Басты ақпаратҰлт ұпайы

Берік ЖҮСІПОВ: Көзінің отынан айырылған ұлттың дерті меңдейді

«Ұлт ұпайының» бүгінгі қонағы – эпик жыршы, қазақ фольклорын індете зерттеп жүрген ғалым Берік Жүсіпов. Қай кезде де ойындағысын бүкпей айтатын Берік Мырзалыұлымен ұлт мәдениетінің бүгінгі жай-күйі жайында әңгімелескен едік.

– Берік Мырзалыұлы, Жамбыл өңіріне қоныс аударыпсыз. Әрине, қазақтың бір баласы ретінде еліміздің қай түкпірінде жүріп, қызмет етсеңіз де артық емес қой. Бірақ фольклортану саласындағы білгір ғалым, музыкатанушы маман, біраз басшылық қызметте ұйымдастырушылық шеберлігімен көрінген тәжірибелі Сіздің дәл Таразға баруыңызға не себеп?

– Мына Қаратау сілемдерімен жапсарлас жатқан Шиелі топырағының тумасы Бұдабай деген шайырдың Қарлығаш қызбен сөз қағытпасында айтатын «Мен өзім келгенім жоқ, ел әкелді» деп басталатын құйтырқылау, бірқақпайы болушы еді. Сұрағың сонау түкпірде шөгіп, бұйығы жатқан сол сыңар жолдың айналасындағы біраз жайтты түртіп оятты. Мұнан әрі сөзді көбейтпей-ақ, тек осының себебін күйттей берсе де біраз нәрсені жетіктірер едік. Бұл өзі адам деген шіркіннің әуелі маман ретінде бір салаға керек жері, содан соң бабына келген қоңыр баршын секілді зар күйінде тұратын кезеңі болады. Міне, сондайды тап басатын ерен керек. Ауы ат арқасынан ажырап болған алшаң қазақтың ой өлшемін қала кеміріп тастаған жұқалтаң кезеңде ондай тастүлек қайдан болсын? Кілең бір «көп айтса көнді, жұрт айтса болдының» кезеңінде тұрмыз ғой. Негізі, әуелде кеуілім ел жақты қалаған. Бірақ қалау қанағаттандырмады. Баяғы «Көкарал – Көктырнақты» жайлаған қалың төртқараны құтты қонысынан көшіруге түрткі болған Айқара кемпір сияқты, бізді де жылыстатқан, әлгі бір кісі. Сонымен, не керек, жарым жылға жете-қаба ел ордасы – Астанада аялдап, қайта айналып, өскен жерім – Алатау бөктерінен бір-ақ шықтым.

Бізге кеуілі түскен Дәурен Абаев есімді азамат, есітуің бар шығар? Алматыда, қалалық әкімдікке қарасты ортаңқол мекемеде орынбасар болып жүрген жерімде, «Беке-ау, мынау сізге қолайлы емес екен, қаласаңыз Астанаға – министрлікке келіңіз, болмаса Таразға, дәл қазір сол жерге бір білікті маман керек болып тұр» деп, аттай қалап, ай-шайға қаратпаған сол. Министрдің ұсынысын қолдап, бізге сенім білдірген Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәріпжанова. Не керек, осы екі ықыластының қалауымен Жамбылдан бір-ақ шықтық. Вице министр кезінде Нұрғисаға әзілдейтінмін, «Дәукеме айт, тауарлы пойыздан түсіп қалған үлкен қара шабадан құсап Таразда қалып кетіп жүрмейін, Алматыға қам жасар» деп. Ақыры айтқаным келген сияқты. Мейлі ғой, ел мен жердің айырмасы аз, бұйырмыс солай болса, тәуекел.

Обалына не керек, көне Тараз құшағын айқара ашты. Шынымды айтсам, сәл кештеу келгеніме өкініп қалдым. Негізі, басыңды бағалап, жасаған еңбегіңнің бәсін білетін жерде жүру керек екен. Біраз іні таптық, ел ағаларымен білісе бастадық. Бір адамдық орын кім-кімге де, қай жерден де табылады. Бірақ шын керегірек жерімді өзім түгілі, өзге сезеді. Сыр өңірінің мұрасын жүйелеп, ғылымға айналдырған қазақ, өзің айтшы, қайда жүруі тиіс? Әзірге мұны білмей жүргендер бар, әрине. Сол үшін кейде ашық айтуға тура келеді. Өйткені қазіргілер айтпасаң білмейтін, ашпасаң көрмейтін болған. Қош, сонымен…

– Біздің көптеген нысандарымыз ЮНЕСКО-ның «қарауына» өтті. ЮНЕСКО деңгейінде мерейтойлар өткізуге де машықтанып алдық. Бірақ оның зиянды жағы да бар екенін айтып қалып жүрсіз. Осы жөнінде толығырақ әңгімелесеңіз?

