ЖаңалықтарҚоғам

ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ЗОР МӘРТЕБЕ



Биыл – Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып, егемен еліміздің мерейі тасыған тарихи жыл. Осындай шуаққа толы жылды елордадағы алғашқы оқу орындарының бірі, талай маманды баптап ұшырған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті де ауыз толтырып айтар жақсы­лықтармен аяқтағалы отыр. 

img_9160

Мешін жылы біздің оқу ордамыз үшін жайлы, табысты, тамаша жетістіктерге толы жыл болды. Елімізді өрге сүйреп, дамуына тың серпін беретін келешек мамандардың сапалы білім алуы ұстаз біліктілігі мен оқу орнының ғылыми-техникалық мүмкіндіктеріне ғана емес, сонымен қатар жас түлектердің әлеуметтік жағдайына да байланысты екендігі аян. Осындайда бір данышпанның «сананы тұрмыс билейді» деген қанатты сөзі ойымызға оралады. Сондықтан оқу үде­рісін жақсартумен қатар, студенттердің әлеуметтік жағдайын үнемі назарда ұстау – біздің басты мақсаттарымыздың бірі.
Таяу арада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қол­дауымен университетке 800 орындық жатақхана салынып, пайда­лануға беріл­мекші. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Бізде оқып жатқан түлектердің көбі – алыс ауылдан келген балалар. Әрине, мұнымен барлық студенттерді жа­тақханамен толық қамтимыз деп айта алмаймыз. Дегенмен мүмкіндігіміз келгенше олардың тең жартысын жатақ­ханамен қамтамасыз еттік. Әсіресе, шалғайдан келген балаларды орналастыруға жағдай жасадық. Айналып келгенде, жатақхана проб­лемасы – елордада күн тәртібінен түспеген өзекті мәселелердің бірі. Оны да орнықты шешу үшін бірқатар жобаларды жоспарлап отырмыз.
Сонымен бірге, оқу ордасында студенттерге арналған әлеуметтік дүкен, емхана, дәріхана жұмыс іс­тейді. Оның бағалары да қолжетімді.
Асыра айтты демеңіз, бас қаладағы жоғары оқу орындары арасында біздің университеттің асханаларындағы та­ғамдар бағасы ең төмені саналады.
Біздің мемлекетіміз нарықтық жағ­дайда өмір сүріп отырғандықтан, әлем­дік экономиканың әсері көп. Соңғы жыл­дардағы мұнай бағасының төмендеуі біраз мемлекеттердің дамуына ықпалын тигізді. Біздің еліміз де дағдарыстың алдын алып, экономиканы тұрақты сақтап қалу үшін бірқатар шараларды қолға алды. Соның барлығы қарапайым халыққа оңай тиген жоқ. Сондықтан бүгінгі экономикалық жағдайды ескере отырып, оқу ақысын өсірмей, былтырғы бағамен қалдырдық. Бұл да біздің жастарға жасаған қамқорлығымыз деп ойлаймын.
Биылғы жаз мезгілінде Мемлекет бас­шысының тапсырмасы мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен университетке Есілдің сол жағалауынан 120 пә­терлі үш қызметтік жатақхана салынып, пайдалануға берілді. Біз оны халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен және ака­демиялық ұтқырлықпен шетелде оқып келген жас ғалымдарға, ғылыми жобалары бар магистранттар мен докторанттарға бердік. Бұл құрылыс нысанын соңғы 30 жылда университет игілігі үшін салынған бірден-бір ғимарат деуге болады.
Сондай-ақ, университет қол қусырып отырмай, уақыт талабына сай жаңашыл жұмыстарды қолға алды. Мәселен, былтырдан бастап елорда жанынан 1200 гектар жер алып, студенттер үшін арнайы тәжірибелік шаруашылық ұйымдас­тыр­­дық. Оған түрлі ауылшаруа­шылық дақылдарын: картоп, арпа, бидай, сұлы ектік. Алғашқы өнім жаман болған жоқ. Университет әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға көмек ретінде бір­неше тонна картопты тегін таратты. Біз үшін бұл да үлкен жетістік. Алдағы жылы ет, көкөніс өнімдерінің түрлерін арттыру ойымызда бар. Бұл кампусты болашақта заманауи техникалармен қамтамасыз етеміз. Әрі ғылым жолында жүрген мамандар сол жерде өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Әрине, мұнымен біз бәрін тындырып тастадық деп айта алмаймыз. Әлі ойымызда жүрген мақсат та, міндет те көп.
Өз басым Астана қалалық мәслиха­тының екі мәрте сайланған депутаты ретінде елорда тұрғындарымен жиі кездесемін. Олардың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайларына шамам жеткенше қолдау көрсетіп келемін. Әсіресе, жұртшылықты тұрмыстық-шаруашылық мәселелері көбірек мазалайды. Тұрғындар көтерген бірқатар проблемалар да оң шешілді.
Түйіндеп айтқанда, билікте отырған азамат үшін халықтың қызметшісі болудан артық мәртебе жоқ. Елмен бірге көрген жақсылықтың қайырымы да мол болады. Дауылпаз ақын, дарынды қайраткер Сәкен атамыздың есімін ие­ленген оқу ордасының биылғы жылы жеткен жетістіктері ынтымағы жарасқан ұжымға тың күш, соны серпін, жаңа ізденістер сыйлады деп ойлаймын. Алдағы таңда да осы үрдістен танбай, ілгерілей берейік дегім келеді.

А.Күрішбаев,
С.Сейфуллин атындағы
Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Астана қаласы мәслихатының депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button