Басты ақпаратРуханият

Халиманы аңсау



Көміліп отыра бергеннен кейде орнынан тұрып кабинет ішін жай басып, адымын созбай еппенен қимылдағанды ұнататын. Ой шоғыры сондайда тұтанып, мерекелік отшашу секілді маңайына мол шашырап, шеңберленіп жайылатын. Міне, міне, бүйірі қызды. Халиманың үстел үстілік суретіне үңіле түсіп, жансыз бетінен шөп еткізіп, кезекті бір лықсыған шумағын жадына тоқып үлгерді: «Өзіңді ойлап күрсінемін, күйемін, Сағат сайын рухыңа бас иемін. Сағынғанда суретіңді құшақтап, Қағаз-беттен қайта-қайта сүйемін».

Қызық, жанары әне, Абайдан сырғып, отау құрғаннан кейінгі таңғы сағат бесте кезекке тұрып, жаздырып алған алғашқы қымбат мүлкі «Консуэло» кітабына түсті… Бұл да жаңа жиыстырыла бастаған кітапханасының серкесі, білімге құнықтырған серттесі болатын. Екеуі таласа-тармаса оқыған. Кейін әдебиет әлеміне еліктіре жетелеп әкеткен. Сөреден суырып ақжемденген мұқабасынан сипады. Халима қолының табын сезінгендей, бойы біткен ысынып жүре берді де, қобалжуын ернін тигізумен басты. Үйленгеннен кейінгі алғашқы кітап алғашқы махаббаттан бетер ыстық екен. Жазу жүрмей жүрелеп қалғанда сол кітаптың мұқабасын бетіне басып, парақтап көріп, кей беттерін жүгірте оқып жіберсе, беймағұлым күш қайнап шапшып қоя беретін. Міне, қарашы, мына шумақ та былайша шу ете түсті емес пе: «Сен едің ғой менің шәрбат-суатым, Бар мінімді біліміңмен жуатын. Жаз өтті де, қабіріңді қар жапты, Тоңасың-ау, тоңасың-ау, қуатым!»

Өз сөзінен өз мұңы қою­ланғандай болған Әзілхан бойы зіл тартып, жүрегі шаншып, мазасыздана бастады. Балалары жұмыстан әлі орала қоймаған еді. Ас бөлмеге өтіп, дайын тұрған дәрісін талмады. Жүрек талмасына талай ұшырап, зәрезап болған оны Халимасы дәрігерше тап басып күтіп, сауықтырып ала қоятын. Аракідік асқынған сәттерінде ауруханаға өзі жеткізіп,  әбден беті бері қарағанша маңайынан шықпай, жөппелдемелік ақыл-кеңесін дәрігерлерше тықпалап, жүріп алатын. «Апай, сіз жоғары сыныпты кардиолог іспеттісіз ғой» деп ақ желеңділер әзіл-қалжыңмен шын разы болатын. Тағы бірі «Бұл кісінің бізден артықшылығы жүрек сөзімен емдейді ғой» деп сыйластығы жарасқан қариялардың мейірімге суа­рылған көзқарастарына тәнті екендігін жасырмайтын. Расында да жүрекпен жазатын қаламгердің жүрегіне сүйіс­пеншілік сезімі ауадан да артық селбесетінін дәлелдеп жатудың өзі артық секілді еді. Сол себептен де шығар, үйге жазылып шығып, бусанып, терлеп шай ішіп отырғанда Халимасына үздіге қарап: «Сенің өзің бе, әлде сөзің бе, әйтеуір, мықты дәруменімсіңдер!» деп рахаттана шалқалап күліп алатын еді. Қайда сол шарбы бұлтсыз, ақ самалдай аппақ сәт? «Ойым, миым, көңілім, Қанымда қалған екенсің! Ақырын-ақырын алыстап, Жанымда қалған екенсің!». Дәріден кейін әжептәуір тынысы ашылды да, көкейіндегісін қайталай пысықтады: «Алыс, жақын – бәріне, Сыйлы болып өттің Сен. Өсуіне ұлтыңның, Үлес қосып кеттің Сен!» Тағы құйылды: «Өсиетіңді орындап, Өлмей тірі отырмын. Сенсіз өмір – қараңғы, Көзім бүтін, соқырмын!» Сөз де жейді адамды, қарашы, көзі қарауатып кеткенін. Тұра беріп, графиннен су құйып ішті. Бұл ыдыстың да көрмегені жоқ, өздерімен бірге жасасып келеді. Бірі қаламнан, бірі мәшеңкеден қолы босай қалғанда зәмзәм суға ұмтылған қос білек түйісе кетіп, жарыса сыңғырлай күлісетін. Соның бір мысқылын қазір алтынға саудалап ала алмас. «Бірі ерте, бірі кеш, Өтпек бәрі жұбайдың. Мәңгі тірі тұрмақ жоқ, Заңы солай Құдайдың!»