– Е, мұндай гәптің шет-шепірін тарихи-мәдени ескерткіштер мен материалдық емес мәдени мұраның жайына қатысты айтқан шығармыз. Қаласаң, тағы айтайын, бірақ оған құлақ қойып, қорытынды шығарып жатқан кім бар дейсің? Бұл қазақты тек ыңғыршағын айналдырып мақтап отырсаң жағады екенсің. Қалған, жанашырлықпен айтқан сөздің бәрі дұшпан жинайтынға ұқсайды. Сонау Францияның төрінде жайғасқан ұйым бұл қазақтың қай жыртығын жамағандай? Мысалы, бір кездері «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен енгізілген өтініш ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитеттің үкіметаралық отырысында мақұлданып, тиісті шешім қабылданды. Жақсы, үйтіп-бүйтіп жүріп шешім шығартқан екен. Ал енді солар Қорқыт мұрасын халықаралық деңгейде тану мен танытуда қандай игі жұмыстар атқарып жатыр, кім біледі? Атағы дардай, ал нақты іс-әрекеті қандай? Соған қарағанда біз кейде атақ, даңқты ғана місе тұтатын сияқтымыз. Даңғойлық па? Мүмкін! Ал абыздың туған топырағындағылар не бітіріп отыр? Бар жеткен жетістіктері жыл аралатып өткізетін, жауыр болған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалі ма? Кезінде оны ТҮРКСОЙ ұйымымен бірігіп атқаруды өзім көземелдеп кеткенмін. Содан бері не өзгерді? Ештеңе де өзгермепті. Кешіріңіз, ендігі жерде бұл жиынға Қорқыттың өзі тіріліп келіп, күй шалып, бір-екі ауыз жыр айтып берсе де одан түсетін пайда шамалы.

Қорқыттың музыкалық мұрасы – қобыз күйлеріне қатысты дауға айналып бара жатқан, сөйте тұра музыкатанушы мамандарды алаңдатпайтын маңызды мәселе жайында айтпай-ақ қояйын, бәлкім мұны сол топырақтағы мәдениеттің жай-жапсарын «білемін» деушілер Тынысбек Қоңыратбаев пен Берік Жүсіповке қатысты шағын аядағы «мәселе» деп ойлайтын шығар. Міне, үш жыл болды, «Қазақстан» Ұлттық арнасының тапсырысымен Қорқыт жайында төрт бөлімді сериял түсіріліп бітті. Мен амалдың жоқтығынан ғана кеңесшілік етуге келісім берген (өйткені, тақырып өте даулы) сол туындыға «Алпамыс (Алып Бамсы) – Бамсы-Бейрек» бейнесін кіріктіруге ұсыныс еткенбіз. Бұған қатысты айғақ пен мәлімет «Китаб-и дәдем Корқут ғали лисан тайфа оғузан» қаһармандық эпос үлгісінде шаш етектен.

Ақыры ұлттық арна бөлінген қаражат аясында ғана жұмыс жасауды ұйғарды. Содан арзымайтын қаржы бөлуге ықпал етулерін сұрап, аймаққа салақұлаш хат жаздық. Ақыры не болды дейсіз ғой? Ер Қорқыт туған топырағынан қолдау таппады. Әрине, біз айтқан идея іске асқанда, сериал мүлдем басқаша реңк алған болар еді. Міне, әлгіндей бейтарап әрекеттердің салдарынан басқаны айтпағанда, әлі күнге дейін сол Қорқыт жайында жібі түзу ғылыми энциклопедия жоқ. Оны кім жасайды, мәдениеттегі «мамандар» ма? Мұны Қорқыт мұрасына жанашыр ретінде айтып отырмын-ау, ертең осыны оқыған біреу бізді «дұшпан» етіп көрсетудің құйтырқы жолдарын қарастыра бастайды. Егер өздерінің өресі жетпесе, өрелінің тілін алмаса, сонда мұндай келелі істі кім атқарады? Мен тек бір Қорқыттың «зарын» жиектетіп отырмын, Қазақстандағы мұнан да басқа материалдық емес мұра мен тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты көшелі мәселелерге көшпей-ақ қояйын, егер мені Тараздан таппай қалғың келмесе.

