Басты ақпарат

Ахметтану ілімінің бастаулары

(Соңы. Басы №107 (4385) санында)

Бұл БК(б) Орталық Комитетінің 1931 жылғы «Бастауыш және орта мектептер туралы», 1932 жылғы «Бастауыш және орта мектептердің программалары мен режимі жайындағы» қаулыларында да атап айтылды. Бағдарлама жасау мен оқулықтар жазу проблемасы әдебиеттану ғылымына тірелетін болса, отызыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің оқу құралдары әрі оқулық, әрі ғылыми-зерттеу еңбектің міндетін қатар атқарды. Осы дәрежеде көрінген алғашқы еңбек С.Мұқановтың 1932 жылы шыққан «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты оқулығы болды. Бұл Алаш арыстары шығармашылығына арналған тұңғыш монографиялық сипаттағы зерттеу болуымен қатар, ғасыр басындағы әдебиетті ғылыми тұрғыда тексеруге бастама салған да еңбек еді. 

1930 жылдан бастап ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиетті менсінбеушілік, жете бағаламаушылық болды. ХХ ғасырдың басындағы әдебиет ті идеялық-көркемдік дәрежесі төмен, ескішіл, ұлтшыл әдебиет деп бағалау орын алды. Әдебиет саясаттың құралына айналды. Сол кездегі әдебиет өкілдерінің, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы шығармашылығына да дәл осы тұрғыдан баға берген еңбектің бірі – Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты еңбегі. Сәбит Мұқанов А.Байтұрсынұлының Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқын надандықтан серпілуге сіңірген еңбегін жоғары бағалайды. Ақаңның қазақ мектебіне, қазақ тіліне қосқан үлесіне де өзіндік әділ бағасын береді. Бірақ, Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлының «Алаш» партиясын құрушылардың бірі болғанын, Советке қарсы кезінде өлең, мақала жазғанын кешіргісі келмейді. «Бірақ негізінде байшыл Ахмет Октябрьден кейін жалпы пролетариат үстемдігіне, оның ісіне, қазақ еңбекшілерінің үстемдігіне қарсы болды. Сондықтан Тоғжанов Ғаббас  жолдастай «еңбекші бұқара – бір кезде сары маса болып, ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып, сүйсінеді» демейді, Ахметтің еңбегін бағалаймыз, бірақ оны қастерлемейміз. Ол кезде төңкерісшіл болғанмен, қазір біздің тап дұшпанымыз» деп таптық тұрғыдан бағалайды. Әрине, бұл пікірдің заман ыңғайымен айтылғаны айтпасақ та түсінікті.

Қазақ әдебиеттану ғылымында бұл оқулық ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін, С.Мұқанов шығармашылығын тексерген ғылыми-зерттеулерде әртүрлі баға алып келді. А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтардың мұраларын алдағы уақытта ғылыми жолмен зерттеу барысында да артық-кем айтқан пікірлері сараланды. Әйтсе де, отызыншы жылдардағы әдебиет тарихын зерттеу ісінде оқшау тұрған және әдебиет тарихында белгілі себептерге байланысты орағытылып өтіліп келген еңбектің мақсатына және объективтік сипатына, ғылыми жетістігі мен қате-кемшілігіне назар аудармасқа болмайды. Себебі сол кездің өзінде-ақ қазақ әдебиеті тарихының ең бір күрделі кезеңін дәуірге бөліп зерттеуге батыл қадам жасаған, сол дәуір әдебиетінің басты сипаттарын ашуға талпынған, «әрбір ақынның, жазушының өмірбаянын, бір-бірінен өзгеше әдісін, ақындық күшін, түрін, шығармаларының мазмұнын, не туралы жырлағанын» көрсетуді басты мақсат тұтқан еңбек болды деп бағаланды.

Шынына келгенде, қазақ әдебиеттану ғылымында осы сипаттағы оқулықтардың жазылуына, яғни қазақ әдебиетін тарихи курс ретінде жүргізуге алғашқы бастаманы да С.Мұқановтың осы оқулығы жасады. Сонымен қатар, М.Әуезов, Х.Дос­мұхамедов, С.Сейфуллин еңбектерінен кейін әдебиет тарихын зерттеу саласында өз кезеңі үшін белгілі бір міндетті атқарған ғылыми-зерттеу дәрежесінде де көрінді. Бұл мақсатты жүзеге асыру жолында автор бірнеше міндеттер қояды. Осылардың ішіндегі ең маңыздылары: қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу, маркстік-лениндік әдіснамаға сай оның халықтық және таптық сипатын ашу болғанын анық байқауға болады. Бірақ, тексеріп отырғаны осы дәуірдегі «ұлтшылдық әдебиет» болғандықтан, ақын-жазушылардан ұлтшылдық сарын іздеуге көп көңіл аударылып кеткен.

