Мәдениет

Гүл ұстаған Гүлмира



Мәдениет, өнер иесінің тойы – бүкіл елдің ортақ думаны. Сахна төрінде табанынан таусылып, қажырлы ғұмырын сол киелі кеңістікке арнап қойған шығармашылық адамының құрметіне сай ілтипат көрсете алсақ игі. Сый-сияпат, мақтау-марапат, мемлекеттік наградалар өнер адамы үшін қажет. Талантты құртқың келсе, елеусіз қалдырсаң жеткілікті. Ал оны елеп, ескерсең, кез келген дархан дарын иесі арқалана түседі.

Бұл күні Сарыарқаның са­йын даласынан өнердің жұпар самалы есті. Талай таланттардың бағын ашып, қаншама жанды қамқорлығына алған Мәдениет қайраткері, білім саласының үздігі, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хорының көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамованың «Жиырма… Отыз… Елу… Көңіл аспаны» атты жеке кеші жүректерді тебірентпей қоймады.
Елу жас – өнерпаз да бір серпілетін уақыт. Өмір құбылысқа толы. Өнер де тап сондай. Ықылас, ниет, қайрат, жігер адамды өрге сүйрейді. Тағы бір ең қажеті ол – хакім Абай айтпақшы, «жылы жүрек». Мұндай мінезді жан-дүниесімен үйлестірген шығармашылықтың шын адамына лайықты қошемет қашанда болу керек.
Иә, өнер – тірі организм. Ол да тоқырайды, тулайды, жаңарады, дамиды, ті­ріледі, солады, гүлдейді, бүр­шік жарады. Адам да осын­дай емес пе еді?! Сондықтан өмірінде көрген, білгенін, оқыған, тоқығанын, жеңістері мен жеңілістерін ой елегінен өткізіп, өз-өзіне есеп беріп тұру кез келген адам үшін ауадай қажет-ақ. Ал шы­ғармашылықтың адамы көпшілік жұрттың алдында кеудесін кернеген өнер-өмірінің сырын ақтарса айып па екен бұл?
Кешегі кеңес дәуірінде КСРО және Қазақ КСР халық әртісі атанған, Кеңес пен Қазақстан хор дирижурасы өнерінің сайыпқыраны, профессор Анатолий Молодовтың аты мен атағы қосақтанып жер-жаһанды аралап кеткенде оған шәкірт болуды кімдер армандамады екен?
Ол сан алуан таланттың кө­кірек көзін ашты. Жүректерінің үміт отын үрледі. Қаншама ізбасар дайындады. Сол ізбасарларының бірі қазіргі қазақ хор өнерінің мәр­тебесін асқақтатып жүр. Гүлмира Құттыбадамованың құтты қадамын, сәтті шығарма­шылығын білмейтін, танымайтын адам жоқ шығар сірә да…
Себебі табиғатынан талант боп туған оның есімімен небір тарих байланысты. Мәселен, Қазақ ұлттық музыка академия­сының (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті)
хор дирижері кафедрасының алғашқы жетекшісі. Сондай-ақ, елорда хор өнерінің негізін қалаушысы да осы бір шынайы талант иесі емес пе еді?
Азабы мен ғажабы қатар жүзетін өнер айдынында құр дарындылықпен ештеңе бітіре алмассың, әрине. Бұған қоса, еңбекқорлық керек. Бейнетінен зейнет табу үшін, амал жоқ, алысқа ұмтылу негізгі заңдылық. «Елігай» балалар хоры, «Самғау» камералық хоры жадыңызда шығар, бәлкім?! Мінекей, осы ұжымдардың негізін қалаған да кейіпкеріміз. Өнер ұжымын жинау да, оның жұмысын реттеу де оңай шаруа емес.
Ал халықаралық, республикалық байқауларды өткізу, оған себепші болу – тіптен мехнатты іс. Жауабы қаншалық болса, сауабы да соншалық-ау… «Астана – ән қанатында» хор өнерінің фес­тивалін, хор ұжымдарының жетекшілері арасындағы «Жазғы хор өнері» семинарын, хор өнерінің шеберлері өткізген «Қазіргі кезеңдегі хор өнері» атты шеберлік са­ғаттарын ұмытпаған боларсыз?! Осының басы-қасынан табылу, оны ұйымдас­тыру едәуір жүйкеңді жұқартатыны рас. Дегенмен сүйікті ісіңмен айналысу рахатқа бөлейтіні тағы да бар. Ұмытпасаңыз, бұл іс-шаралардың өтуі – Гүлмира Құттыбадамованың еңбекқорлығының арқасы.
Соның нәтижесінде ол Дү­ниежү­зілік хор кеңесінің мүшесі, халықаралық қазылар алқасының сарапшысы болып отырғанын әсте көңіл жиегінен сырғыта салуға болмайды. Ұлы ұстаздан ұлық тәлім таныған Гүлмира Қазиқызының еңбекқорлығын жұрт біледі.

Қуат ЕЖЕМБЕК




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button