Басты ақпарат

Дінбасылар елордада бас қосады

Елорда айтулы оқиғаның қарсаңында тұр. Кеше елордада осы құрылтай аясындағы «Ұлы дала сазы» этнофестивалі басталды. Алдағы 14-15 қыркүйек күндері Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII құрылтайы өтеді. Халықаралық басқосуға әлемнің 50 мемлекетінен 100-ден аса делегация келеді. Діни форумға қатысушылардың арасында Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Таейб, Израильдің ашкенази раввині Дэвид Лау және басқа да мәртебелі меймандар бар. Рим Папасы 14 қыр­күйек күні сағат 16.45-те ЭКСПО халықаралық көрме орталығындағы «Нұр әлем» павильоны алдындағы алаңда қасиетті уағызын өткізеді. Діни мессаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия және өзге елдерден 3 мыңға жуық адам қатысады. 

[smartslider3 slider=3945]

2022 жылғы 14-15 қыркүйек күндері елордамыздағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтеді. VII съездің негізгі тақырыбы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемия­дан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» деп айқындалған. Бұл жолғы діни форумның бұрынғылардан бір өзгешелігі – «Бейбітшілік пен бірліктің елшілері» деген ұранмен Рим Папасы Францисктің Қазақстанға келуі. Рим Папалары тарихында 2-католиктер көсемінің Қазақ елінің топырағына аяқ басуы алдында тарихта аз-кем шегініс жасап, өткен күндерге көз жүгіртіп көрейік.

Рим Папасының Қазақстанға алғаш келуі

Осыдан тура 21 жыл бұрын, 2001 жылдың 22 қыркүйекте Ватиканның сол кездегі билеу­шісі – Иоанн Павел II Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Астанаға келді. Католик шіркеуінің басшысы елімізге табаны тиісімен қазақ топырағын сүйді. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін елордадағы «Отан-­Ана» ескерткішінің жанындағы алаңда ашық аспан астында қасиетті уағызын өткізді. 23 қыркүйекте астаналықтар мен қала қонақтары қасиетті әкейді көруге алаңға қарай ағылды. Ол жерде 20 мыңға жуық адам жиналды. Сол оқиғаны өз көзімен көрген жандардың бірі едім. Уағыз өтетін жерде – «Отан-Ана» ескерткішінің алдына қазақтың киіз үйін сахна ретінде тігіліпті.

БАҚ өкілдері сахна-киіз үйге қарама-қарсы жерден салынған бақылау нүктесінен алаңдағы оқиғаны тамашаладық. Рим Папасы мінген папамобиль алаңды бір айналып шығып, төрге жақын жерге тоқтады. Қасиетті әкей өзінің орнына жайғасқан соң, уағыз басталды. Әуелеген әдемі әуенге жиналған жұрт түгел қосылды. Рәсімге келгендер әулие әкейді ұйып тыңдады. Тіпті, 3,5 сағатқа созылған уағыз аяқталса да, алаңнан ешкім кетпеді. Папа ең алдымен, қазақша одан кейін орысша, немісше және поляк тілдерінде сөйледі.

Абайдың қара сөздеріне қызыққан Папа

Рим Папасы Иоанн Павел II бүкіл дерлік еуропалық тілдерді меңгергені мәлім. Өйткені ол әрбір елге келгенде уағыздарын сол халықтың тілінде оқитын. Қазақстанға дейін 126 мемлекеттің дәмін татып, суын ішкен Папа Орта Азияда алғаш рет бізге келді. Сол сапарда католиктер көсемінің қазақша үйреніп, қазақ тілінде құттықтау сөз сөйлегенін өз құлағымызбен естідік. Демек, ол – әр елге баратын сапарына ерекше ықыласпен дайындалады деген сөз. 81 жастағы Понтификтің күллі әлемге қазақты танытқан ұлы ойшылымыз Абай Құнанбайұлының қара сөздерін мысалға келтіріп, жер бетіндегі барлық ұлттар мен діндерді өзара түсіністік пен бейбітшілікке үндегені көпшілікті таң қалдырды. Ұлы Абайдан кейін ол Қожа Ахмет Ясауидің даналық сөздерін оқыды. Сөйлеген сөзінде Баласағұн, Меркі, Құлан, Тараз, Отырар, Түркістан сияқты қасиетті жерлерге қатты қызығатынын жасырмай айтты.

