Басты ақпарат

Сирек сопрано – Суми чо

Жуырда «Астана Опера» театры өзінің мерейтойлық оныншы театр маусымын әлемдік опера сахнасының жұлдызы, «Грэмми» сыйлығының лауреаты, сопрано дауысты Суми Чоның (Оңтүстік Корея) қатысуымен өткен концертпен ашты. Мерейтойлық концерт, музыка мерекесі қазақстандық опера жұлдыздарының қатысуымен «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен көрер­мендер назарына ұсынылды. Концертте қазақ, корей және батысеуропалық шығармалар орындалды.

Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан көпшіліктің сүйіп тыңдайтын «Тойбастар» сахналық көрінісі, Ж.Оффенбахтың «Гоф-ман ертегілері» операсынан Олимпия шумақтары, Ф.Легардың «Күлкі елі» опереттасынан ханзада Су Хонгтың ариясы, «Пуритандықтар» операсынан Рикардоның ариясы және тағы басқа көптеген туындылар бар.

Кеш Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатия­лық қатынастардың 30 жылдығы мен мәдени алмасу жылы құрметіне орай Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы қолдауымен ұйымдастырылды. Концерт алдында Суми Чо мен кеш ұйым­дастырушылары баспасөз мәслихатын өткізді. Әлемдік сахнаның жұлдызы, өз заманындағы жоғары сұранысқа ие, сирек сопранолардың бірі саналатын Суми Чоға бірнеше сауал қойған едік.

– Суми Чо ханым, қазақ еліне қош келдіңіз! Қазақстанға осымен үшінші рет келген екенсіз. Әсеріңіз қандай?

– Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы қолдауымен ұйымдастырылған концертке қатысуға келдім. Оның үстіне мен ЮНЕСКО-ның аясында бейбітшілік үшін өнер көрсететін әнші болғандықтан, Қазақстандағы концертке қатысуды өзіме үлкен мәртебе деп санаймын. Өнер иесі ғана емес, бейбітшілік пен достықты қолдайтын адам ретінде мен үшін бұл өте маңызды.

– Бұл концерт, осы вокалдық орындау – музыка әлемін тағы бір жоғары сатыға көтергендей. Әрбір орындалған шығармаңыз – бір-бір опералық туынды секілді. Қазақстандық әріптестеріңізбен мәртебелі сахнада орындау қаншалықты ұнады?

– «Астана Операның» сахнасында қазақстандық әріптестеріммен опералық шығармаларды орындау өте қызықты, тартымды. Бір-бірімізді сыйлап, өнерімізге шын құрмет тұтып, бауыр басып кеттік. Жаз бойы жасаған еңбегіміз жарқырап, халықтың алдына шыққанына зор ризашылығымды білдіргім келеді. Керемет опера солистері, ғажайып оркестр, тамаша хор, білікті бас дирижер – барлығы да шығармашылық әлеуетімді арттырып, шеберлігімді шыңдай түсті.

2003 жылы ЮНЕСКО «Әлем әртісі» деп таныды, 2019 жылы Италия Жұлдызы орденінің кавалері атанды, есімі Азияның Даңқ залына енді, «Үздік корей мәдени бренді» және «Корей имиджі» марапаттарына лайық деп танылды (2022).

«Астана Опера» опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, меццо-сопрано, жетекші солист Татьяна Вицинская, операның жетекшi шеберi, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаевтай жоғары өнер иелерімен бір сахнада өнер көрсету, жаңа бағдарламамен шығу шынында да мен үшін өте маңызды, қуантарлық жағдай.

– Концертте қазақстандық әріп­тестеріңізбен бірге орындайтын шығармаларға қандай баға бересіз?

– «Астана Операның» солисі Татьяна Вицинскаямен дуэт болып орындаған опералық шығармамыз өте тартымды. Жалпы, Сіздерге келгенге дейін Кореяда Татьяна Вицинскаяның орындауындағы «Кармен» шығармасын тыңдағанмын. Өте ұнады. «Кармен»  – опера өнерінің жауһарларының бірі. Кеш барысында дуэт­пен қатар квартетпен орындау, хормен бірге орындаулар болады. Олардың барлығы да өте талантты, эмоцияларын да өте жақсы жеткізе алатынын байқадым. Ең бастысы – оларда патриоттық рух, өнерге шын берілгендік бар. Қазақстандық әріптестерім, өнер иелері өз елін мақтаныш тұтатын шынайы дарын иелері. Бұл жағынан алғанда олар өз елімнің, Кореяның әншілеріне қатты ұқсайды. Солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаевтың жетекшілігінде «Астана Операның» хоры мен симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен опералық ариялар мен дуэттерден жарқын бағдарлама ұсынып отыр. Алан Бөрібаевтай маэстромен, әлемдік деңгейдегі музыкантпен бір сахнада өнер көрсеткеніме ризамын.

– Қазақ музыкасынан қандай әсер алдыңыз және алдағы уақытта Сіздің репертуарыңызға қазақстандық композиторлардың шығармалары ене ме?

– Бір қызығы сол – концертті қорытындылайтын ән корей тілінде орындалатын әндерге өте ұқсас. Бұл екі елдің өнері үшін де, халықтар достастығы үшін де керемет үйлесім, татулықтың белгісі. Бұл бейбітшілік үшін де, музыка әлемі үшін де өте керек нәрсе. Мен  Корея Республикасында тудым, өстім, музыкант ретінде әлемнің барлық елінде өнер көрсетемін. Қазақстанның мәдениеті мен өнеріне үлкен қызығушылығым бар, алдағы уақытта тағы да музыка әлемін зерттеп, репертуарыма қосамын деген ойламын.

– Сіз өз замандастарыңыздың арасында жоғары сұранысқа ие сопранолардың бірісіз. Жазбаларыңыз, күйтабақтарыңыз ең көп сатылатын әлемдегі классикалық әншісіз. Репертуарыңызда үлкен сұранысқа ие опералық партиялар бар, әлемнің әйгілі опера сахналарында өнер көрсеттіңіз. ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік әртісі» атағының иегері ретінде елдер мен мәдениетті жақындату мақсатындағы маңызды қадамды біздің елордадан бастадыңыз. Алдағы уақытта қандай шығармамен көрермендеріңізді, жанкүйерлеріңізді қуантпақсыз?

– Мен қазір маңызды хабарлама жасаймын: келесі жылы мен Парижде музыкалық конкурс ұйымдастырмақшымын. Осы ретте сол жарысқа, музыка мерекесіне Қазақстаннан көптеген өнер иелерінің қатысқанын қалар едім. Сол арқылы атын әлемге танытып, дүние жүзі бойынша өнер көрсеткенін көрсем деймін. Опера театрлары арасындағы мәдени байланыс болғанын шын жүректен қалаймын.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button