Басты ақпаратБілім

Ғылым дамымай, алға қадам баспаймыз



Бүгінгі өркениет өлшемі, өркениет көші ғылым мен білімнің даму көрсеткішіне байланысты. «Ғылым таппай мақтанба…» деп ұрпақты ғылым, білімге үндеген ұлы Абайдың даналық ұстанымы бүгін де маңызын жойған жоқ. Ел Президенті «Ғылымды дамыту – Қазақстанның аса маңызды басымдығы болып қала беретінін» басты назарда ұстап отыр. Сондықтан қазіргі уақытта біздің алдымызда ғылымды жаңа бағыттар бойынша дамытудың ауқымды міндеттері тұр. Ендеше, білімге тек әлеуметтік сала, әлеуметтік функция ретінде қарауды тоқтатып, оны стратегиялық бағыт ретінде, болашақтың бағдары етуіміз керек! Сонда ғана болашағына сенімді, ел экономикасын өрге сүйрей алатын білікті, бәсекеге қабілетті мамандар, ұлтына жаны ашитын нағыз азаматтарды тәрбиелей алатынымыз хақ.

Осы ретте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан Президент тапсырған осы саладағы реформаларға қатысты атқарылып жатқан істерді саралап өткен едік.

Реформалар нәтижелі ме?

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.

Аталған тұжырымдаманың шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейін­гі білімнің қолжетімділігі, жоғары білім берудің инфрақұрылымы мен цифрлық архитектурасын дамыту, жоғары білім беру саласының мазмұнын дамыту, интернационалдандыру, өмір бойы оқуды дамыту бағыттары бойынша міндеттер қамтылған.

«Көптеген реформаларға қарамастан, отандық білім беру жүйесінің деградациясын біздің сарапшылар ғана емес, сонымен қатар бірқатар әлемдік рейтингтер көрсетіп жүр. Елде бұл саладағы көптеген реформаларға қарамастан, бұл саланың деградациясы жалғасуда. Теріс тенденцияны қалай өзгертуге болады?» деген сауалға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бану Нарбекова былай деп жауап берді.

– Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің әлемдік білім беру кеңістігіндегі жағдайы халықаралық академиялық рейтингтерді барынша объективті түрде көрсетеді. Қазақстандық жоғары оқу орындары танымал үш рейтингтің екеуіне қатысады. Бүгінгі таңда QS WUR рейтингіне 16 жоғары оқу орындар кіреді. Әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кіреді (150 орын). 8 жоғары оқу орны өз позицияларын жақсартты және рейтингте ілгеріледі. 7 жоғары оқу орны өз позицияларын сақтай алды.

Қазақстандық жоғары оқу орындары өңірлік аспектіде де бәсекеге қабілетті. QS Asia рейтингінде 760 жоғары оқу орнынан 32 қазақстандық жоғары оқу орны атап өтілді.

Әдетте, білім сапасы академиялық рейтингтерге енген білім беру бағдарламаларының санымен бағаланады.

QS by subject рейтингісіне сәйкес қазақстандық жоғары оқу орындарының 100 үздік пәндік рейтингке қатысуы екі еседен астам, үштен жеті позицияға дейін өсті.

Бұдан басқа, Қазақстан пәндік рейтингтердегі білім беру бағдарламаларының санын 40-қа дейін ұлғайта отырып, халықаралық білім беру кеңістігінде өз ықпалын арттыруды жалғас­тыруда, бұл өткен жылмен салыстырғанда тоғызға артық. Сондай-ақ рейтингтегі жоғары оқу орындарының саны сегізге дейін саналады.

Қазақстанның тағы бір жетістігі бес кең пәндік саланы қамтитын рейтингтерде қатысудың өсуі болды: өнер және гуманитарлық ғылымдар, инженерлік ғылымдар мен технологиялар, өмір туралы ғылымдар және медицина, жаратылыстану ғылымдары, қоғамдық ғылымдар және менеджментті қамтиды.

Қазақстанның жоғары оқу орындары осы бес салалық рейтингтің төртеуіне кіріп, ондағы өз позицияларының санын 10-ға дейін арттырды. Олардың төртеуінде позициялардың өсуіне қол жеткізілді, бір позиция былтырғы деңгейде қалды. Сонымен қатар, рейтингтерде екі позиция алғаш рет тіркелді.

Сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындары Times Higher Education рейтингінде белсенді қатысуда. Times Higher Education WAR-да қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 6-ға жетті. 2022 жылға дейін тек 3 жоғары оқу орны атап өтілді: Олар – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті.

Impact ranking рейтингіне сапалы білім беру, гендерлік теңдік, тиімді институт, экономикалық өсу, кедейлікті жою сияқты мақсаттар бойынша 10 қазақстандық жоғары оқу орны кірді. 2019 жылмен салыстырғанда (ЕҰУ және Almau) жаңа жоғары оқу орындарының тартылуы байқалады. Анықтама: 2019 жылы әлемнің 76 елінен 450 ЖОО, 2022 жылы әлемнің 106 елінен 1405 ЖОО қатысты.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің бірі интернационалдандыру бойынша көрсеткішін жақсарту болып табылады. Мәселен, соңғы 6 жылда ЖОО-ларды интернационалдандыруға шамамен 5 млрд теңге бөлінді.

Мәселен, қазіргі уақытта жоғары оқу орындар 6373 халықаралық шарттар шеңберінде іс-шараларды іске асыруда (1460 ұлттық жоғары оқу орнында, 1927 мемлекеттік жоғары оқу орнында, 683 акционерленген, 2303 жеке жоғары оқу орнында).

Білім беру бағдарламаларын әлемдік стандарттарға сәйкес келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді. Осыған байланысты қос дипломдық бағдарламалар мен бірлескен білім беру бағдарламаларының, сондай-ақ осы бағдарламалар бойынша білім алушылар санының артуы айқын көрінеді.

Академиялық алмасудың өсуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде, оның ішінде жоғары оқу орындарының қаражаты есебінен жіберілетін студенттер саны жыл сайын артып келеді (РБ – 6061 студент, ЖОО қаражаты есебінен – 9271 студент). Алмасудың негізгі үлесі еуропалық жоғары оқу орындарымен жүзеге асырылады (60%).

Жоғары білім сапасын жақсартудың көрсеткіші әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының мойындауы, халықаралық ынтымақтас­тық географиясын кеңейту екені түсінікті.

Соңғы екі жылда Минис­трлік жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта қазақстандық жоғары оқу орындары Аризона университеті (АҚШ), «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу институты (РФ), М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті (РФ)   сияқты жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестікті жүзеге асыруда.

ШЫҰ және ТМД желілік университеттерінің мысалында Түркі мемлекеттері кеңесінің желілік университеті құрылады, бұл түркі елдерінің азаматтарына түркі мемлекеттерінде білім алуға мүмкіндік береді.

Дипломды жас қайда барады?

Жоғары білім саласындағы биліктің тізгінін ұстаған атқамінерлердің ойынша, жастар жоғары оқу орнының дипломын алғаннан кейін оларға қатысы жоқ, жауапкершілік мойнында емес екенін айтады. Олар қаншалықты жақсы маман даярлады, ол алған білімімен, мамандығымен жұмыс таба алады ма, табыс тауып, салық төлеп, мемлекетке пайда әкеле ме, бұл жағы оларды қызықтырмайды. Білім сапасы жоғары болса, өндіріске озық ғылымның нәтижелері енгізілер еді, дип­ломмен жұмыс таба алмай жүрген қабілетсіз мамандар азаяр еді. Білім жүйесінде жүйеліліктің жоқтығы себепті оның ащы жемістерін жеуге мәжбүрміз. Осы пікірімізге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бану Нарбекова былай деп жауап қайтарды.

– Еңбек және білім нарығын үйлестіру үшін біз жоғары оқу орындарының оқытушылары арасында форсайт-сессия және өңірлік нарықты талдау негізінде кәсіптердің өңірлік карталарын әзірлеу бойынша жұмысты бастадық. Жаңа «Мамандығым-болашағым» жобасын іске асыру жоспарлануда, – дейді Б.Нарбекова өз сөзінде.

– Ол үшін кәсіби біліктілік бойынша өңірлік кеңестер құрылуда. Өңірлік карта, сондай-ақ кәсіби стандарттар негізінде жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары әзірленіп, өзектендіріледі.

