Басты ақпаратСараптама

Мамандықтар майданы

Бір жақсысы, қа­зір демография ­ахуалы түзеліп, халықтың табиғи өсімі артып келеді. Бұл – бүгінгі дүние­ге келген ұрпақ 20-25 жылдан ке­йін табысты жұмыс көзін іздейді деген сөз. Аты әлемге әйгілі Microsoft компаниясы жүргізген зерттеулер қазіргі мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің 65 пайызы бүгінде мүлде жоқ мамандықтар бойынша жұмыс істейтінін айтып отыр.

Жаңа уақыт бірнеше саланың қыр-сырын қатар меңгеруді талап етуде. Мәселен, болашақтың мамандығы – виртуалды орта дизайнеріне редакторлықты, психологияны қоса игеру керек. Қазіргі адамдардың бәрі бір-бір гаджетке байланған деген қаупіміз 2026 жылға қарай қалыпты жағдайға айналмақ. Өйткені ол кезде миллиондаған адам виртуалды әлемде жұмыс істеп, ақша тауып, білім алады. Ал виртуалды орта дизайнері сол әлемді жобалап, адамдардың байланысуына қолайлы жағдай туғызады. Тағы бір болашақтың мамандығы – робоэтика адвокаты коммуникация, философия және этиканы білуі тиіс. Бұл мамандар алдағы роботтар дәуірінде адамдар мен жасанды интеллект арасындағы моральдық және этикалық нормаларды жасап, бәсекелестік ортадағы әркімнің құқығын белгілейді. Зерттеушілер «адам істейтін барлық жұмысты роботтар бірдей атқара алмайды» деген тоқтамға келгенмен, цифрлық технология дәуірі адамның тұлғалық, кәсіби өсуіне жаңа мүмкіндік ашатынын да айтуда.

Ресейлік аналитикалық компания жақын болашақта еңбек нарығында қажет болатын 15 мамандықты атап көрсетті. Бізге биоинженер, жаңартылған энергия бойынша инженер, «ақылды орта» жобалаушысы, робототехника бойынша маман, киберқауіпсіздік маманы, баламалы энергия бойынша маман, нейропсихолог, биоинформатик, бағдарламашы, инженер-жобалаушы, 3D баспа инженері, гендік инженерия маманы, виртуалды дизайнер және архитектор, биофарма­колог сияқты мамандықтардың қазір бірді-екісінің аты ғана таныс.

Елімізде 2016-2020 жылдары ­жұмыс күші жылына орта ­есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті

«Бұл мамандықтарды фан­тастикалық әлеммен байланыс­тырып жүргендер қателеседі. Өйткені жасанды интеллектің кең таралуы еңбек нарығын тым жылдам өзгертуде. Сондықтан жастар дәстүрлі білім моделінен алыстап, білігі мен машығын жетілдіре беруі тиіс» дейді сарапшылар.

Қазір Қазақстан жоғары оқу орындарының саны бойынша Ұлыбритания, Жапония, Германия сияқты елдерді басып озды. Осы университеттер мен институттарда 300 мыңнан астам бакалавр оқиды. Бірақ ел экономикасында осынша бакалаврға, әсіресе, заңгер, экономист, қаржыгерлерге сұраныс жоқ. Жоғары оқу орындарында 27 пайыз экономис­тер даярланғанмен, еңбек нарығында жұмыс істейтін қаржы саласы мамандары 13 пайыздан аспайды. Керісінше, елімізде техникалық, кәсіптік оқу орындарын бітірген мамандарды қажетсінетін 20 мың жұмыс орны бос тұр. Экономикалық әлеуеті жоғары елдерде мектеп бітірушілердің 80 пайызы жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды. Ал біздің мектеп бітірушілердің 15 пайызы ғана мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдайды. Басым көпшілігі тәуекелге бас тігеді.