– Баспасөз беттерінде Сіздің қолыңызда әр жылдарда жыршылардан жазылып алынған екі мың сағаттық аудиожазба бар екені айтылды. Түсінгенге, баға жетпес құндылық екені белгілі. Бірақ үкімет деңгейінде соны керек етіп жатқан адам бар ма? Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ бір күні аяқ астынан жалғанның жарығынан көше барсаңыз, әлгі аудиожазбалардың «тағдыры» не болмақ?

– Ей, айналайын-ай, өзің бір үнемі үңірейіп тұратын жердегі шешімі табылмайтын нәрселердің шетін үгіте береді екенсің. Екі мың сағат дегенің «Шерімбет жоба» ғой, нақты есебін шығарып, жиған-тергенімді реттеп, өзіме «ревизия» жасауды, бұйырса, келесі жылы бастаймын. Биыл соның алғышарттарын жасап, керек-жарақтарын жиыстырып қойдым. Нақты санап, ретке келтірген кезде оның көлемі анағұрлым көбірек болуы да, азаюы да мүмкін. Жалпы, төл мұраның бағасына жеткісі келетін иесі – Сырдың бойы, сол жергілікті жердегі билік иелері алдымен менің бағама жетсін. Әзірге соны шын керек етіп отырған ешкімді көрмедім. Бәлкім әлде де ой бағып, қам жасар. Өлген соң елдің табанына, күрең топырағыма жеткіз де, сонша ынтық еткен туған жерге көм де, таста. Ал мен қырық жыл жинаған қазынаны көзімнің тірісінде, өз қолымнан алып қал. Есіңде ме, әлде елдің жадынан шығып үлгерді ме, Мардан Байділдаев жинаған мұрағаттың ақырғы «тағдыры» не болды, Талиға Бекқожина жиып-терген, көзі тайған соң күресінге кеткен көл-көсір байлық ше? Біз жинаған қазынаның түбінде де түрен түспеген, өзім реттеп бермесем, былайғылар түсіне бермейтін нәрселер шаш етектен. Мені дұшпан санайтындардың не ойлайтынында шатағым шамалы. Ал менің ел деп, сол елдің мұрасы деп шырылдайтын себебім – осы. Қолымдағы қазына «тағдырының» талқаны шықпау үшін алдымен солар ойлансын, мен сан ойланып, мың толғанып болғанмын. Жинап, теріп, зерттеген біз болғанмен, мұра Сыр еліне, сондағы жеті ауданға тиесілі. Елдің қамын жегісі келетіндер алдымен осыны ұғынсын. Енді бізге ойдың қай түрінен болсын түсетін пайда да, келетін зиян да жоқ. Зейнет жасы бұйырған күннен бастап, жыл он екі айдың жарымында Ақбастыдан табылармыз да, өзімді топыраққа бейімдеп (өлмейтін шайтан емеспіз ғой), шаруаның жайын күйттерміз. Қалаға қор болып, балконнан телміріп өлетін «шалың» мен емес. Халықта тұрған не бар дейсің, қай кезде де, қай жерге де билік басына ұлттық мұраның жайын түсінетін адам келмейінше, бәрі бекер.

– Қазір біздің әдеби, мәдени мұрамыз әбден былықты. Белгілі бір тұлғалардың соңында қалған мұраларын екінші бір тұлғаға телу, бір өңірдің мәдени мұрасын басқа бір өңірдің иемденіп кетуі қалыпты құбылысқа айналды. Бірақ бізде соның аражігін ажыратып, «жіліктеп» бере алатын мамандар, Құдайға шүкір, бар ғой. Сондай маманның бірі ретінде Сіз не дейсіз?