Мазмұндық сапаны қамтамасыз ету үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, білім бағдарламалары ауқымды сараптамадан өтеді, содан кейін ғана тізілімге енгізіледі. Аталған шаралар жоғары білім мазмұнын жақсартуға және түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.

Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралып, бірқатар нормалар күшейтілді. Бұл нарықтан сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының кетуіне алып келеді.

Сонымен қатар, бүгінгі күні «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң жобасы әзірленген. Аталған құжат отандық сертификаттау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Яғни, түлектер оқуын аяқтағаннан кейін өз білімдері мен дағдыларын растау үрдісінен өтеді. Аталған норма тікелей жоғары оқу орындарының сапалы маман даярлауда жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Не істеу керек?

Ең әуелі қоғамдық көзқарасты өзгерту керек. Білім берудің басты міндеті – оқудан кейін табыс табатын, өзін және отбасын қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, салық төлейтін өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтарды даярлау. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз кері процесті көріп отырмыз: тұрақты жұмыс таба алмай, күнкөрісі нашар, әлеуметтік ауыртпалықтан арылмаған, мемлекеттен үнемі көмек сұрайтын, білімі төмен, кедей адамдардың саны артып келеді. Тағы бір жағымсыз нәтиже – халықтың діндарлығының тез өсуі, бұл әдетте адами капиталдың сапасы төмен елдерде байқалады. Осы жөнінде министрліктің қандай шұғыл шаралары бар?

Жоғары білім жаңғыртылуда

– Қазіргі жастар жоғары кәсіптік білім алумен қатар, қоғам алдындағы азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік, көшбасшылық, сыни ойлау, икемділік пен бейімделу, эмоционалды интеллект, командада жұмыс істей білу және т.б. сияқты сұранысқа ие қасиеттерді дамытуы керек, – дейді Б.Нарбекова.

Қоғамның дамуына жастардың белсенді өмірлік ұстанымы мен азаматтық қатысуы ерекше рөл атқарады. Министрлік тарапынан жалпы жұмыссыздықты азайту, білім алу, жай ғана білім алу емес, сонымен қатар білім сапасын жақсарту бағыттарында көлемді жұмыстар жасалуда.

Олардың негізгілерін атап өтсек, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 10%-ға артты, оның ішінде 60%-ы техникалық бағыттарға орналастырылды. Студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсті.

Жоғары білімнің мазмұны жаңғыртылуда. Жоғары білімнің интернационализациясы шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда.

Сонымен қатар, қазір Министрлік білім алушылардың әлеуметтік мәселесі мен тәрбиелеу бағытына көбірек көңіл бөлуде. Яғни, жастарды тек қана білім беріп қоймай, оларды адам ретінде, тұлға ретінде, азамат ретінде қалыптастыру бағытында бірқатар жобалар жасалуда.

Сол үшін студенттік омбудсмен тағайындалды. Биылғы жылы әр тоқсан сайын жастардың, жастармен жұмыс істейтін қызметкерлердің қатысуымен осы бағыттағы тақырыптарға арналған форумдар өткізілетін болады. Бұған дейін Астанада және Атырау қалаларында 2 форум өткізілді.

Сонымен қатар, осыдан 2 күн бұрын ғана ҚР АҚДМ Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын қабылдады. Сонымен қатар, біздің Министрлік те 2029 жылға дейінгі ғылымды және жоғары білімді дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Оның шеңберінде жастар арасындағы барлық мәселелер қарастырылған, және осы стратегиялық құжаттар шеңберінде жұмысымызды жалғастыра береміз.

P.S: Шындығында да мемлекет қайраткерлері мен менеджерлері азаматтардың біліміне тек әлеуметтік функция ретінде қарауды тоқтатқаны дұрыс, олар оны стратегиялық ресурс ретінде, болашақтың баспалдағы ретінде қарастыруы керек. Мұны қағаздағы есептер емес, нақты істер мен нәтижелермен растағаны жөн. Өйткені елдің бәсекеге қабілеттілігі, болашақта өмір сүру шарттары осыған тікелей байланысты. Қазақстандық ғылым әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, интеллектуалды ­қуат-күшімізді одан әрі жетілдіріп, ел игілігі жолында аянбай қызмет атқара беруі керек.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button