Жастарға жұмыс бар ма?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай жұмыс орындарының жеткіліксіз болуына байланысты туындап отыр. 2000 жылдан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Сол балаларымыз ержетіп, қазір еңбек нарығына қосылуда. Сол себепті алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейген.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналас­ты. Оның 225,5 мыңы немесе 34,5 пайызы – ұлттық жобалар аясында, 203,9 мыңы немесе 31 пайызы – Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасы аясында құрылған жұмыс орындары. Ал 224,3 мыңы немесе 34,3 пайызы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналас­ты. Оның 225,5 мыңы – ұлттық жобалар ­аясында, 203,9 мыңы – Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасы ­аясында құрылған жұмыс орындары. Ал 224,3 мыңы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары

Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 67 пайызы қазір 10 пайыз зейнетақы аударым­дарын тұрақты аударып жатыр немесе өздерінің жұмыс істеп жатқанын растап, мәлімет берді.

Жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру Астана қаласы еңбек мобильділігі орталығы мекемесінің басты міндетінің бірі екен.

Бүгінгі таңда Астана қаласының мансап орталығы халықты жұмысқа орналастыру шеңберінде 9 негізгі бағыт бойынша қызмет көрсетеді.

Бұдан бөлек, маңызды бағыттың бірі – кадрларды даярлау және жұмыссыздарды кәсіптік оқыту. Ол 2 бағытта жүзеге асады:

– жұмыс берушілердің өтініші бойынша білім беру ұйымдарында;

– жұмыс берушілердің жұмыс орнында.

Кәсіби оқытудың артық­шы­лығы – 32681 теңге көлемінде төленетін шәкіртақы. Оқытудан кейінгі жалақы 20 АЕК (73840 теңге)көлемінде.

Сондай-ақ орталық халықтың әлеуметтік осал тобына жеке бизнес ашуға грант береді. Мұндай көмек бір рет көрсетіледі.

Жастарға қолдау көрсету тетігінің бірі – несие беру. Шағын несие 21 мен 35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастардың өкілдері қатыса алады.

Астана қаласы еңбек мобильділігі орталығы мекемесінің директоры Олжас Омардың айтуынша, орталық өз құзыретінде жұмыссыздарға жұмысқа орналасуға тек жәрдемдесу қызметін атқарады. Бүгінгі таңда Астана қаласында 3000-нан астам бос жұмыс орны бар.

Кім қанша табады?

Қазіргі жастар мамандықты беделіне емес, қанша ақша беретініне орай таңдайды. Заман сондай, материалдық игілік – бірінші орында. Сосын икемді жұмыс графигі мен орналасқан жері, ұжымдағы игі атмосфера маңызды. Әке-шешесінің айтуымен грантпен оқып, амал жоқ, ұнамаған мамандықтың дипломын алғандар не ма­гистратураға басқа мамандық бойынша тапсырады, не ақылы курстарды оқып алады, не шетел асып, мол табыс табудың жолына түседі.

Қазір фотограф, фотостудияға сұраныс көп. Кәсіби фотоаппаратпен рәсімге түсуді көп адам жөн көреді. Фотостудия үшін 1 сағатқа кемінде 15 мың төлейсіз. Ал фотографтың ақысы 25 мыңдай болады (26 күн жұмыс істеген, күніне екі сағаттан 25 мыңнан жұмыс істегенде, айына кем дегенде 1 млн 300 мың табыс табады екен). Олар көбіне клиентті Instagram, тағы да басқа әлеуметтік желілер арқылы тартады.

SPA-салондағы қызметтің ақысы 25 мыңнан басталады, түрлі массаж, қызметіне орай, бағасы 35-50 мыңға дейін барады (3 сағат). Тай массажы, оil, хамам, пилинг, басқа да процедураларға қолжетімді бағалар мен жеңілдіктер бар. Таиланд шеберлерінің массажы айрықша әсер береді, сондықтан да SPA бағдарламаларының ұмытылмас эмоциясы көп. Массаждың түр-түрі бар. Соған сай ақысы да қымбат. Қазір кең тараған бизнестің бір түрі – осылар.

Елордадағы такси қызметі – табыс табудың ең кең тараған түрі. Жүргізуші куәлігі барлар, ерінбегендер бос уақытында табысқа молынан кенеліп жүр. Оның ішінде көрші елдерден келген өзге ұлттың өкілдері де бар. Бірде таксиге мінсем, көлікте жүргізуші Өзбекстан елінің азаматы екен. Самса сататын өзбектердің қалада Сарайшық көшесінде және Пригородный елді мекенінде (әуежай жақта) самса сататын екі дүңгіршегі бар екен. Тандырға емес, самсаны газ пешке салып пісіреді екен.