«Ұмсындым, ұлағаттым, ұлы болмысыңа!» деген Әзілхан, ойын құйын кернегендей кабинетінің төріне төте тартып, айналмалы орындығына қалай жайғасқанын аңғармағандай еді. Жайлап үйреніп, тылсымына бойлай бастаған компьютерді қосуға да мұршасы болмай, қара сиялы қаламын қыса ұстаған күйі сүйкектете жөнелді. «Мен өлем деп жүр едім, О дүниеге жиналып. Менен бұрын өмірден, Жарым өтті қиналып. /Дүниені тірлікте, Дүбірлетіп жиярсың. Соның бәрі қалса да, Жарды қалай қиярсың?/ Бірақ, енді біздерге, Кездесу жоқ, көру жоқ. Тату өмір сүргенге, Жаным риза, көңіл тоқ!../ Осылай деп жан жарым, Өтіп кетті Өмірден. Бірақ, мәңгі кетпейді, Көкіректен, көңілден!» Басын сәл көтеріп еді, біраз сілтеп жіберіпті. Қара ноқаттар домалай шашырапты. Әр әрпінен, сөзінен үздіккендіктің үзілген тамшылары жанарынан емес, жүрегінен жамырапты. Халиманың соңғы тынысы бітерде ыммен аралас бейілденген ишараларын Әзілханнан артық кім ұғынар? Жәудіреген жанарынан сырғи сыздықтаған жастың да айтары барын сезген ол көкейіне кептелген үннен біраз сыр аңғарған еді. Енді, міне, дәл қазір сол түйінді «Тату өмір сүргенге, Жаным риза, көңіл тоқ!» деп таратып, Халиманың өзімен өткерген жарасты ғұмырына деген іңкәрлігін, ізетін, ілкі сәттен ұзаққа балқытылған бақытын, сыйластықтың жақұтын өз өлеңіне термелеп терең әдіптеп жіберген-тін.

Осы сәт сыртқы есік құлыбы сылдыр етіп, үлкен ұлы Арнұрға ілескен немерелері шадыман шаттықпен «аталап» ішке ене берді. Халимадай асылдың соңына шашып кеткен жақұттарындай боп үйге інжу-маржан төгілді. Көңілділік кемерінен аса жайыл­ды. Бұл ақсақал Халимасыз іштей қалтыраған күйінен әрең ажырап, әжелеріне тартқан кейбірінің тұлымшағынан сипап, маңдайы­нан иіскеп тояттанады.

– Әже, әже! – деп қалды бірі атасының құшағына ене беріп, кілт тартынды да. – Әже, ой, ата! Мен сені қалай қатты жақсы көремін!

– Біз сені тіптен артық жақсы көреміз!

– Шынымды айтайын ба, иә, иә, әжемнен артық бізді ешкім жақсы көре алмайды!

Атасы басын изеп күлімдеп, жатын бөлмеге өте берді. Қос төсекті кереуеттің сол жағындағысына – Халиманыкіне күмп ете қисайды. Жастық иісі мұрнын жарып, басына шауып, әлдене жұмсақ үнге алаңдаулы еді. Жанарын ашса жоламай, көзін жұмса анық елестейтін әдеті бар еді ­Халиманың, бұл жолы да «демалшы, демалшы» дегендей мейіріммен жүзі айқындалып, баяу маужырата бастады… Көкірегінде мұңды әуен әуелейді: «Өлгенге ғашық болу жоқ, Тірілерге құштар көп. Мен қалармын тарихта, Өлгенге өткен ғашық боп!»

Қызыліңірден ұйқыға басу әдетінде жоқ еді, әлгі балалары жуынып-шайынып кешкі асқа шақырғанша, әл жиып алғысы келген. Және де әжесін  сағынған немересінің манағы әлемтапырық жүзінен мұңды да терең сызатты айқын көріп, босаған көңілін оңаша жатып, бекітіп алмақшы. «Іздерміз, таппаспыз» деп қабырғасын қайыстыра өксіп-өксіп алды. Қайғының жасы құрғағандай ма, көзі сәл дымқылданды да қойды. Суала ма екен, бәтір-ау, көз жасы? «Өзіңмен жүрген көшені, Кейде, шығып, шарлаймын. Ізіңді іздеп асфальттан, Күрсініп, жылап, зарлаймын».