Сәбит Мұқанов ­А.Байтұрсынұлының Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқын надандықтан серпілуге сіңірген еңбегін жоғары бағалайды. Ақаңның қазақ мектебіне, қазақ тіліне қосқан үлесіне де өзіндік әділ бағасын береді. Бірақ, Сәбит Мұқанов Ахмет Байтұрсынұлының «Алаш» партиясын құрушылардың бірі болғанын, Советке қарсы кезінде өлең, мақала жазғанын кешіргісі келмейді

Бұл оқулықтың үлкен де бас­ты кемшілігін сол кездің өзінде Е.Бекенов: «Кемшілігі бар тексеріс сындар М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ғ.Қарашұлы, әсіресе С.Торайғырұлы, М.Әуезұлы туралы сынның кемшілігі көбірек ұшырайды. Бұл кемшіліктердің көбі империализм дәуіріндегі байшылдық-ұлтшылдық пен социализм дәуіріндегі байшыл-ұлтшылдықты айырмай бірдей бағалап кетуі, ұлтшылдық неден тұрғандығы, жаңа байлар табы үстем тап болуға айналды, жаңашылдық күшті болды деген сияқты негізгі кемшіліктерден туған кемшіліктер» деп біржақты болса да атап көрсетіп берді. Солай дегенмен, сыншы С.Мұқанов бұл ақын-жазушыларды сынауда, ұлтшылдығын ашуда кемшілікке салынып, «төңкеріске қарсы істерін көрсетудің орнына, пролетариат төңкерісін түсінбедің деп өкпе айтады» деген қорытынды шығарған.

Бұл тұжырымға қарап, С.Мұқановтың ғылыми-зерттеушілік жұмыс саласында теориялық білімнің жетіспеуі мен «ұлтшыл-алашордашылдыққа» қарсы күрестің ықпалынан сыңаржақ социологиялық, солақай сынға бой ұра отырғанымен, тексеріп отырған дәуір әдебиеті мен ақын-жазушылар туралы бар мүмкіндігінше әділ баға айтуға талпынғанын аңғарамыз. С.Торайғыров, М.Әуезов, Б.Күлеевтер туралы айтқан кейбір дұрыс пікірлерді былай қойғанда, «Алашорда жыршысы, ұлтшыл ақын» дей отырса да М.Жұмабаевты қазақтың талантты ақындарының бірі деп бағалайды. «Қазақтың тілін байытуда, әдебиетке жаңа түрлер енгізуде оның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ» дей келе, оның қазақ поэзиясының көркемдік әлеміне қосқан екі еңбегін атап көрсетеді:

«1. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шет пұшпақтап енгізсе, Мағжан дендеп енгізді.

  1. Алған теманың пікірін өрбіту ретінде кейінгі жазушыларға жол ашты. Мағжан өлеңдерінің сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді».

Ал автор өзінің осы оқулықтағы сыңаржақ солақайлықпен айтқан қате тұжырымдары жайлы сол отызыншы жылдардың өзінде-ақ айтып қалып отырды. 1936 жылы шыққан екі томдық шығармалар жинағының алғы сөзінде: «Мағжан төңкеріске қарсы «алашорданың ақыны» болғандықтан одан кейінгі үлгі алуды өзіме залал деп ұқтым. Бұным солақайлық еді» деп жаза келе, «Ұлтшылдармен идеология майданында күрескенде менің бірнеше қате сілтеген кездерім болды» деп ашық айтты.

