Әлеумет

Ғұмыр – ғанибет



Ұлыстың ұлы күнін ерекше күтетіндердің бірі – астаналық Науановтар отбасы. Олар, әсіресе, биылғы Наурызды қуана қарсы алмақшы. Себебі, дәл осы күні шаңырақтың үлкені, отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы болып отырған Шекер апа Наурызбайқызы жүз жасқа толады.

Жақсы жаңалықты естігенде, құлағымыз елең етті. Елорданың ең қарт тұрғынымен кездесіп, бір ауыз тілдесу ниетімен ол кісі тұратын үйді бетке алдық.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын дүниеге келген кейуана кимешегін дұрыстап, «барын киіп, байлауышын тағып» дегендей, жасанып отыр екен. Әңгімеге тарттым. Жан сарайы шырайлы шежіреге толы қария өткен өмірінен сыр шертті.

Қиындыққа қайыспаған қайсар қыз

Ерлігімен де, еңбегімен де елінің ғана емес, отбасы, ошақ қасының абыройын арттырып, құрметке бөленіп жүрген қариялар аз ба арамызда? Менің бүгінгі кейіпкерім солардың қатарынан. Ұрпағының болашағы үшін бойындағы күш-жігері мен қажыр-қайратын аямаған Шекер апа жасынан жұмысқа жегілді. Еңбекпен есейді. Одан жаман болмады.

– Осы жасқа жетіп отырғаным да сол ерінбей еңбек етуімнің арқасы шығар, – деп бір қайырды әңгімесін кейуана.

Саналы ғұмырында шаңырағын шайқалтпай, атадан қалған қара шаңырақтың отын сөндірмей, бар баласына қамқор бола білген аяу-лы ана одан әрі осы жылдарда басынан өткен қиыншылықтарды күрсіне еске алды. Әсіресе, сонау ел басына күн туған ашаршылық жылдарындағы ауыртпалықтар мен Ұлы Отан соғысы кезінде көзі көрген небір нәубеттерді ұмыту мүмкін бе?!

Сол бір сұрапыл отты жылдар басталғанда шалы да, өзі де тылда майдан үшін еңбек етті.

Жолдасы Сүлеймен де, оның әкесі Науан да кезінде елге танымал ұста, ал Шекер апа ұстаның көмекшісі болған екен. Бұлар жеті атадан бері ұсталықпен айналысқан әулет. Оған аға шаңырағында сақтаулы тұрған арғы атасының төсі бұлтартпас айғақ болса керек.

Кейіпкеріміздің болашақ жарымен танысуы да осы ұсталықпен байланысты деседі. Он сауса­ғынан өнер тамған Сүлей­мен жігіттің қолынан шыққан әшекей бұйымдар жас қызды қызықтырмай қоймайды. Сол ұсталық өнерге деген құрмет пен тамсаныс шебер бойындағы асыл қасиеттермен астасып, оның соңы адал сезімге ұласады. Ақыры, қос ғашық сөз байласып, отау құрады.

Олардың үйленуі де өз алдына жеке бір әңгіме. Ол кезде айттырған қызға қалың мал беру деген болса керек. Ұсталықпен күнін көріп, нәпақа тауып жүрген қарапайым жігітте басы артық мал, қаражат қайдан болсын?! Содан сүйгені үшін қалыңды қайдан алып берерін білмей тосылған жігіт ғашығына қол ұстасып, қашып кету жөнінде қолқа салады. Жасынан қайсар қыз сүйгенінің соңынан еруге келісімін беріп, ата-анасының рұқсатынсыз белгіленген күні қашып кетуге бел буады. Жастардың осылайша жасырын бас қоспақшы болғандарын естіген үлкендер оларды қуып жетіп, қызды қайтармақшы болғанда, сүйгеніне уәдесін беріп қойған Шекер қыз пойыздың табалдырығына жатып алып: «Алдымен мені өлтіріңдер, сосын күйеуімді өлтіресіңдер» деген екен. Қыз келісіп тұрған соң, ата-анасы «өй, шіріген жұмыртқа» деп қолды бір сілтеп, кетіп қалған екен.

Сөйтіп жүріп, сегіз перзент көтерген апамыз елу бес жасында ерінен айырылады. Балаларының да төртеуін жер қойнына тапсырды. Бүгінде үш ұл, бір қыздан өрбіген ұрпағы бір қауым ел болды. Олардан 20 немере, 49 шөбере, 18 шөпшек сүйіп отырған ардақты ана бала-шағасының қызығына ортақтасып, қуанышын бірге бөлісуде.

Қасиеті мол қария

Ғасырмен құрдас қарияның айтуынша, ол атақты палуан Қажымұқанның алыптығы соншалық, ет жеп болған соң, сорпаны кесемен емес, шелекпен сіміргенін көзімен көрген екен. Сонымен бірге Шекер апа ұлтымыздың біртуар перзенті Кенен Әзірбаевтың «Ұлы жүз» деген шежіресін бертінге дейін сақтап келген.

Айта берсек, апаның ел аузына ілінген ерекше қасиеті көп.

– Ойын-тойда өзбекше өлең айтқанда, тамсанып, таңдай қақпайтын адам қалмайтын. Апам газет-журнал оқығанды, кино көргенді жақсы көретін. «Алатау» деген журналы болды. Тауық ұстады. Бау-бақша екті. Қолы жеңіл болатын. Арқалықта тұрғанда да, осы қазіргі тұрып жатқан үйіміздің сыртында да бағымыз бар. Соны баптап, күтуге таптырмайтын және сол еккендерінен қашанда мол өнім жинап алатын. Оны бөлісуде алдына жан салмайды, – дейді баласы Мақсұтбек Сүлеймен.