– Не дейміз, соның қыр ізінде жүрген жоқпыз ба? Жалпы, біз маманның сөзіне құлақ асуды қойдық. Басқасын былай қойғанда, өнердің теориясы мен тарихынан мақұрым болып бара жатырмыз. Оның ізі бітпейтін әрі бітіспейтін дау-дамай. Бұрын да былыққан, шылыққан нәрселер жеткілікті еді, кейінгі жылдары тіпті көбейіп кетті. Ғылыми негіз, дәлел, дәйекті сүйеніш еткен ғалымның пікірін ысырып тастап, өңшең популистерге мінбер ұсынып отыр. Қорытындысы: балапан – басына, тұрымтай – тұсына! Алысқа бармайын, өткенде ғана «Сырдың қараторғайы» деген әнге қатысты шыр-пыр болып, желі арқылы білдей бір облыс әкімінің атына хат жазып, талайды қалың ұйқысынан түртіп оятып, қапелімде әпі-шәпі болғанымды көрген боларсың? Мұның артын діттеп, ақырын індетіп отыратынымды да сол жазбамда айтқанмын, сол сөзім – сөз!

Мына әлеуметтік желі деген жақсы болды, даусымыз Құдайдан басқасына жетіп тұр, шүкір. Шынын айтқанда, енді кері шегінетін жер жоқ. Артымыз тұйық, алдымыз жар, не болса да, айтып өлуге бекінгенбіз. Өз басым одан басқа жолды білмеймін. Әйтпесе, «Сырдың қараторғайы» жайындағы ғылыми мақаланы осыдан табаны күректей жиырма жыл бұрын жазып, дәлелдеп, белгісін бекітіп берген екенбіз. Ол кезде де әнші Қайрат Байбосынов, өнертанушы Ілия Жақанов сияқты «ыбырайтанушыларға» шындықты батып айту оңай болған жоқ. Таңғалғаным, қазақы талас-тартыс басылмаған екен. Ұстазы арқылы шәкірттеріне, олардан тағы басқаларға «дерт» болып тарап кетіпті. Ақыр аяғында аталмыш әннің «Сырдың қараторғайы» деген ғажап атауы «Халық әні «Қара торғай» болып жөнсіз өзгеріп шыға келіпті. Өкінішті, мұраның иесіз болуы деген, міне – осы! Бұл қалай, арқауы дәлелді мақалаға, ғалымның уәлі пікіріне ден қойып, неге тоқтам жасалмайды? Соған қарағанда, Құдай бетін әрі қылсын, біз тек әдебиет пен мәдениетте ғана емес, қай салада болсын, дауасыз дертке ұшырап тынған сияқтымыз ғой.

Байқайсың ба, біздің қазақ шамадан тыс айтаққа әуес болып алған. Батырып бірдеңе десең, «Әп, бірекелді!» деп қыбы қанып, шапаттан алақаны жанып отырады. Бірақ өздігінен кірісіп, ешкім еш нәрсе жасағысы келмейді. Әйтпесе, басқаны айтпағанда, сол «Сырдың қараторғайын» ғалым А. Затаевич хатқа түсіріп, ән жайында сауатты пікірін айтқан 1924 жылдарды айтпағанда, үкілі Ыбырай содан кейін бес-алты жылдан соң, яғни 1930 жылға дейін көзі тірі келгенін, оның әндерінің тарихын сөз еткен бірде бір зерттеуші оның «Сырдың қараторғайы» деген әні болғаны жайында сыңар ауыз сөз жазбағанын айттық қой, жеріне жеткізіп. Сыр бойына бір таратса, сол әнді Ыбекеңнің туған жиені Тайжан, одан соң сабақтастық арқылы Нартай, кейін «концерт бригадасы» құрамында өнер көрсеткен Жалдыбай, Досжан, Әлібек, Балғашбай, Фатима, Ақмырза, Сабыт, Тұрсынкүл, Шамшат сияқты сөзінің жалғаны жоқ дерек берушілер айтулары керек еді. Біз солардың біразының көзін көріп, дерек алып қалдық. Жоқ, кеудемсоқ топтың мұның бірімен шаруасы жоқ. Абайша айтқанда, сол баяғы «Есіл сөзім қор болдының» кері ғой. Солай, бұл төңіректегі талай жайттың жағдаяты осыған ұқсас.

– Жыраулық өнердің күні еңкейіп барады деген пікір бар. Себебі бұрынғыдай сөз қадірін білетін тыңдарман аз. Оның үстіне қазіргі адамда уақыт тапшы. Осы ұлы өнерді сақтап қалу үшін не істеген ләзім?