Бөлменің бір қабырғасындағы киім жәшігімен жапсарлас қойылған ұзын тұрқы төбеге сәл жетпейтін темір сейф тектес қондырғыға қимастық сезіммен қарап жатыр. Іші толған күнделіктерінің жазбасы. Әрқилы кезеңде толтырылған блокноттар. Ұшақта да, жерде де күй талғамай сүйкей жаза беретін дағдысынан бір елі ажырамайтын. Уақытын зая жібермейтін құнттылығына орай жазбасы да көлемденіп, «бәтір-ау, бұған қашан үлгергенмін» деп өзі таңданып, біткен ісіне разыланып жүретін. Әрине, кесек дүниелерінен суынып кетпейтін жанкештілігіне сай күнделікті жазбаларымен қоса ірі істері де табандап қалмай, алға толассыз жылжитын. Қос қанатындай ғой, бұл тірлігі. Екеуін де босаңсытпай, қуаттана қағып, еншілес мүмкіндігінен айырмай, сайыпқырандай құшырлана сілтей беретін. Сөйтіп жазуы – деміне, демі – жазуына айналғандай үнемі сергек, серпінді, сылаң жүйріктей сырғақ қалып сақтайтын. Әйтпесе тиіп-қашып түртінсе, жазу өне ме? Жазуды жүрегінің жайлылығына бағындырмай, керісінше жан қинауынан бармақ сорғызарлықтай кәйіптеніп, аса кәделісіндей кең пішіммен кестелеуге машықтанған. Береке, қайыр сондай сәттіліктерден тамшылап тұр.

Темір сейфтегі қолжазба мұраларын өзі туралы эпистолярлық жанрда кітап жазбақ боп жүрген Қамбар жорналшыға амалсыз ашып көрсеткенде ол, таңғалуын жасырмай, мына алтын қойманың кілтіне кім ие дегендей жаутаңдай қараған.

– Осының бәрін шашау шығармай жиыстырып жүретін Халима апаң ғой, – деп разылығын паш еткен Әзағаң, елпек көңілмен. Сосын ас бөлмеде жүрген Халиманы дауыстап шақырып, белдемшесіне қолын сүрткілеп жеткен жарына: «Мына Қамбарға мұра сырын ақтаруға болар ма екен? Рұқсат па?» деп алып, оның күлімдей бас изегенінен соң, текшеленген жазбаларды қопара тартып шығарып, алдына жайып салған. Әр дәптер, блокноттың сырына үңілгенде Халима жасаған картотекаға жүгіне қоятыны бар. Одан әрі оп-оңай жүйеленіп кете береді.

Бәрі-бәрін көз алдынан өткізіп, Халимасының қандай әдеби серігі болғанына таңданып, жазуды бұ­йыртқан тағдырының жар таңдарда қателестірмегеніне Құдайға мың шүкіршілік айтып, мына сейфтегі «Өсиет өлеңдерінің» жуырда кітап боп шығарын ойлағанда, бауыр-еті езілгендей төсегіне тіктеліп отырды. Бұл өсиет, аманат өлеңдері де Халиманың бір жолғы өтінішінен бастау алып, жылдар бойы үзіліссіз жазылған еді-ау. «Өсиет, өнеге, лұғат ұлт өскіндеріне аманат болсын, ойлассаңшы» деп еді. Кейін көзі жетті ғой, бұл ұсыныстың өміршеңдігіне. Басылымдарға жарияланған үзінділеріне разылық танытқан оқырмандар лебіздері қарша борап кетті. Кешікпей енді әр қазақ үйі­нің төрінде тұрарлық кітап болғанын қалайды. Бір сыншы әділ бағалағандай: «Өсиет өлеңдер» бүгінгі қоғам мен әлеумет өмірінің ғана емес, адам жан-дүниесінің өзгеріс­теріне үңілген, ізгілікке, жақсылыққа үндейтін, кейінгі жасқа бағыт-бағдар көрсете алатын, көркем сөзбен жазылған шығарма» екен. Ләйім, солай боларына күмәні жоқ. Ондағы келте-келте келісті шумақтар кітап көлемінен асып әлі де жалғасып жатыр. Кез келген жерінен ойып алып есіне түсіріп көрсе, шынында да оқырмандар кәдесіне  жарап қаларлықтай рухани байлық іспеттес. Мысалы, «Ойға сүңгі, кітап сүз, Еңкей-дағы жерді түрт. Ине шаныш, шөп сындыр, Еңбегіңді көрсін жұрт»; «Тіл туралы қаулылар, Бозөкпе боп ержетті. «Отан» деген асыл сөз – «Атан» болып ол кетті»; «Жерді сатпа тілгілеп, Болсаң егер кемеңгер: Өз жерін өз халқына, Саудаламай, тегін бер!»; «Жапыра жеп, тойған соң, Мақтап-мақтап кетеді. Одан кейін сені ол, есіне алып не етеді?»; «Жерді сатам дегеннің, Ақыл-есі шатылсын. Жердің жауы – ел жауы, Елден аластатылсын!», т.с.с. кете береді. Жалғастыра бермек ойы бар.

– Аташым! Шайға келіңіз! – деген шалқымалы шақыру ойын үзіп, орнынан жеңіл көтерілді. Оған ілесе шым-шым бір шумақтар да ас бөлмеге қапталдасып қоса еніп еді: «Не жабырқау жүрерсің, Не боларсың көңілді, Қандай күйде болсаң да, бағалай біл өмірді!»

«Өсиет өлеңдер» күй талғамайды екен…

Қайсар ӘЛІМ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button