Басты ақпаратМәдениет

ҚАРАӨТКЕЛ ЖӘРМЕҢКЕСІНІҢ ҚЫЗЫҒЫ

«Қараөткел әуел бастан үлкен сауданың басы қосылған жер болған» дейтін белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев орта ғасырларда Түркістан мен Сібір хандығы арасында жүрген сауда қарым-қатынастарында Қараөткелдің атауы кездесетінін айтады. Есіл бойына барлау жұмысын жасаған орыс командирлеріне сүйеніп, Ақмола бекінісі салынбай тұрғанда Қараөткелде сауда керуендерінің айлап жатып, саудасын жасайтынын келтіреді.

акмолинск

Ал, бұл күндері марқұм болып кеткен өлкетанушы ғалым Баянбай Құсайынов кезінде Қазақстан жері Ресейге толық бодан болғанға дейін солтүстік өлкеде төрт үлкен керуен жолы болғанын, соның бірі Қызылжар қаласынан шығып, Ақмола дуаны арқылы Ұлытауды басып өтіп Бұқара, Ташкентке жетіп жығылғанын, осы керуен жолы ертеде «Хан жолы» делінсе, кейбір деректерде «Абылай жолы» аталғанын, мұны көне «Жібек жолының» бір сүрлеуіне балауға болатынын айтып кеткен. Осыдан ғалым Қараөткел өңірі «Хан жолының» күре тамыры болған деген пайымын ұсынады.

Сондай-ақ, Б.Құсайынов Есіл өңіріндегі керуен жолдарын алғашқы болып зерттегендердің арасында атақты ғалым Шоқан Уәлиханов болғанын, ол 1856 жылы «ХІХ ғасырдың орта­сындағы қазақ даласының картасы» дейтін еңбегінде Абылай мекен еткен аймақтарды басып өтетін керуен жолдарының сызбасын көрсетіп, онда Атбасар және Қорғалжын өңі­рін толық қамтығанын алға тартады.

Осы мысалдардан бүгінгі еңселі елорда қоныс тепкен Қараөткел аймағында ежелден тіршілігі қыз-қыз қайнаған орта қалыптасқанына көз жеткіземіз. Тарихтан осы жерлерде атақты Қараөткел жәрмеңкесі кезінде де сауда қызғаны белгілі. Оған Ресейдің Түмен аймағынан, өзіміздің Қызылжар сияқты қалалардан көпестер ағылып, сауда жасаған.

Ж.Артықбаев Ақмола уезі ашылған соң сауда ісі одан әрі дамығанын,1867-1868 жылдарда «Уақытша Ережелер» енгеннен кейін сауда ерекше қарқын алғанын айтады. Бұл тұрғыда жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың «Тарих таңдаған Астана» атты көлемді еңбегіндегі бір дерекке назар аударайық. Онда: «1890 жылы Ақмола уезіндегі жәрмеңкелерде 8 миллион 73123 рубльдің сау­дасы жасалған. Әкелінген мал әуелде 1 миллион 525129 рубльге бағаланса, сауда барысында 160 мың рубльге асып түсіпті» деп жазған жазушы жәрмеңкенің сау­дадан басқа мән-мазмұнын аша түсіп, «Ол алыс-берістің ыңғайлы орны болуымен қатар мереке-думанның да ошағы еді» дейді.

Өткен ғасырларда жасаған әнші-күйшілердің, ақын, балуандардың аты дәл осындай жәрмеңкелерден кейін қазақ даласына жайылған. Мысал үшін әншілік пен қара күшке келгенде ешкімге дес бермеген Балуан Шолақтың «Кешегі сентябрьдің базарында көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деген жолдары бар «Сентябрь» әнін алуға болады.

ХІХ ғасырдың орта шені, ХХ ғасырдың отызыншы жылдарына дейін өмір сүрген Ақмола өңірінің тумасы Ғазиз Файзоллаұлы «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Ақын жоқ Қараөткелде менен асқан» деп басталатын әнін де сондай жәрмеңке өтіп жатқан кезінде айтқан болуы керек. Халық композиторлары Майра Уәлиқызы мен өр рухымен тарихта қалған Иманжүсіп Құтпанұлы да Қараөткел жәрмеңкесінде сайран салған деген деректер де кездеседі.