– Енді не істесең де жыраулық өнердің бәз баяғы тұмса қалыпқа келуі, эпик жыршылардың қайта тіріліп, баяғыдай көсіліп кетуі қиын. Не болғанда да, енді тек тал қармаудың айласын жасайсың. Өйткені, техногенді өмірсалт жалғыз біздің ұлтты ғана емес, біз сияқты талайларды тізе бүктірген. Десе де, жаман айтпай, жақсы жоқ! Бұл мәселеге қатысты сан тарау пікір айтып, қауіп ойлап жүргеннің бірі – біз едік. Тақырыптың бетін бүркей салуға, кезінде ұйытқылы жыршылық ортадан шыққаным, мұның сыртында бұл тақырыпқа бар саналы ғұмырымды сарқып, жастық жігерімді жұмсап, індете зерттеп, ақыл-ойымның нәрі мен сөлін жұмсағаным мазамды май ішкендей ете береді.

Дұрыс айтасың, «сөз қадірі, уақыт тапшылығы» деген нәрселер бар. Алайда, мұның сыртында көзге көмес мың сан мәселе тұр. Техногенді өркениет пен тобырлық мәдениеттің құшағына сіңіп, алқымына жұтылып бара жатқан жыраулық дәстүрді сақтап қалу үшін, алдымен сол қауіптен дәстүр иесі – ұлттың өзін сақтап қалудың барлық жолы мен амалын қарастыру арқылы тыңдаушы мәдениетін қайта қалыптастыру жағын ойластыру қажет. Ол үшін еліміздегі білім беру жүйесі мен халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» атанған телевидение бағдарламаларына түбірімен, түбегейлі өзгеріс енгізу керек. Ал, енді, тобырдың көңіліне қарап, аңсарын бағып, оның талап, тілегін қанағаттандыру – бос әурешілік. «Халық едік қара шыбын есебінде» деген сөзді айтқан мен емес, Нұртуған шайыр болатын. Ал сол «шыбын» шарқ ұрып жүріп қайда бармайды, не нәрсеге қонбайды, соның бәрін талғамай таңдайға тата беру керек пе? Әлгі немең үнемі шырын жинауға дағдыланған бал арасы болса, бір сәрі. Міне, осыдан да біршама түйін жасауға болатын шығар деп ойлаймын.

Жалпы, уақыт ыңғайы мен сөз орайы келгенін сезініп, жыршы ғана емес, дәстүрлі әнші, күйшілерге де ерекше мәртебе (статус) беру керек дегенді айта бастадық. Өйткені, болашақта бұл санатқа толық жауап бере алатын ұлттық мұра иелерін мемлекет ерекше қамқорлыққа алып, дәстүрді тірі күйде жеткізушілерге мәртебе беріп, алдымен тұлғаның қара басын сақтап қалуға нақты шара қабылдануы тиіс. Ал ұлттық мұра түрлеріне түпкілікті көңіл бөлінбейді екен, олай болса ән, күй, жыр өнерін жоғары оқу орындарында оқытудың да қажеті шамалы. Неге? Құр далаға, мақсатсыз шашылып жатқан бюджет қаражатының басқа, тиімдірек салаға бағытталғаны жөн. Менің білетінім, көлгір нәрсемен көз алдауға болмайды. Обырға душар болған бейбақтың көңілін қалдырып, үміт отын сөндірмеу үшін ғана «Жақсы болып кетесің!» деп қанша жерден дем бере сөйлегенмен, ол түбі өледі. Айтып отырған мәселеңіз де тап осыған ұқсас жайт. Жылына бірнеше студент хатиршат алып, біршама жұрт жоғары оқу орнында дәріс беру арқылы нәпақасын мұғалімдіктен тауып, жеп жүр екен деп несіне көз бояушылықпен айналысамыз. Шындықты мойындаудың өзі – ерлік! Мен басқаны білмедім, білгені барлар болса, айта жатар.

– «Мәдениет туралы» заңда ұлттық мәдениет, оны қорғау туралы бір ауыз сөз жоқ. Мына түрімізбен біз сан ғасырлардан бізге жеткен жауһарларымызды сақтап қала аламыз ба?