Жалпы С.Мұқановтың әдебиетші, зерттеуші ретіндегі тұлғасының қалыптасу жолы мен ғылыми-зерттеушілік ой-пікірінің өсу эволюциясынан қазақ әдебиеттану ғылымының туу, жетілу жолындағы жетістіктер мен қателіктерді анық көруге болады. Бұған С.Мұқановтың сәл кейінірек жазған: «Ол кезде мен саяси шала сауатты едім, ғылымға шалағай едім, менің ол кезде саяси білімім де, жалпы білімім де бастауыш көлемде ғана еді. Сондықтан мен ескі әдебиет мұраларына сын көзбен қарай отырып, олардың пайдалы жағын алу дегенді білмедім, совет әдебиеті бұрынғы бұқарашыл әдебиет­тің заңды жалғасы, ілгері өрлеуі екенін ұқпадым» деген пікірі – айқын дәлел. Оқулыққа тән сипат, әдеби-теориялық талдау, әдеби-тарихи тұрғыда зерттеу ғылыми-зерттеушілік арнасында бас қосып, бірін-бірі толықтырып отырғандықтан еңбек монографиялық мәнге ие болған.

С.Мұқанов өз оқулығына  «І ­бөлім. Ұлтшылдық, байшылдық дәуір» деп ат қойып, айдар тағуына қарағанда, ХХ ғасыр басынан отызыншы жылға дейінгі қазақ әдебиетінің тарихын «ұлтшылдық, байшылдық әдебиет» және «пролетарлық әдебиет» деп екіге бөліп зерттеу­ді мақсат тұтқаны байқалады. Осы ойын автор «ХХ ғасыр әдебиетін тексеріп отырғандықтан, бізге қазақ әдебиетінде жиырмасыншы ғасырда байшыл әдебиетке қарсы туған пролетариат әдебиетін, оның өркендеу дәуірін жазу керек еді. Біз бұл жолы оны істегеніміз жоқ. Байшыл дәуір мен пролетаршыл дәуірді қосып кітап қылсақ, ең алдымен, үлкен іс болар еді. Екіншіден, асығыстық істеуге тура келеді. Сондықтан әдебиетіміздегі пролетариат дәуірінің өркендеуін алдыңғы күннің міндетіне қалдырдық» деп ашық жазды.

Бұл пікірге тереңірек мән беретін болсақ, 1920-жылдардың бас кезінде қазақ әдебиетінің қазақ тарихын ауызша және жазба әдебиет деп қана бөле алған ғылыми-зерттеушілік ой-пікір М.Әуезов пен Х.Досмұхамедов еңбектерінде «ХV-XVІ ғасырлардағы әдебиет және XVІІІ-XІX ғасыр ақындары» деген әдеби-терминдік ұғыммен толықса, С.Мұқановта «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген дәуірге тармақталған. Әдеби мұраны зерттеуге деген оң бағыттағы көзқарас 1925 жылдан бастап өріс ала бастағанын ескеретін болсақ, қазақ әдебиеттану ғылымының туу кезеңінде әдебиет тарихын дәуірге бөліп тексеру жолындағы жаңа қадам екенін атап айтпауға болмайды.

«ХХ ғасырдағы қазақ әдебие­тіне» баға бергенде Қазақстанда «ұлтшыл-алашордашыларға» қарсы күрес тек қазақ әдебиеттану ғылымында ғана емес, мәдениеттің барлық салаларында жүргенін және оны тудырған С.Мұқанов емес екені есте ұсталуы қажет. Әдебиеттегі «ұлтшыл-алашордашыларды» әшкерелеу сол кездегі барлық мақалаларда, Ғ.Тоғжановтың, Е.Бекеновтің т.б. еңбектерінде, М.Қайыпназаровтың баяндамаларында ғана емес, Қазақстан өлкелік партия ұйымының қау­лы-қарарларында да айтылып қалып отырылды. Ендеше, бұл күрестің С.Мұқанов оқулығында көрінуін сол дәуірдегі идеология­лық күрестің әсерінен, заман ағымынан деп түсінген жөн. Қазақ әдебиеттану ғылымында бұл оқулықты әртүрлі ғылыми аспектіде қарастырған Е.Бекенов, Т.Нұртазин, Т.Кәкішев, Р.Бердібаевтар жеке дарындарды бағалаудағы кемшіліктерін ғылыми тұрғыда талдай келіп, алғашқы монографиялық зерттеу деп бағалайды.

С.Мұқановтың әсіре таптық қағидатпен және кеңестік идеология жазылған бұл зерттеуіндегі Алаш Арыстары туралы ой-пікірлері мен тұжырымдарына ерекше назар аудару қажет. Ахаң туралы «қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес» деген бағасы тәуелсіздік алғаннан бері ұлт ұстазына берген бағалаулардан алыс түсіп жатқан жоқ.

