Жаңалықтар

Ғалым ғибраты



Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық тарихында күн санап көркейіп келе жатқан жаңа астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының алатын орны ерекше. Еңселі елорда, шырайлы шаһар шежіресінде еліне ерен еңбек еткен еңбекқор жандардың айшықты қолтаңбалары жатыр. «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» демекші, ғұмыр жолыңда Алланың қалауымен жүздесіп, пікірлес, сыйлас болатын асыл азаматтар қаншама. Ғалым Жасқайрат Сүндетұлы бүгінде елге танымал. Ол тың өлкесіне сонау 1958 жылдың жазында келіпті. Осы азаматпен жеке өз басым қашан, қалай танысып едім? Әңгіменің арқауын содан бастайын…

Қоғам мен заман өзгеріп жатады. Адам өмірінің әртүрлі кезеңдері болады. 1977 жылы маусымда отбасыммен Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласына көшіп келдім. Соның алдында Тың теміржолы ашылып, құрылыс мекемесіне құрылыс мастері болып қабылданып, еңбек жолымды жалғастырдым.

Одан бұрын (1969-74) осы қаладағы Инженерлік-құрылыс институтында оқып, күнделікті тіршілігімен таныс болсам да, оның адамдары арасындағы қарым-қатынастың суықтау болатынына көзім жеткен. Сондықтан өзім де тиянақтылыққа бейімделіп, әр ісіме ұқыптылықтың қажет екенін сезініп, бой түзей бастадым. Оның үстіне жұмыстағы қатал тәртіп, жоғары талапқа үлкен жауапкершілікпен қарап, алған білімімді салынып жатқан құрылыс нысандарында жетілдіріліп, тәжірибе жинақтауға тырыстым.

Қанша айтқанмен, қала мен ауылды, оның адамдарының мінез-құлқын салыстыруға болмайды. Ауыл адамдары – табиғатынан ашық, ақжарқын, ниеттес, яғни ауыл мінезді. Әсіресе, құмды өңірдің адамдары аңқылдаған ақкөңіл, адал, пәк сезімді, жүрегі кең, сөйлескенде турасын айтып ақтарылады. Олардың тұла бойынан Нарын құмының кіршіксіз тазалығын байқайсың, сезінесің де сағынасың. Табиғатқа деген махаббатын құрметтейсің!
Ал қала мінезі қытымыр, суық, тұйық… Бірден бауыр басып, үйреніп кету қиын болады.

Айналаңда ет бауыр жақының жоқ, жалғызсырап, өз-өзімді жұбатып жүрген кезім де болды. Кейін сол уақыттар да артта қалып, қаланың қым-қуыт тіршілігіне көндіге бастадық. Сү­йікті жұбайым Сая да қасымда, қобалжыған кездерімде сүйеніш, шын көңілімен маған қолдау көрсетіп, ниеттес, тілектес бола білді.

…Жылдар жылжып жатты. Қалаға көшіп келгенімізге де үш-төрт жылдай болып қалды. Жұмыс та бірқалыпты, темір жолдың тұрғын үй нысандарын салып, тәжірибе жинақтап, кәнігі кәсіпке төселіп алдық. Марапаттан да құр алақан емеспін. Үй алып, балаларым өсіп, ортамыз толып, қатардағы қалыпты жанұяның бірі болдық. Дегенмен де есейе келе, алдыңда ақыл айтар үлкенің, қысылғанда қасыңнан табылып, сүйеніш болар іні-бауырдың жоқтығы кей кезде ойландырмай қоймайды екен. Жақсы адамдар қарым-қатынаста айналаңда баршылық қой. Бірақ та өзің дегенде тілегі бір, пейілі кең, ниеттес адамдардың қасыңда болғаны да өреңді өсіріп, көңілді жұбатады.

«Ой қуалаған үмітпен қарайды» дегендей, 1980 жылдардың басында Қайырғали ағамен (Мақұлов) таныстым. Сұңғыла, жады ескірмеген. Елден ерте кетсе де, бәрін есінде сақтаған. Әкесі Ишанның (Мақұлдың Ишаны) өмірін және тауып айтқан шешендік сөздерін, араласқан ел азаматтарының аттарын мүдірмей еске түсіруі, оның ішінде менің әкемнің (Өтеш) есімін де білуі таңғалдырмай қоймады. Әңгіме арасында:

– Аға, Арқа өңірінде қызмет істеп жүрген ел азаматтарынан тағы кімдер бар? – деп сұраймын.

