Мәдениет

Гүл көмкерген шаһар



Астананың 25 жылдығына орай «EXPO» халықаралық көрме орталығының ­аумағында «Gul Astana» гүл фестивалі ашылды.

Мерекелік іс-шара Сreative agency «Funk» компаниясы жəне Астана қаласы креативті индустрияларды дамыту орталығының қолдауымен өткізілді.  «Gul Astana» бағдарламасында табиғатқа, қалалық қоршаған ортаға, саналы тұтынуға экологиялық қатынас саласындағы қоғамдастықтардың қызметіне арналған Publik talk, атақты суретшілердің жанданған картиналарының шеруі, «Жанданған гүлдер» перформативті инсталляциялары қойылды. Суретшілер, сәулетшілер, мүсіншілер арасындағы «Гүл шаһары – Астана» байқауының 15 үздік жұмысы таныстырылды. Іріктелген жұмыстардың ішінде «Nuar Astana» шеберлік студиясының кәсіпкері Сұңғат Әнуарбек таныстырған жоба болды. Өзіндік ерекшелігі бар жоба қоғам назарын қалдықтарды қайта өңдеуге, одан түрлі бұйым жасауға болатынын түсіндіруге бағытталды.

Фестиваль продюсері Майра ­Измайылованың айтуынша, іс-шара­ға қатысушылар үшін қалалық қауым­дастықтар мен олардың қызметіне арналған тегін интерактивті орындар ашылады. Гүлдер фестивалі еліміздің әр өңірінен келген экологтар, 20 флорист, урбанист, эко-кəсіпкерлер мен өнер қайраткерлерін біріктірді.

Фестивальде Қазақстанның табиғи аймақтарының ландшафтында безендірілген киіз үйлер орнатылып, флористер байқауы, сүйіктісіне өз сезімін білдіру бойынша «I love» байқауы ұйымдастырылды. Бүгін де жалғасатын фестивальде байқаудың жеңімпаздары анықталып, БАӘ-ге екі адамға жолдама табысталады. Бұл байқаудан бөлек мұнда «Ecodar» менің қалам – менің үлесім» байқауы қорытындыланады.

Сондай-ақ фестивальде қаланың жасыл картасы көрсетіліп, келушілер үшін қаланы көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктер жетіспейтін орындарды көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай орындарды фестиваль қатысушылары картада арнайы белгілеп көрсетеді. Астана қаласы әкімдігі Урбанистика басқармасының мәліметінше, қала тұрғындарының ұсынысы елорданы көгалдандыру мен абаттандыруды жоспарлау кезінде ескеріледі.

Адель АБДРАХМАНОВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button