Мәдениет

Астана көктеміндегі кеш

Бүгін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залында халқымыздың күміс көмей, жезтаңдай әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызының «Шырқар әнім – Астана көктемі» атты концерті өтеді.

DSC_7606-1024x681

Опера жұлдызы Бей­жің, Гонконг, Париж, Ыс­тамбұл, Дели, Сеул және әлемнің басқа да көптеген қалаларының әйгілі сахналарында ән шырқаған. П.Чайковский атындағы ХI Халықаралық конкурсында топ жарып, жеңімпаз атанған.

Сахнаға онымен қатар танымал әншілер Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткерлері Нұрлан Бек­мұхамбетов, Дина Хамзина, Медет Шотабаев, Сүндет Байғожин шығады. Сондай-ақ, Рамзат Балакишиев пен Талғат Ғалеев бірігіп ариялар, дуэттер және қазақтың халық әндерін орындайды. Концертке балет әртістері және «Астана Опера» хоры мен симфониялық оркестрі қатысады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов дири­жерлік етеді.

Сахнада 20 жыл бойы ән шырқап келе жатқанын айтқан әнші бүгінде өзі армандаған рөлдерінің барлығын орындап шыққанын айтады. Дегенмен, әлі де армандары бар екен. Ол – Ковент-Гарден, Метрополитен опера сынды әлемге әйгілі театрларда өнер көрсету.

– Бұл концерт – шы­ғармашылықты қорытын­дылау емес, тек жаңа бе­лестің бастауы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған тамаша «Астана Опера» театрында менің екінші тынысым ашылғандай. 22 наурызда мен өз халқыма жаңа ұжыммен бірлесіп дайындаған бағ-дарламаны ұсынамын. Концертке дайындық кезінде концертмейстерім Елена Сахномен көп және табанды жұмыс істедік. Вокалдық шеберлікті ұштап, кейбір ерекшеліктерін жақсылап пысықтадық. Осы кештен тыңдарман нағыз ләззат алғанын қалаймын, – дейді Майра Мұхамедқызы.

Әз-Наурыз мерекесіне арналатын концерт екі бөлімге бөлініп өтеді. Басталуы – 18.00.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button