– Біздің өңірден шыққан, осында еңбек етіп жатқан азаматтар баршылық қой. Біразын білемін. Ал ең жақын араласып, қадір тұтатын бір ағаң бар. Ол – Жасқайрат Сүндетұлы, – деді.
Көп ұзамай Қайырғали аға мен Мариям жеңгей, Жасқайрат аға мен Балайым жеңгей біздің шаңырақта болып, дастарқаннан дәм татты. Бірер жылдан соң Елемес аға мен Үміт апа Қорғалжыннан көшіп келді. Олар да оралдықтар. Ертеректе Алматыдан оқу бітіріп, арнайы жолдамамен Арқа өңіріне келген екен. Осылай ынтымағы жарасқан бір қауым болып араласып кеттік.

«Дүние үздіксіз өзгерісте, өзгермейтін Алла Тағала» деп Абай хакім айтпақшы, қоғам өзгеріп, адамдары ауысып жататын тұрлауы жоқ өмір ғой. Қадір тұтқан Қайырғали мен Елемес ағаларым бүгінде арамызда жоқ, мәңгілік мекендеріне кеткеніне де біраз жыл болды. «Маһшарда имандары жарқырап, қабірлері нұрға толсын» дейміз…
Жасқайрат Сүндетұлымен 40 жылдай уақыт бойы ағалы-інілі болып келе жатырмыз. Арамыздағы сыпайы қарым-қатынас, әдемі сыйластық үзілген емес. «Жақсы адамның жақсылығы түсінде, жаман адамның жамандығы ішінде» дегендей, Жәкеңнің жылы жүзінен, салиқалы сөзінен және жүріс-тұрысының өзінен-ақ оның мәдениетті, салмақты азамат екенін аңғарасың.

«Шын бақыт – алға қойған мақсатқа адалдық таныту» депті академик Әлкей Марғұлан. Жасқайрат Сүндетұлы адалдық жолынан айныған жоқ. Ол – өмірдің сынақтарынан сүрінбей өткен жан. Білім мен ғылым жолында көп ізденіп, еңбек етудің арқасында өзі де ұлағатты ғалым, өнегелі ұстаз болып қалыптасты.

Ж.Сүндетұлы ғылым жолына қалай келді десек, өмір белестеріне көз жүгірткеніміз жөн. 1958 жылдың жазында алыстағы Нарын құмына жақын ауылда мектеп бітіріп жатқан жас түлек республикалық Қазақ радиосынан «Ақмолада ауыл шаруашылығы институты ашылды» деген хабарды естиді. Жақсы хабарды ести сала оқу орнына хат жазып, оқуға қабылдау ережесін алады. Оны шақыру қағазы деп Ақмолаға ат арылтып келген мектеп түлегі қабылдау құжаттарымен бірге, бірнеше пәннен емтихан тапсыру керектігін біліп, осы сынақтардан өту үшін күндіз-түні дайындалады. Сөйтіп, жолы болып 1958-63 жылдары Целиноград Ауыл шаруашылығы институтында оқып, агрономдық білім алып, туған жерінде (Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, «Құрманғазы» кеңшары) үш жылдай өз мамандығы бойынша қызмет атқарады. Бірақ талабы таудай ағамыз ғылым жолын таңдайды, сол жолға бар ғұмырын арнап келеді. Осы жолдағы жетістіктері мен шыққан биігін айтар болсақ, бүгінде ол – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының академигі.

Өткен кезең ішінде Ж.Сүндетұлының 213 ғылыми еңбегi жарық көрген. Олардың жалпы көлемi 324 баспа табақтан асады. Оның iшiнде: 13 монография, 28 дәріс пен оқу құралдары, 30-дан аса кітапша мен ғылыми ұсыныстар және көптеген ғылыми мақалалар бар.

Ғалымның оқу орны қабырғасындағы қоғамдық жұмыстарын былай қойғанның өзінде, Агротехникалық университеттің ғылыми кеңесінің мүшесі, кафедра меңгерушісі, академиялық ғылыми кеңестің мүшесі болды. Жетекші болуымен жас ғалымдардың докторлық, кандидаттық және магистрлік диссертацияларын сәтті қорғауы – Жасқайрат Сүндетұлының ерен еңбегінің жарқын көрінісі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, Жәкеңнің шаңырағында екі ұл, екі қыз бала тәрбие­леніп, өздері де отбасын құрып, өмірдің бақыты мен берекесін көруде. Қызы Жанар әке жолын қуып, ұстаз әрі ғалым болды.

Ғибратты ғұмырыңыз, бекзаттық болмысыңыз жалғаса берсін, Жасқайрат аға! Аман-сау жүріңіз!

Мақсот МҰҚАТОВ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы, еңбек ардагері, Нұр-Сұлтан қаласы


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button