Алдағы жұма күні, яғни, 16 қыркүйекте елорда тұрғындары мен қонақтары еліміздің ең үлкен мешітінде Ислам әлемінің ең танымал, беделді тұлғаларының бірі –Ахмед ат-Тайебтың қасиетті жұмада айтатын уағызын тыңдай алады

21 жыл бұрын болған сапа­рында Қасиетті Тақтың билеушісі Қазақстанға екі түрлі мақсатпен келді. Бірінші мақсаты – еліміздегі католиктердің діни бостандығына кепілдік алып беру еді. Ресми Ватикан бұл келісімді Конкордат деп атады. Назар аударатын жайттың бірі, ТМД көлемінде және Орталық Азия елдері арасында Қазақстан Қасиетті Тақпен бірінші болып келісімге қол қойып, ең сенімді серіктестері қатарына кірді.

Екінші мақсаты – пасторлық сапары. Бұл сөзді шіркеу баспасөз орталығының журналистерге берген жауаптарынан аударып алдық. Қасиетті Апостол Петрдің мұрагері еліміздегі католиктердің рухын көтеріп қана қоймай, мұсылман бауырларына да өзін сыйлата алатынын дәлелдеді. Дәлелдегені сол, үш күнде Папа елорданың көрнекті жерлерінде 2 уағыз, 10 шақты кездесулер өткізді. Шейіт болғандардың рухына тағзым етті. Әділетсіздіктен қасірет шеккендер мен азапталғандарға арнап дұға оқыды. Сол оқиғалардың бәрінде жанында өзімен ілесіп келген 50 журналисі бірге жүрді. Сол жолы Рим Папасының Қазақстанға сапарынан 300-ге тарта шетелдік журналист ақпарат таратты.

Рим Папасы Франциск кім?

Енді Рим Папасы Франциск туралы аз-кем дерек келтірейік. 2013 жылы 13 наурызда Рим Папасы болып сайланған Хорхе Марио Бергольо Әулие Францисктің құрметіне Франциск (лат. Franciscus) есімін алды. Бұл атау Папалар тарихында бірінші рет қолданылды. Франциск иезуит орденін ұсынған алғашқы Папа және Жаңа әлемнен шыққан алғашқы Папа. Франциск 1936 жылдың 17 желтоқсанында Буэнос-Айрес қаласында итальяндық эмигрант отбасында дүниеге келген. Бес баланың ішіндегі кенжесі. Химик-технолог мамандығына оқып, диплом алған. Буэнос-Айрестегі Вилья-Девото семинариясында білім алған. 1958 жылдың 11 наурызында иезуиттер орденіне кіреді. Новициатты Чилиде (гуманитарлық ғылымдар) өтеді, осыдан кейін білімін Буэнос-Айрестегі Әулие Иосиф атындағы колледжде жалғастырады. Осы жерде философия бойынша лиценциат дәрежесіне ие болады. Буэнос-Айрестегі үш католиктік колледждерде әдебиет, философия және теоголия пәндерінде сабақ жүргізеді. Испан тілінен бөлек итальян және неміс тілдерінде еркін сөйлейді.

Франциск қатардағы дін қызметкерінен Рим Папасына дейінгі үлкен өмір, тәжірибе жолын жүріп өтті. Рим папасы өзінің бір сөзінде: «Жамағатты Шіркеуге шақыру сияқты қабілетім бар екендігін білмеген күндері Аргентинадағы түнгі клубтарда «ұрдажық» қызметін атқарғанмын, сондай-ақ еден жуушы мен лаборант та болған күндерім бар» деп ағынан жарылды. Иезуиттік, епископтық, кардиналдық қызмет сатылары арқылы жоғары өрлеп, халық­аралық беделі өсе берді. Рим Папасы Франциск 2013 жылдың 19 наурызында таққа отырды. Ол Қасиетті Тақты басқару тарихында бірнеше реформалар енгізді. 2018 жылдың тамызында өлім жазасына қарсы болды. Нью-Йорк губернаторы (АҚШ-та халқы саны бойынша 4-орында) Эндрю Куомо Папамен бірігіп, штатта өлім жазасын жою туралы заң жобасын енгізді.