– Дұрыс айтасың, ұлттық мәдениет өкілдерін қорғау және олардың қорғалуы деген мәселені күн тәртібіне көтеретін уақыт жетті. Жақсы, түрлі себептермен бұрын көтерілмесе де, бүгін көтеріп, даусымыз жеткен жерге дейін айтуға тиіспіз. Өйткені, ұлттық өнер шынымен де жойылу қаупінің аз-ақ алдында тұр. Балет әртісі сияқты билемеді демесең, дәстүрлі әнші, күйші, жыршыларға да  ерекше мәртебе берілу керек. Менің не жайында айтып отырғанымды қазіргі қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңның 15-1 бабындағы «Кәсібінің өзіндік ерекшелігі бар мәдениет ұйымдары әртістерін мемлекеттік әлеуметтік қолдау – Государственная социальная поддержка артистов организаций культуры со специфической особенностью профессии» дегенді оқығандар біледі. Заңда орындаушылық өнер (тіпті жыршылық, әншілік, күйшілік өнер деп те көрсетілмеген. – авт.) мәдени құндылықтар қатарында аталғанымен, балет әртісіне берілген ерекше мәртебе мен көмектің түрлері өзің айтып отырған жыршыға берілмеген. Берілгенің не, жыршы жайында, жыршылық дәстүр туралы, оның ұлттық, әлеуметтік маңызы хақында сынық сөйлем жоқ. Соған қарағанда, егер біз Абзал Құспан сияқты сауатты заңгердің төңірегіне бірігіп, ерекше заң қабылдау (немесе қолданыстағы заң актілеріне тиісті өзгеріс енгізу) мен ерекше мәртебе беруге ықпал жасамасақ, мына түрімізбен, есек аяң жүрісімізбен қандай асылды да сақтап қала алмаймыз-ау деп қорқамын. Бұған байланысты ойымды сөзімнің ілкі бастамасынан бері тарқаттым. Жалпы, дәстүрдің тірі қалпын сақтап қалу үшін, амалың жоқ, алдымен жағдайды көзі тірі адамға жасайсың. Болды, енді не десең де, басқа әңгіменің басы артық.

– «Ұлт дегенің шынымен, үш-төрт кісі ғана ма?» – дейді Есенғали Раушанов. Шынында да, ұлт мәселесіне келгенде көп кісінің кежегесі кейін тарта беруінің себебі неде деп ойлайсыз?

– Оның себебін жұрттың дені біледі, бірақ жаманатты болып айтқысы келмейді. Біз – геноцид көрген, аштықтан өлген, түрлі індетке, саяси мақсатпен қырғынға ұшыраған, тіпті, ұлт ретінде жойып жіберуге сырттай үкім шығарылған ұлтпыз. Содан да болар әбден езіліп, есеңгіреп қалғанбыз. Қарсы шығу түгілі, айтудың ақыры не нәрсеге ұрындыратынын алдын ала, артымызбен сезіп тұрамыз. Оның үстіне біздің ұр да жық, үбіжік «байларымыз» бар. Ұлт тағдырына қатысты не айтсақ та, қанша жерден ұлт қамын ойлағымыз келсе де «Ойбай, сол аузын түк басқан, қолаңса сасыған неме мен сығыркөз не ойлап қалар екен?» деп ұя бұзбауға дағдыланған қазақы қатын құсап басымызды жаулықтың астына жасырып, қорғаштай береміз. Көзінің отынан айрылған ұлттың дерті меңдейді. Қорқамыз, өйткені арғы діліміз қорқақ. Ғажабы сол, қасқа болған сол «қасиетімізді» жасырғымыз келеді. Ой, Алла-ай, жер бетінде біз сияқты екі-үш майданға қатар қызмет ете беретін халық бар ма екен, әлде жоқ па? Қайдам, жоқ сияқты ғой. Болса, естір едік-ау олардың да әуселесін. Ал енді көптің ығында жүру үшін онша артық алқыл мен жігердің керегі жоқ. Ең бастысы, оқыс ойлы, сұңғақ бойлы, тағысын тағы ерек қасиеттерге ие екеніңді білдірмесең болды, жылы ағысты бойлап, жылыстап жүре бересің. Ондай адамға ұлттың керегі не? Жүре бермей ме, ішкен-жегеніне мәз, кеуілі мәңгі жаз болып…

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button