«Жаңа жылдың алғашқы айларында сауда аз болады, сосын Яндекспен такси болып, ақша табамын. Әуежай жақтағы жер үйлерден 45 мыңға арзандау пәтерді 5 жігіт жалға аламыз. Екеуміз күндіз жұмыс істесек, үшеу­міз түнгі кезекте ақша табу үшін шығамыз» дейді Хабиболла есімді өзбек жігіті. Үш ай сайын визасын жаңартып, қажет соманы да төлейді.

Бағыт-бағдар береді

Қай мамандыққа қыры барын білмей, таңдауға басы қатып жүргендерге проф­ориентолог көмектеседі. Аты айтып тұрғандай, мұндай мамандар елімізде саусақпен санарлық. Ол оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса, тест алады. Деректерге сүйенсек, кейбір профориентологтардың жеке консультациясы 50 мың теңгеден кем тұрмайды. Олардың айтуынша, болашақта IT мамандар, медицина саласы мамандары, мұғалімдер, архитехтор, үй интерьері дизайнері, сату менеджері, SMM маман, инженерлер мен HR мамандарға сұраныс артады. Ендеше сұраныстағы мамандыққа құжат тапсыру мақсат емес. Сұраныстағы мамандыққа емес, сұраныстағы маман болуға талпыну – мақсат.

Елордадағы еркін экономика аймағы – өнеркәсіп орындарының басын қосқан арнайы аймақ. Басты мақсат – отандық өндірісті дамыту. Ал оны жүзеге асыратын – осындай білікті жас мамандар. Сапалы білім, саналы тәрбие, қайсар мінез – ұрпақ тәрбиесіндегі табысты болудың басты критерийі.

Маман тапшылығы – маңызды мәселе

Еліміз бойынша педагог және дәрігер мамандықтарына сұраныс жылдағыдай жоғары болып қала береді. Жоғары білікті мұғалімдерге деген қажеттілік төмендеген емес. Сондықтан орта мектеп мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарына қойылатын талап бұрынғыдан да күрделене түсті. Педагогикалық жоғары оқу орындары да­йын­даған кадрлар талапқа сай өлшемдерге сай болмаса, бұл университеттің имиджіне де, жалпы білім саласына да әсер ететіні сөзсіз.

– Бүгінгі елорданың білім беру саласында 21 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңнан астам педагог бар. Ұлттық білім беру деректері базасының мәліметінше, бүгінгі таңда педагогтарға деген қажеттілік – 91 адам. Қажеттілік орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия мұғалімдеріне көбірек байқалады, – деді ­Қасымхан Сенғазыұлы қалалық мәслихат отырысында.

Бұған қоса, арнайы білім беру ұйымдарындағы арнайы педагогтарға, мектепке де­йінгі мекеме тәрбиешілеріне де қажеттілік бар. Елордада 2029 жылға дейін 80 мектепті қолданысқа беру көзделуде.

– Бас қалада жыл сайын бала саны 20 мыңға дейін өседі. Жылына 11-сыныпты 10-11 мың бала бітірсе, 1-сыныпқа 28-29 мың бала келеді. 2027 жылы елорда оқушыларының саны 330 мыңнан, ал педагогтарға деген қажеттілік 3 мыңнан асады деген болжам бар, – деді Білім басқармасының басшысы.

Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2018 жылдан бері педагогика мамандықтарына Астана қаласы әкімдігінің гранты бөлінеді.

Болашақ мамандықтар:

биоинженер

«ақылды орта» жобалаушысы

робототехника бойынша маман

робоэтика адвокаты

киберқауіпсіздік маманы

баламалы энергия бойынша маман

нейропсихолог, биоинформатик

бағдарламашы

инженер-жобалаушы

3D баспа инженері

гендік инженерия маманы

виртуалды дизайнер

және архитектор

биофармаколог

 

 

 

 

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button