Франциск Екінші дүние­жүзілік соғысқа қатысқан XII Пий понтификатының құжаттарын ерте құпиясыздандырды. Кардинал Бергольо өзінің дінбасыларын аборт пен эвтаназияға қарсы сөйлеуге шақырды. Ол 2010 жылы Аргентина үкіметі бір жынысты некеге рұқсат беру туралы заң шығарғанына үзілді-кесілді қарсы болды. Бергольо некесіз туылған балаларды шомылдыру рәсімінен бас тартқан діни қызметкерлерді сынай отырып, некесі қиылмаған аналардың түсік жасатудан гөрі баланы дүниеге әкелуі үшін дұрыс саясат жүргізді, шіркеу олардан қашпауы керек деп сендірді. «Форбс» журналы жариялаған әлемдегі ең беделді адамдар тізімінде 2018 жылы Рим Папасы Франциск 6-орында тұр. 2014 және 2015 жылдары ол рейтингтің 4-сатысында болған.

Съезд барысында Рим Папасының ресми сапары 14 қыркүйек күні ЭКСПО аумағында кең ауқымды діни Мессамен жалғасады – Рим-католик шіркеуінің латын ғұрпындағы негізгі литургиялық қызметі өтеді. Мессаға кез келген дін мен конфессияның өкілдері қатыса алатыны атап өтілді

Съездер тарихы – диалог тұғыры

Әлемдік және дістүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі 2003 жылы 23-24 қыркүйек­те Астанада өтті. Сол жолғы алқалы жиынға қатысушылар құрылтайды 3 жылда 1 рет өткізуге шешім қабылдады. Алғашқы басқосуға әлемдегі 18 діннің 120-ден аса делегациясы келді. 2006 жылы қыркүйек айында «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деген атаумен өткен жиынға дүние жүзінің 20-дан аса елінің дінбасылары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Осы съезде елордамыз­да Халық­аралық мәдениеттер мен діндер орталығын құру туралы бастама қолдау тапты. 2009 жылы күзде Астанада өткен үшінші съезге әлемнің 40 мемлекетінен 80-ге жуық делегация келді. Бұл жаһандық мәселелерді талқылайтын алаңды күллі әлем мойындап, съездің халықаралық беделінің өскенін көрсетті. 2012 жылы 30-31 мамырда бас қаламызда «Адамзат таңдауы – бейбітшілік пен келісім» деген атаумен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары тағы бас қосты. Бұл съездің бір ерекшелігі, Дін көшбасшылары кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Қалыптасқан үрдіспен жиынға қатысушылардың үндеуі жарияланды. Дін көшбасшылары барша адамзатты ортақ планетамыздың болашағы үшін өзара іс-қимылға, әділеттілік пен жасампаздыққа шақырды. Үш жылдан кейін бесінші съезд тағы да Қазақстанның астанасында жалауын желбіретті. 2015 жылдың 10-11 маусымында елордамызға 44 елден келген 112 делегация өкілдері әлемдегі татулық пен қауіпсіздік мәселелерін ашық талқылады. Дінаралық саммитте «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер бейбітшілік пен даму жолында» деген тақырып кеңінен талқыланды. Ал алтыншы съезд 2018 жылы 10-11 қыркүйекте өтті. Съезге қатысушылар Тәуелсіздік сарайының жанындағы «Бейбітшілік қабырғасы» маңында ортақ дұға жасау рәсіміне қатысты. Әртүрлі дін өкілдері жер бетіндегі бейбітшілік пен амандық үшін дұға жасады. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда әлемдік БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді теңдестіруден бас тартуға, бейбітшіліктің құндылығын, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты ілгерілетуге үндеді. Соңынан 7-съезді 2021 жылы елордада өткізу туралы шешім қабылданды. Алайда пандемияның әлемде етек алуынан басқосуды өткізу кейінге шегерілді.

Бұл съезд бұрынғыдан өзгерек…

VII съездің қарсаңында, 13 қыркүйек күні Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен съезд хатшылығының XX отырысы өтеді. Съезд шеңберінде 14 және 15 қыркүйек күндері форумның секциялық отырыстары форматына енгізілген бірқатар өзекті тақырыптық блоктарды қарау жоспарлануда.

