Бауыржан Момышұлы даңғылындағы орталық банкте істейтін шығар деген оймен такси ұстап, оған да келеді. Алайда Плетнева деген менеджер мұнда да болмай шығады. Осы кезде барып Айшаның ойына алаяқтардың әрекеті оралады. Кеше ғана автобустарда «банк қызметкері ешқашан клиенттерге өздері телефон шалмайды» деген хабарландыруды естімеп пе еді? Соған неге мән бермеген?»

Болған мән-жайды сол жерде банк қызметкеріне баяндайды. Полицияға хабарласады. Алайда екі сағаттың ішінде есепшотындағы үш миллион теңгенің қолды болғанын біліп, санын бір-ақ соғады.

Мұндай оқиғалар қазір елімізде белең алып тұр. Әсіресе, интернет-алаяқтық өршіп барады. Тек өткен жылы ғана екі мыңнан аса қазақстандық осындай интернет-­алаяқтардың құрбаны болыпты.

Құйтырқы тұзағы көп

Қазір біреудің атына сырттай кредит рәсімдеп, оны иелері тек бірнеше ай өткенде ғана банк қызметкерлерінен естіп, біліп жататын оқиғалар жиілеп кетті. Күнделікті тірлігін жасап, тұрмыс қамымен еңбектеніп, тер төгіп жүрген адамға «сіздің алған несиеңіз үш айдан бері төленбеді, үстеме пайызы да өсіп барады» деп хабарлама келуі сұмдық емес пе?! Бұған жол бермеудің, алдын алудың қандай жолдары бар?

«Рас, интернет-алаяқтықтың жолын кесуде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылы олардың біразы қолға түсіп, жазасын да алды. Алайда адамдардың аңғалдығы мен немқұрайдылығынан оларды түпкілікті ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Алдау, арбау, алдын ала дайындаған арнайы құйтырқы әрекеттер қарапайым жандарды тұзағына іліктіріп, қылмыстық ойларын жүзеге асырып жүр. Статистика көрсетіп отыр­ғандай, кейінгі кезде осындай қылмыстың тек әрбір бесіншісі ғана ашылады. Неге десеңіз, оған жоғарыда айтылғандай, азаматтардың өздері себепші болады. Қаншама ақпараттық ескертеулер, бұқаралық ақпарат құралдары мен қаланың қоғамдық көліктеріндегі дыбыстық хабарландырулар арқылы қауіпсіздік шаралары ескертіліп жатса да, көпшілік тұрғындар соған мән бермей келеді» дейді полиция майоры Болат Жанәбіл.

Астана қаласының байырғы тұрғыны Ермек Әлібекұлының кредиттік тарихы аяқ астынан бүлінді. Үйіне коллектор қоңырау соғып, биыл шілде айында банктен 120 мың теңге қарыз ақша алғанын мәлімдеген. Әрі оның жылдық мөлшерлемесі 1000 пайыз екендігін естігенде Ермек мырза есінен танып қала жаздады.

Істің ақ-қарасын анықтау басталады. «Қалайша, менсіз банктен басқа біреу менің атыма қарызға ақша рәсімдейді?» деп таң қалған жәбірленуші.

Сөйтсе, бәрі мүмкін екен. Ең бірінші, ЖСН мен жекебас куәлігі нөмірін, телефон нөмірін қолға түсірген алаяқ қашықтан отырып, екінші деңгейлі банктің бірінен сол кісінің атына есепшот ашыпты. Ал қарыз беруге оның телефон нөміріне келген SMS нақтылау толық дәлел болған. Ал алынған ақша сол бойда басқа есепшотқа аударылыпты.

«Бұл заңға сәйкес пе?» деген сауалға банк қызметкерлері «Шот ашуға келісім клиенттерді динамикалық сәйкестендіру, атап айтқанда, картаны ашуға өтінімді толтыру нысанына енгізу клиенттің келісімін растауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін телефон нөміріне SMS-пароль жіберу арқылы жүзеге асырылады. Онлайн-өтініш берген кезде клиенттің аты-жөні, ЖСН-і сияқты нақты деректерді енгізеді. Осының бәрі сәйкес келіп тұрса, шот автоматты түрде ашылады» дейді банктегілер.

Бұл жерде бір байқағанымыз, «екі шұқып, бір қарап», өте сақ болып, өзіңіз қырағылық танытпасаңыз, алаяқтар әлі талай бармақ тістетері мүмкін екендігі анық болды.

Ең бастысы – сақтық пен қырағылық

Кейінгі кезде полиция қызметкерлерін қатты алаңдатып отырған жайдың бірі – кибералаяқтық. Жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік органдардағы ресурстарға 163 миллион кибер-шабуыл жасалыпты. Осы бір сұмдық цифрдың астарында қаншама қылмыстық әрекет жатыр? Әрине, мемлекеттік техникалық қызмет қарсы қорғаныс қабілетін күшейтіп-ақ келеді. 2008 жылы Қазақстанның киберқорғаныс орталығы құрылған болатын. Дегенмен, ғаламтор біздің өмірімізге етене дендеп енген сайын алаяқтарды түрлі тәсілдері мен айла-шарғыларын жетілдіріп келеді. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікке аса мән беретін кез келгенін мамандар мен сарапшылар баса айтуда.

Қазір Астана қаласында алаяқ­тықтың кеңінен тараған түрі – белгілі бір затты немесе мүлікті газет не болмаса, сайт арқылы хабарландыру беріп сату болып тұр. Тек 2023 жылдың қыркүйек айында ғана осындай қылмыстан он жеті адам зардап шеккен. «Сатып алушы» сізге «банк картаңызға ақша аударамын» деп төлемнің ең оңтайлы жолын ұсынады. Сөйтеді де, сізден карта нөміріңіз бен тексеру кодын, сондай-ақ ұялы телефоныңызға банк жіберген құпия SMS кодын да айтуыңызды өтінеді. «Қазір екі-үш минутта ақша сіздің картаңызға түседі» деп сендіреді. Нәтижесінде сіз біраз уақыттан кейін карта желіңіздегі ақша қаражатының жойылып кеткенін бір-ақ білесіз.

Сарапшылар хакерлердің желісіне түсіп қалмас үшін мынадай қарапайым кеңестерді ұсынады:

Электронды хат жіберерде сілтемелерге аса мұқият болыңыз. Жеке пароліңізді жиі ауыстырып тұрыңыз. Интернетте дебеттік картаны пайдаланбаңыз. Еш уақытта төлем туралы ақпаратты сақтамаңыз. Әрқашан өзіңіздің желілік жүйеңізді қалыпты жағдайда ұстаңыз. Аса сақ болып, қырағылық таныңыз.

Қазір интернет қауіпсіздігі өте маңызды. Оны пайдаланушылар сайтқа кіретін, оны жүктейтін кез келген бағдарламалық қамтамасыз ету сілтемесін баспас бұрын осы қағидаларды үнемі есте ұстағандары жөн.


Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button