Басты ақпарат

Халық пен Қорғаныс саласын жалғаған…



Кеше елордадағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Республикасы Жергілікті әскери басқару органдары күніне орай, салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабы бастығы, генерал-лейтенант Марат ­Хұсайынов әріптестерін мерекемен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының атқарған жұмыс­тары мен олардың қызметінің мән-маңызына тоқталды.

– Жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді бұдан былай да жемісті әрі тиімді атқаратынына, жастарға үлгі болып, Қарулы Күштердің жауынгерлік әзірлігінің жоғары деңгейін қолдау үшін бар мүмкіндікті жасайтынына сенімдімін, – деді ол.

Шараға ҚР ҚМ Департаменттерінің басшылығы, Әскер түрлері мен тектерінің Бас қолбасшылары, Республикалық ардагерлер ұйымдары мен гарнизон әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ тәрбиеленушілері – мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында «Қазақстан Республикасы Жергілікті әскери басқару органдарының тарихы» көрмесі тамашаланды. Салтанатты жиын Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі әскери ансамбльдерінің әскери-патриоттық концертімен аяқталды.

Шара соңында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Медет Тұрскелдиев 2020 жылдан бастап мерзімді әскери қызметке шақыру, Конституциялық борышты орындау үшін кешенді іс-шараларға тартылатын азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі жаңалықтар мен технологиялар енгізіліп жатқанын айырықша атап өтті. «Ұлы Отан соғысынан хабар-ошарсыз кеткен қатысушыларды іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жақын және алыс шетелдердің мұрағаттарымен және қоғамдық ұйымдарымен хат алмасу жүргізілуде. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне есеп жүргізіледі. Соғысқа қатысушылардың денсаулық жағдайын тексеру және медициналық және басқа да жеңілдіктермен қамтамасыз ету тұрақты негізде ұйымдастырылды. Ұрпақтар сабақтастығы, ардагерлердің салтанатты іс-шаралар мен әскери рәсімдерге қатысуын ұйымдастыру бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілуде. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ЖӘБО әскери оқу орындарына оқу үшін 43 мың курсант іріктеліп алынды және жіберілді, әскери-техникалық мектептің филиалдарында ҚР ҚК үшін 51 мың маман даярланды. Тәуелсіздік жылдары 700 мыңнан астам әскерге шақырылушы мерзімді әскери қызметке шақырылды» деді ол.

12 қыркүйек – еліміз үшін 1991 жылдан бастап, әскери комиссариатқа Республикалық орган мәртебесін беру және оған республиканың барлық әскери комиссариаттарын бағындыру туралы Қазақ КСР Президентінің Жарлығы күшіне енген кезден бастап атаулы күн болды.

Тарихы тереңнен басталатын Жергілікті әскери басқару органдары әр кезеңде ел басына түскен қиындықтар мен қилы сәттерде Отанымызды қорғау, мемлекеттігімізді нығайту саласында халықты жұмылдырып, сынақтардан абыроймен өтті. Бұл күндері де армия мен халықтың ортасында байланыстырушы сала болып табылатын Жергілікті әскери басқару органдары әскерлерді адам және техникалық ресурстармен қамтамасыз ету, олардың есебін жүргізу, ардагелерді ардақтап, жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу, еліміздің қорғаныс қабілетін ны­ғайту жолында қызмет етіп келеді.

Жергілікті әскери басқару органдарының жалпы тарихын 6 кезеңге бөлуге болады. Мұның алғашқы кезеңі 1918-1920 жылдардан бастау алады. Яғни 1918 жылы 8 сәуірде Халық Комиссарлары Кеңесінің Әскери істер жөніндегі облыстық, уездік, губерниялық және округтік комиссариаттарды құру туралы декретіне қол қойылды. Әскери істер жөніндегі комиссариаттар әскери қызметке жарамды халықты есепке алу, оны шақыру, Қарулы Күштерді қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру, барлық жұмысшыларды және шаруаларды оқыту, әскери істерге үйрету, әскери жабдықтардың материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін құрылды.

Ал екінші кезең 1921-1940 жылдар аралығын қамтиды. 1921 жылдың басынан бастап майданда ұрыс қимылдарының тоқтатылуына және армияның демобилизациялануына, қайта ұйымдастырылуына және санының қысқаруына байланысты әскери комиссариаттар жалпыға бірдей әскери оқытумен, әскери міндеттілерді, жылқыларды, көлік құралдарын әскери есепке алумен және жұмылдыру мәселелерімен айналысты.

3 кезең 1941-1945 жылдары атқарылған жұмыстармен ерекшеленеді. Ұлы Отан соғысы әскери комиссариаттардың алдына күрделілігі мен ауқымы бойынша бұрын-соңды болмаған міндеттерді қойды. Қысқа мерзімде ауыр жағдайларда Қазақстанның әскери комиссариаттары әскери оқыту жүйесінде жүздеген мың бронь бұзғыштар, байланысшылар, минометшілер, саперлер және басқа да мамандарды дайындады.

