Мәдениет

Халық рухының жанартауы

Елордадағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда ақиық ақын Мұқағали ­Мақатаевтың туған күніне орай әдебиет сыншысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлының «Мұқағали ғасыры» кітабының таныстырылымы өтті.

Кітаптың таныстырылымы сыр-сұхбат форматында өрбіді. Сыншыға түрлі сұрақтар қойы­лып, жауаптар алынды. Ақиық ақынның жырлары оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды, шығармаларынан қойылым көрсетілді.

Автордың айтуынша, Мұқағалидың өлеңдерімен оны мектеп жасында алғаш рет Асқар деген досы таныстырды. Одан көп ұзамай әкесі, көрнекті ақын Кеңшілік Мырзабеков ақиық ақынның «Дариға-жүрек» кітабының негізінде сахналанған қойылымға апарды.

«Үйге келе салысымен әкем­нің бөлмесіндегі кітаптарды ақтарып, Мұқағалидың жинағын іздедім. Жазу үстелінің тартпасынан ұлы ақынның «Өмірдастан» деген таңдамалысын тауып алғанымда қуанышым қойныма сыймады. Үміт пен күдік бір мезгілде көңілімде оянып, жүрегім лүпілдеп ақын жырларына үңілдім. «Өмірдастанды» оқи бастағанымда аспаннан тырналардың тізбегі ұшып өтіп, ауламыздағы үйлердің төбесіне қонғандай болған ғажайып бір көңіл күйдің бесігіне бөленгенімді білемін. Ақынның көктемгі табиғаттың көркіндей сұлу поэзиясы бозбала дәуреннің желігімен қатқылдана бастаған жүрегімдегі мұздарды ерітіп, ізгілікті сезімдерімді оятқандай ма, қалай?! Ал кітапты соңына дейін оқып шыққанымда тас-талқаным шығып, Мұқағалидан жеңілдім. Ол менің еркімді билеп, ой-санамды жаулап алды» дейді сыншы.

Амангелді Кеңшілікұлының «Мұқағали ғасыры» кітабы өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен жарық көрді.

«Абай қазақ ақыл-ойының алып мұхиты болса, Мұқағали – телегей теңіз сезімі. Абай халық рухының оттай жанған жүрегі болса, Мұқағали – жанартаудай атылған жаны. Біз Мұқағалиды оқығаннан кейін адам бақытты болу үшін ақылмен, жүрекпен ғана емес, жанмен, сезіммен де өмір сүруі керек екенін тереңірек түсіне бастадық. Мұқағали ғасыры басталса, бұл құбылыстың Абайдан кейінгі уақыттағы поэзиядағы ашқан жаңалықтарымыздың зерттеліп, сын мақалалардың, ғылыми еңбектердің, монографиялардың жазылуына мұрындық болады. Өткен ғасырдың басында ұлы Абаймен бірге оның ақындық айналасы да жан-жақты зерттеліп, артында қалған асыл мұраларының құндылығы салмақталғаны тарихтан мәлім. Мұқағали ғасырының басталуы да рух аспанын найзағайдай күркіретіп, әдебиеттің алтын дәуірін жасаған жыр алыптарының біз байқамаған жаңалықтарын көріп, біз бойламаған тереңдіктерін ашуға мүмкіндік туғызар еді» дейді сыншы.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button