Жалпы, жәрмеңкелерде өнерін көрсетіп, аты шыққан өнерпаздар тақырыбы бөлек зерттеуді қажет етеді. Бүгінгі таңда сондай талпыныстар да жасалып жатыр. Мәселен, әнші Ерлан Құжыманов «Қараөткел – ән жәрмеңкесі» аталатын бағдарламаны қолға алып, қазір Астананың әр жерінде концерт қойып жүр.

«Елді Қараөткел маңайына тоғыстыру кешегі Абылай хан бабамыздың, бүгінгі Елбасы­ның арманы ғой. Бір кездері Ақмола болған, қазір Астана атанып, елордаға айналған еңселі қала мақтанышымызға айналды. Алайда, мыңдаған жылдар бойы Қараөткел аталып келген жер ғой, сондықтан осы сөз кездесетін ән-жыр да көп екен. Өткен тарихты, сол кездегі әндерді саралағанда бұған көз жеткіздік. Соның барлығын Қазақстанның әр бұрышынан жинадық. Осы әндердің тарихын айта отырып, лекция-концерт өткізбекке бел будық» дейді ол.

Әншінің сөзінше, Қараөткел атауы кешегі Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жыраудың, бұдан кейін Ақмола тарихында үлкен із қалдырған Кенесары ханның қасында жүріп, «Кенесары – Наурызбай» атты дастанды жазып қалдырған Нысанбай жыраудың, Иманжүсіп сияқты ноқтаға басы сыймай кеткен халық композиторы, әнші Мәди Бәпиұлының тағы осы секілді тұлғалардың шығармашылығында кездеседі. Осы мысалдарға сүйеніп, Қараөткел – ән-жырдың ортасы да болғанын айта аламыз.

Қараөткел жәрмеңкесінің заңды жалғасы Ақмоланың өз басынан ашылған Константинов жәрмеңкесі болды. Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, сол кезде сауда қазір Конгресс-холл орналасқан аумақта 21 мамырдан 10 маусымға дейін жүргізілген. «Бұл жәрмеңкенің мал саудасы қаладан сәл алыстау, қазіргі Ақбұлақ өзенінің жағалауында жүргені туралы мәліметтер бар. Ол кезде Ақбұлақты қазақ Ащыөзек деп атайды, осыдан келіп орыстың «Соленая балка» дегені шығады» дейді ғалым.

Бұл жерді жайлаған халық қазақтың ата кәсібі – мал өсіру мен аңшылықпен айналысқан. Ба­лық шаруашылығы да қолға алынған. Алдан Смайыл «1907 жылы Ақмоладағы Константинов жәрмеңкесінде 3450 қасқыр, 2300 түлкі, 1234 қарсақ, 65 мың суыр, 15 қоян, 2140 күзен, 3000 борсық сатыл­ған» деген деректі де алға тартады.

Ж.Артықбаев ХІХ ғасырдың соңына қарай қалада өндірістің пайда бола бастағанын айтады. А.Смайыл тау-кен өнеркәсібімен қатар тұз өндірілгенін келтіреді. «Өңірдегі төрт мың көлдің біразы ащы, қазақтар солардың он бірінде осы кәсіпті біршама тәуір ұйымдастырған. Бұған облыс бойынша жылына 310 мың пұт тұз өндірілгені дәлел» дейді жазушы.

Кейінгі жылдары Астанада «Қараөткел жәрмеңкесі» атауымен агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктерін көрсететін шара өтіп келеді. Бас қалада ел өңірле­рінің ауыл шаруашылығы жәрмең­кесін өткізу де үрдіске айналды. Онда да әр облыстан келген өнерпаздар өнерін көрсетеді. Тарихи сабақтастық деген осы шығар! Ежелден бастауын алған молшылықтың, ән мен жырдың, күйдің мерекесі жерімізден үзілмесін, ағайын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button