Ф.ғ.д., сәбиттанушы ғалым К.Ахмет осы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» туралы: «Біріншіден, әдебиетке өзінің қолтаңбасымен келгендерді тарих бетінде хаттау болса, екінші әдебиет түгілі, тарихқа қайтып оралар-оралмасы беймәлім дарындардың С.Торайғыров пен А.Байтұрсыновтан басқасының, тіпті жеке мақалаға арқау болмаған ғұмырбаянын, шығармашылығын зерттеп, тексеру, кейінге қалдыру, аттарын өшіріп алмау мақсатын көздеген» деп ойлаймыз және сол кездегі таным-білікке негіздей жазбаса еңбегі еш болатынын сезді, жарияланбайтынын білді. Сондықтан социологиялық ой мен сөзді еркін қолданды» деп жазуында үлкен шындық жатыр.

«ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» еңбегінің «Ұлтшылдық-байшылдық дәуірдің ақын-жазушылары» деп аталатын бөлімінде ұлттық әдебиеттануда бұрын-соңды болмаған монографиялық портрет жасау арқылы зерттеп-зерделеу үрдісін алғаш рет енгізді. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қарашев, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Б.Күлеев, Ж.Аймауытов шығармашылығына тұңғыш рет ғұмырнамалық және ғылыми теориялық талдау жасады.

Қорыта айтқанда, С.Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің әдебиет тарихын тексеруде тереңдей түсуіне әсер еткен, қазақ әдебиеттану ғылымында әдебиет тарихын дәуірге бөліп зерттеу­дегі ізденісті жалғастырған, XX ғасыр басындағы әдебиеттің көрнекті дарындарының шығармашылығын тексеруді қолға алу қажеттігін көрсетіп берген, мектептерде ­әдебиет­ пәнін тарихи курс ретінде жүргізілуіне бастама салған еңбек деген тұжырымға келеміз. Бұған «1988 жылы Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек мұрасын зерттеу жөніндегі комиссиянның оң қорытындысы негізінде таңдамалы шығармаларын шығару тапсырылды. Міне, осы шешімді жүзеге асыру кезінде, әсіресе, М.Әуезов атындағы ­Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері, Х.Абдуллин, Б.Дәрімбетов, М.Атымов, Қ.Керейқұлов, Р.Тұрысбековтер 1932 жылғы С.Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» зерттеуін алдарына жайып қойып, оңтайлы тұстардан жол тауып, арыстардың шығармаларын дайындағандарын білетіндер де, көргендер де бар. Сонда Сәбеңнен басқа қайраткерлерден Алаш ардақтылары туралы қандай еңбек, қандай шығарма табылды? Бас шайқап жоқ деуге тура келеді» деген пікірді қоссақ сөзіміз салмақтана түсетіні анық.

Осы кезеңде жарық көрген оқу құралдары мен оқулық-хрестоматиялар тек әдебиет тарихын зерттеу мен дәуірге бөлуде ғана емес, жалпы әдеби-теориялық, әдеби-тарихи, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің өсу, кемелдену, дәуір талабына сай маркстік-лениндік әдіснаманы игере отырып тереңдеу жолын да көрсетеді деген мәселелердің беті ашылып, қазақ әдебиетінің тарихын ғылыми арнамен жазу қажеттігін танытқан сәтті ізденістердің бірі болды. Қазақ әдебиеттану ғылымының туып, қалыптасу процесіне осындай мәнді педогогикалық еңбектердің қандай септігі тигендігін айқындала түсті. Сонымен, осы тараудағы екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі оқу құралдары мен оқулықтарды қарастырғанда, қазақ әдебиеті тарихының мектептік курсы жасалып, әдебиеттану ғылымы туып, өркен жайды деген тұжырымды қорытындыға келеміз. А.Байтұрсынұлы бастаған қалам қайраткерлерінің мектепті оқулықпен қамтамасыз ету, оған жүйелі курс жасап беру тек мәдени-әлеу­меттік тұрғыдан ғана емес, ғылыми-педагогикалық жағынан да айрықша атап өтетін және қазақ әдебиеттану ғылымының туып, енді қалыптасу кезеңінің басталғанын танытатын социологиялық-эстетикалық мәнді құбылыс болды.

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button