Әлеумет

Халыққа адал қызмет – абыройлы міндет



23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні. Биыл елімізде кәсіби ­мереке оныншы рет аталып өтеді. Айтулы күннің тарихы Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастау алады. 2002 жылдың 20 желтоқсанында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 23 маусымды БҰҰ-ның мемлекеттік қызметшісі күні деп жариялау қарарын қабылдап, оған мүше әр мемлекетті де осыған байланысты бір күнді белгілеу­ге ­шақыр­ды. Еңбегі терең біліктілікті, үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін маман иелерін мереке қарсаңында сөзге тартып, атқарып жатқан жұмыстары мен мемлекеттік қызмет жайлы ой-пікірін сұрап білдік.

Бибінұр Қожахметова, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті берешектермен жұмыс басқармасы өндіріп алу бөлімінің жетекші маманы:

– Елге қызмет ету – бала арманым. Қызметке орналасуыма әкемнің әскери салада, анамның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі әсер еткен болар деймін. Мемлекеттік қызметке деген ұмтылыс пен ішкі сенімімнің арқасында қызметшілер арасындағы байқаудан оң нәтиже алып, 2022 жылдан бері қызметтемін.

Жас қызметкер ретінде еліміздің гүлденуіне өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Мемлекеттік қызмет – бұл тұрақтылық және болашаққа деген сенім. Мен өз жолымды дұрыс таңдадым деп нақты айта аламын.

 

Дархан Отызбаев, Инвести­циялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің бөлім басшысы:

– Әлем елдерінің даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше екені айдан анық. Адалдық, әділдік, өз жұмысына деген жауапкершілік, азаматтардың сенімін туғызу – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Осы қағидаларды негізге ала отырып, мен жұмысымды мемлекеттік қызметпен байланыстырамын деп әу бастан-ақ шештім.

2015 жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасы инновациялық және инвестициялық дамыту бөлімінің бас маманы ретінде жұмысқа қабылдандым. Әр жылдары осы басқарманың түрлі бөлімінде қызмет атқардым.

Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ешуақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болуы қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.

Біржан Ұзақбай, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Астана қаласы бойынша департаменті медициналық қызметті сертификаттау және лицензиялау бөлімінің басшысы:

– Мен еңбек жолымды квазимемлекеттік секторда – «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында» бастадым. Коммерциялық емес акционерлік қоғамда үш жыл жұмыс істегеннен кейін, менде мемлекеттік қызметкер болу мүмкіндігі туды. Сол кезде мен еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қосқым келді. Нәтижесінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінде жұмыс істеймін.

Мемлекеттік қызметкер – елдің мүддесі үшін өз күшін, уақытын аямай, еңбек ететін тұлға. Жас қызметкер болсам да, елімнің алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре алуына қызмет етіп жүргеніме, өзімнің тамшыдай болсын үлесімді қосып жүргеніме қуанамын. Мен үшін мемлекеттік қызмет, баға жетпес тәжірибеден бөлек, жеке қасиеттерімді дамытуға, ең бастысы жақсылық жасауға итермелейді.

Аслан Төрехан, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Астана қаласы бойынша департаменті статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс басқармасының бас маманы:

– Менің мемлекеттік қызметке келу жолым айтулы кезеңнен, 2021 жылғы «Халық санағынан» басталды. Алғашқы қызметім «Ұлттық санақтарға дайындық және өткізу жөніндегі уәкілі» болды. Одан соң статистика саласымен танысып, мұндағы жұмыстың маңызын түсіндім. 2022 жылы статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс басқармасына жетекші маман болып тағайындалып, өз жұмысыма бар күш-жігерімді салдым. Жемісі ұзақ күттірмеді, қазіргі таңда сол басқармада бас маман болып қызмет атқарамын. Бұл арманыма қарай бір қадам жақын болғанымды білдіреді. Дегенмен де үйренуден, өзімді жетілдіруден жалықпаймын. Бұл өзімді басқаларға үлгі ретінде көрсетуге де септігін тигізеді деген сенімдемін. Себебі мемлекеттік қызметкер тек жұмыс орнында ғана емес, сонымен қатар, қоғам арасында да өзін үлгі ретінде көрсетіп, мемлекеттік қызметтің беделін оң жағынан көрсетуі қажет. Мемлекеттік қызмет – бұл мемлекет пен халық арасындағы қатынасты байланыстырушы көпір.

Оқу бітірген жастарға мемлекеттік қызметті ұсынар едім. Себебі алар тәжірибесі мол қызмет деп білемін. Жан-жақты дамуға мүмкіндік береді, тәртіпке бағынуға, елдің дамуы үшін еңбек етуге бағыттайды. Әсіресе бүгінде мемлекеттік қызметте жастар үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан барша жасты мемлекеттік қызметті таңдауға шақырамын!

Арайлым Кангушекова, Астана қаласы Бас диспетчерлік басқармасы ұйымдастыру-кадрлық және құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы:

– Мен мемлекеттік қызметте 8 жылға жуық еңбек етіп келемін. Жалпы қоғам үшін сапалы қыз­мет көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Кез келген мемлекеттің жетістігі мен гүлденуі мемлекеттік қызметшілердің тиімді және кәсіби жұмыс істеп, қызмет етуіне негізделеді. Халықтың сенімі де мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қыз­метті қаншалықты сапалы көрсететініне қарап нығаяды. Күн өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап та, жүктелетін жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының маңызын сезініп, еліміздің даму жолында өз ізін қалдыруы тиіс деп ойлаймын.


Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button