14 қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің пленарлық отырысы өтеді. Ертеңіне, яғни, 15 қыркүйек күні VII съездің секциялық отырыстары және жабылу рәсімі болады. Съезд жұмысына әлемнің 50 елінен 108-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм, сондай-ақ саясат және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қоғамдастығы қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, діни форумға қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері көп келеді. Ресми мәлімет бойынша қазірдің 188 шетелдік журналист тіркелген, оның ішінде Euronews, BBC, CNN, Bloomberg, Al Jazeera және т.б. бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Алдағы діни форумның ерекшелігі – Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, Израильдің Ашкенази раввині Давид Лау және басқа да мәртебелі меймандардың елордаға сапарында деуге негіз бар.

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы 16 қыркүйекте елордадағы Республикалық бас мешітте Әл-Азһар шейхы, Жоғарғы имам Ахмед ат-Тайебтың жұма уағызын айтатынын хабарлады. Бұл – еліміздегі мұсылмандар үшін айтулы оқиға екені сөзсіз. Себебі Жоғары имам жетекшілерінің ең жоғары атағы.

Ахмед ат-Тайеб туралы ­А.Қонарбайұлы былай деп жазды: «Тарихқа көз салсақ, 1679-2022 жылдар аралығында 50 дін қайраткері әл-Азһардың Жоғарғы имамы болды. Алғашқылары Мұхаммед әл-Хараши, Ибрагим әл-Бармауи, Мұхаммед ан-Нашарти болса, 1980 жылдардан бастап Мұхаммед Әбдірахман Бисар, Джад әл-Хак, Мухаммад Саид Тантауи және Ахмед ат-Тайып бұл атаққа ие болды. Сондай-ақ шейх Ахмед ат-Тайеб – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпағы. Дін қайраткері саңлақ сахаба Әли ибн Әбу Тәліп пен Фатима анамыздың ұлы Хасаннан (Алла баршасына разы болсын) тарайды. Ол 2010 жылы тарихи тұрғыдан ислам әлемінің негізгі білім, ғылым және рухани орталықтарының бірі – әл-Азһардың Жоғарғы имамы атанды. Әрі ол бұрын университетті өзі де басқарған, сонымен қатар Мысырдың бас мүфтиі болған».

Алдағы жұма күні, яғни, 16 қыркүйекте елорда тұрғындары мен қонақтары еліміздің ең үлкен мешітінде Ислам әлемінің ең танымал, беделді тұлғаларының бірі – Ахмед ат-Тайебтың қасиетті жұмада айтатын уағызын тыңдай алады.

Съезд барысында Рим Папасының ресми сапары 14 қыркүйек күні ЭКСПО аумағында кең ауқымды діни Мессамен жалғасады – Рим-католик шіркеуінің латын ғұрпындағы негізгі литургиялық қызметі өтеді. Мессаға кез келген дін мен конфессияның өкілдері қатыса алатыны атап өтілді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VII съезі аясында да бірқатар арнайы шаралар өтеді. Соның бірі – көпұлтты оркестр құру болып табылатын «Music of the World» («Әлем музыкасы») музыкалық жобасы. Оның миссиясы – сан алуан ұлттар бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқан еліміздің халқының алуан түрлілігінің құндылығын тағы бір рет көрсету. Бұл бастама Гиннестің рекордтар кітабына әлемдік рекорд ретінде жазылды.

Сонымен қатар, елордада табиғи және демалыс саябағы құрылады. Саябақты салуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сәулетшілер, урбанистер және ландшафты дизайнерлер арасында байқау ұйымдастырылды.

Қонақтарды күтіп алу және керек тілге аудармамен көмектесу үшін 100-ден астам еріктілерден тұратын арнайы топ құрылған. Бұл топтың барлық мүшелері ағылшын тілінде сөйлейді, ал кейбіреулері араб, түрік, қытай, парсы және т.б. тілдерді біледі. Жалпы съезд жұмысына 500-ден астам ерікті жұмылдырылады.

 

 

 

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button