4 кезең екінші дүниежүзілік соғыстан тәуелсіздік жылдарына дейінгі мезгілді, яғни 1945-1991 жылдар аралығында атқарылған жұмыстармен тарихқа таңбаланды. Бұл мезгілде  әскери комиссариаттар қаза тапқан 601 939 адамның және хабар-ошарсыз кеткен 270 000 адамның отбасын хабардар етті. Қаза тапқандардың және хабар-ошарсыз кеткендердің отбасыларына зейнетақы тағайындау бойынша жұмыс ұйымдастырылды. Әскери комиссариаттар офицерлері мен қызметшілерінің жұмылдыруды жүргізу және резервтерді дайындау жөніндегі жанкешті еңбегі Ұлы Жеңіске жетуге өз үлесін қосты. Демобилизация кезеңінде әскери комиссариаттар әскери міндеттілерді есепке алуды және хабар-ошарсыз кеткендерді іздес­тіруді жүргізді.

Ал 6 кезең  тәуелсіздік алған 1991 жылдан қазірге дейінгі алтын дәуірді қамтиды. 1991 жылғы 12 қыркүйекте Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Әскери қызметке шақыру туралы» № 443 Жарлығымен Қазақстанның әскери комиссариатына республикалық орган мәртебесі берілді.

Бүгінгі таңда қорғаныс істері жөніндегі департаменттер, басқармалар мен бөлімдер Қарулы Күштердің ажырамас бөлігі болып табылады және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Жергілікті әскери басқару органдарының бөлімшелері әскерлер мен әскери оқу орындарын жасақтау, әскери оқытылған резервті есепке алуды жүргізу және даярлауды ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындайды. Қазақстандықтар арасында әскери-патриоттық жұмыс жүргізеді.

Жергілікті әскери басқару органдарының қазіргі заманғы жүйесі барлық облыстарда, қалалар мен аудан орталықтарында орналасқан 20 департаменттен, 31 басқармадан және 164 қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен тұрады.

1992 жылдан бастап елімізде мерзімді әскери қызметке 676 мыңнан астам азамат, ал әскери оқу жиындарына 31 мыңнан астам әскери міндетті шақырылды. Әскери оқу орындарында оқу үшін 42 мыңнан астам курсант іріктелді. Қарулы күштерге арналған әскери-техникалық мектептің филиалдарында 50 мыңнан астам маман даярланды.

Қазіргі уақытта жергілікті әскери басқару органдарын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған перспективалық жоспарына сәйкес, оларды реформалау және азаматтармен өзара іс-қимыл процестерін автоматтандыру жүргізілуде. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің 15 мемлекеттік қызметінің 10-ын қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер орындайды. Цифрлық ресурстар арқылы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру ұйымдастырылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату беріледі. Әскери есепке алу және әскерге шақыру мәселелеріне қатысты әкімшілік заңнаманың сақталуын бақылау жүзеге асырылады.

Пилоттық режимде Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, Чернобыль атом электр станциясындағы аварияның салдарын жоюға, интернационалист жауынгерлерге анықтамалар беру, әскери қызметтен өткендігін растау туралы және елден тыс жерлерге тұрақты тұруға шығатын азаматтарға қатынасы туралы қызметтерді іске қосу мәселесі қарастырылуда.

2023 жылдан бастап «e-gov» порталындағы жеке кабинетте азаматтың әскери қызметке қатынасы туралы мәліметтерді көрсете отырып, әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды электрондық форматқа көшіру жоспарланған. Бұл ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке қою және одан шығару қажеттілігін жояды.

Жергілікті әскери басқару органдары халықпен үнемі байланыста болады. Азаматтардың әлеуметтік желілердегі өтініштеріне жедел ден қою үшін олардың бірінші басшыларының ресми аккаунттары құрылды. Еліміздің барлық өңірлеріндегі қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер Қорғаныс министрлігінің «Қоғамдық қабылдау бөлмесі» функциясын орындайды.

«Жергілікті әскери басқару органдарының бөлімшелері әскерлер мен әскери оқу орындарын жасақтау, әскери оқытылған резервті есепке алуды жүргізу және даярлауды ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындайды. Қазақстандықтар арасында әскери-патриоттық жұмыс жүргізеді. Демек, бұл орган халық пен Қорғаныс саласын жалғайтын алтын көпір деп атауға болады. Жастардың бойына отаншылық тәрбиені сіңіру, олардың Отан алдындағы борышын абыроймен атқару жұмыстарында да жергілікті әскери басқару органдарының атқарып жатқан еңбегі ерен» деді Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Сәкен Жүсіпов.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button