Шекер апа адамдармен тез тіл табысады. Сырттан көшіп келген өзге ұлт өкілдерін де жатсынбай, бауырына басып, еттің нанын жаю-ды, құрт пісіруді үйретіпті. Әкесі де, шешесі де орысша сауатты болса керек. «Ауылдың бүкіл әйелін апам босандыратын. Баланың оң немесе теріс келгенін ол кісі жақсы білетін. Өзі уқалап, орнына салып, айы-күнін анықтап, нәрестенің қашан туатынын – бәрін алдын ала болжап айтып отыратын. Дұғаларын оқып, тісі ауырғандарды шөппен емдеп, талай адамның батасын алғанын ел ішіндегілер аңыз етіп айтып отырады. Әсіресе, жас нәрестені қалай шомылдыру керектігін , қай уақытта тұзбен шомылдыру керек, қай кезде маймен сылау керектігін дәл айтатын. Таңдай жабысып қалмас үшін оны бас бармақпен басуды да келіндеріне ерінбей үйретіп отыратын апамның қасиетін айтып тауысу мүмкін емес. Тіпті, «Отбасы кітабы» атты жинағымда жарық көрген қазақтың барлық салт-дәстүрлерін, қонақ күтуден бастап өлікті қалай жерлеу керектігіне дейін тегіс мен апамнан үйренгенмін. Үйімнің берекесі де, ақылшысы да осы кісі» деді ұлы ағынан жарыла.

Келіні болса, енесінің тоқсанға келгенше осы үйдегі көрпешелердің барлығын өз қолымен тіккенін, немере, шөбере, шөпшектеріне арнап оюлы төсекшені де, тұрмысқа шыққан қыздарына арнап қоржынды да өзі тігетін шебер болғанын жеткізді. Қасиеті мол, қазақтың қариялары шетінен осындай шебер-ау.

Аузына алатыны – «Айналайын!»

Бір шаңырақтың ырыс-берекесі, қазынасы болып отырған Шекер апа осы жасына келгенше Алланы аузынан тастаған емес. Лайым, еліміз аман, халқымыз тыныш, іргеміз мықты болсын деп тілейді тәңірден. Бала-шаға, немере-шөбере, шөпшегінің ортасында ақылгөй қария атанып, қамқорлық пен шаттыққа бөленіп отырғаны үшін Жаратқанға күніне сан мәрте шүкіршілік етеді. Ешқашан біреуге таршылық жасап көрмепті. Келген қонағын жылы қабақпен қарсы алып, барын алдына қойып, құрмет көрсетті. Балаларын да солай тәрбиелеп өсірді.

Екінші аузына алатыны – Астана. Адамзаттың арманына айналған, күннен күнге көркі тасып жайнаған, келбеті мен кереметі жарасқан елорданың жедел дамып, көркейгенін көріп, бүгінде төрткүл дүниеге танылған бас шаһардың болашақта асқақтай түсетініне бек сенеді. Сарыарқаның қақ төрінде орын алған, қарқынды дамуға ыңғайлы, тоғыз жолдың торабында орналасқан Астананың ел мақтанышына айналып, ертеңі нұрлы болатынына еш шүбә келтірмейді.

Ғасырмен құрдас қарияның тағы бір қасиеті, ол кіммен де болса әңгімесін «айналайын» деп бастайды. Сондықтан да болар, осы жасына жеткенше, келінмен де, қызбен де, көршімен де бір сөзге келмепті. Бір шаңырақ астында бала-шағасымен осы жасына дейін жарасымды өмір кешіп жатуының ең басты сыры да осында жатса керек.

Тұтастай бір ғасырды артқа тастағанымен, әженің өзі тың, сөзі ширақ, ойы жинақы. Үй ішінде емін-еркін жүріп, тұрады. Тамаққа тәбеті жақсы. Әр сөзін саралап, әңгімесін байыппен айтады. Мінезі майда жұмсақ, кісіге жұғымды. Соның арқасында айналасындағылар оны тегіс жақсы көреді. Мені де ықыласымен баурап алды. Ақ батасын беріп, шын пейілімен шығарып салды.

Қоштасарда әжейден «Жүзге жетуіңіздің сыры неде?» деп сұрадым. Әжей іркілместен: «Жақсы өмір сүріп, ұзақ жасағың келсе, барлық адаммен тату бол. Кең бол! Үлкеннің айтқанын істеп, батасын алсаң, Алланың берген қуатымен жүзге келесің!» деді жәй ғана.

Сөзінің жаны бар. «Кең болсаң, кем болмайсың». Күйбең тірліктің шырмауына шырмалмай, түзу жүріп-тұру, дұрыс өмір сүру – көбімізге керек-ақ қасиет. «Адам білімі артқан сайын кеуде кермейтін кішіпейіл болады. Басында түйсігі жоқтар ғана өзін өзгелерден жоғары санап, жер бетінде дандайсып жүреді». Сондайдан сақтасын! Әженің әңгімесінен ұққаным осы болды.

Қысқасы, жүзге жеткен кейуанадан үйренеріміз әлі де көп-ау. Тек, көпті көрген, жақсы мен жаманның парқын білетін алтын аналар ауыр- май, ақылшы әрі үлгі-өнеге боп, алдымызда жүре берсе екен!

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button